Шымкент қаласы, Еңбекші ауданында орналасқан жеке тұрғын үйлердің бірінде ер адам әйелімен сөзге келіп, жанжалдасып қалады. Отбасылық келіспеушіліктің салдарынан әйелі мен үш баласын үйінен қуып шыққан. Күйеуінен зәбір көрген 35 жастағы ана қайда барарын білместен полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін көрсетілген мекенжайға №38 УПП-нің учаскелік полиция инспекторы мен Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері Ж.Тасқұлова мен А.Төребай арнайы барып, жағдайдың жай-жапсарымен танысты.
Нәтижесінде, 38 жастағы ер азаматтың үстінен қорғау нұсқамасы толтырылып, 30 тәулікке есепке алынды.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматшаға құқықтық және психологиялық қолдау көрсету мақсатында балаларымен бірге уақытша пана ретінде «Көмек» дағдарыс орталығына орналастырды.
Айта кетейік, Шымкент қаласы жастар ресурстық орталығының төрт бөлімшесі 14-29 жас аралығындағы жастарға психологиялық көмек беруге дайын. Жеке қабылдаудан өтуге болады.
Алдыңғы жылы Шымкентте дағдарыс орталықтарынан «Психологиялық салон» ашылған еді. Салондағы психологтар отбасындағы зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын жақсартуға, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілікті жоюға көмектеседі. Тұрмыстық түйткілдердің түйінін тарқатуға тырысқандар көкейдегі көп сұраққа психологиялық салоннан жауап табуда.
Осы жобаның авторы – Қазақстан Кәсіби психологтар лигасының мүшесі, «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Лимана Қойшиева.
Жалпы отбасында кездесетін зорлық-зомбылықтың 4 түрі бар:
— Физикалық (ұру, соғу, күш көрсету);
— Сексуалдық (еріксіз жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу);
— Моральдық (психологиялық қысым көрсету, намысқа тию, балағаттау);
— Материалдық (қаржылық қысым көрсету, банк картасын алып қою, несие алдыру, мүлкін иемдену).
Еске салар болсақ, Шымкент қаласындағы политехикалық колледжд студенттері арасында «Жас көшбасшылар» атты семинар-тренинг өткен болатын. Психологиялық тренингті Жастар ресурстық орталығының психология бөлімінің басшысы Айгүл Шынтөреева, тәжірибелі психолог Марал Жұмагелді жүргізген еді.
Семинардың мақсаты – жастардың бойындағы көшбасшылық қабілетін дамыту, көпшілік алдында еркін сөйлеуді үйрету, дейді ұйымдастырушылар.
– Өзіңді өзгерпей, өзгені өзгерту мүмкін емес. Қоғаммен араласпай, көпшілік ортада қорқатын адамдарға психологтың көмегі керек-ақ. Бүгінгі кездесуде осы тақырыпта кеңестер айтатын боламыз. Бұдан бөлек, жауапкершілік алуға қатысты білімге қазіргі жастар бей-жай қарайтыны байқалады. Осы тақырып төңірегінде жұмыс жасауымыз керек,-деді тәжірибелі психолог Марал Жұмагелді.
Семинар барысында жастар кәсіби мамандармен ашық форматта тілдесіп, сұрақ-жауап өрбіді.