• Ср. Окт 22nd, 2025
Популярные метки

Еңбекші ауданында мешіт имамдарымен өрт қауіпсіздігі бойынша дөңгелек үстел өтті

Автор:admin

Окт 11, 2025

Қауіпсіздік талаптарын сақтау – әрбір нысан үшін маңызды, ал адамдар көп шоғырланатын діни орындарда бұл талаптардың маңызы еселене түседі. Осыған байланысты Еңбекші ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы аудан аумағында орналасқан мешіттердің бас имамдары мен діни қызметкерлерінің қатысуымен «Өрт қауіпсіздігін сақтау» тақырыбында дөңгелек үстел форматында түсіндіру жұмыстарын өткізді.

Іс-шараның мақсаты – мешіттерде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, имамдардың қауіпсіздік мәдениеті туралы білімін арттыру және төтенше жағдайлар туындауының алдын алу. Жиынға Еңбекші ауданына қарасты бірнеше мешіттің бас имамдары қатысты.
Кездесу барысында ТЖБ қызметкерлері мешіттерде жиі кездесетін қауіптер мен олардың алдын алу жолдарына ерекше назар аударды. Атап айтқанда:
— электр сымдарының ескіруі немесе дұрыс қолданылмауы,
— жылыту маусымында қолданылатын пештер мен электр құралдарының қауіпсіздігі,
— ашық отты пайдалану кезінде жіберілетін қателіктер,
— төтенше жағдай болған кездегі жедел іс-әрекет алгоритмі сынды тақырыптар талқыланды.
Дөңгелек үстел аясында келесі мәселелерге ерекше көңіл бөлінді:
— Мешіт ғимараттарында өрт қауіпсіздігін сақтау ережелері – оның ішінде электр жүйелерінің техникалық жағдайы, құжаттама жүргізу, өртке қарсы құрал-жабдықтардың болуы мен дұрыс орналасуы.
— Өрт туындаған жағдайда алғашқы іс-қимылдар – жамағатты эвакуациялау, өрт сөндіру құралдарын пайдалану, өрт сөндіру қызметіне жедел хабарлау жолдары.
— Қоғамдық орындарда (соның ішінде мешіттерде) адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша имамдардың жауапкершілігі.
— Жазбаша ұсыным хаттарды беру арқылы әр мешіттің материалдық-техникалық жағдайына сәйкес қауіпсіздік бойынша нақты шаралар ұсынылды.
ТЖБ мамандары өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірумен қатар, мешіт қызметкерлеріне арналған ақпараттық жадынамалар мен көрнекі материалдарды табыстады. Бұл материалдар имамдарға қауіпсіздік талаптарын күнделікті қызмет барысында ескеріп отыруға көмектеседі.
Сонымен қатар, кездесуде дін қызметкерлеріне жамағат арасында да қауіпсіздікке қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды. Себебі, мешіттер – тек құлшылық орны ғана емес, сонымен бірге, қоғаммен тығыз байланыс орнататын рухани орталықтар. Сондықтан, имамдардың тұрғындарға өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттер туралы үгіт-насихат жүргізуі аса маңызды.
Еңбекші ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы осындай форматтағы кездесулерді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Бұл шаралар аудандағы өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, тұрғындардың және діни мекемелердің төтенше жағдайларға дайындығын нығайтуға бағытталған.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *