• Сб. Ноя 22nd, 2025
Популярные метки

«ЕСКІ ПЛАСТИНКА» АҒА БУЫННЫҢ ЖАНЫН ЖАДЫРАТТЫ

Автор:admin

Окт 6, 2025

Шымкент қаласының Орталық саябағында Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық славян этномәдени бірлестігінің бастамасымен ерекше форматтағы мәдени іс-шара – «Ескі пластинка» атты ретро-концерт өтті. Кеш аясында шырқалған танымал әндер мен ұмытылмас әуендер саябаққа жиналған қауымды өткен ғасырдың тамаша кезеңіне саяхат жасатқандай әсер қалдырды.
Іс-шараның басты мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың жастық шағымен байланысты музыкалық туындылар арқылы жақсылыққа толы естеліктерді жаңғырту. Сонымен қатар, бұл концерт – ұрпақтар сабақтастығын насихаттап, жастар мен аға буын арасындағы рухани байланысты тереңдетуге бағытталған ерекше мәдени диалог алаңы болды.
Мерекелік кешке арнайы қатысқан Шымкент қаласы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұлов сахна төрінен сөз сөйлеп, жиналған қауымды айтулы кешпен құттықтады. Ол өз сөзінде ұлағатты ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен арнайы құттықтап, «қоғамдағы достық пен өзара сенім – бейбітшілік пен келісімнің берік іргетасы» екенін атап өтті. Мұндай мәдени іс-шаралар – түрлі этнос өкілдерінің арасында түсіністік пен сыйластықты нығайтуға сеп болатын маңызды құрал екенін де тілге тиек етті.
Кеш барысында шымкенттіктердің сүйікті орындаушылары – «Южный город» тобы, сондай-ақ талантты әншілер Людмила Наумова, Алексей Скибин, Нұрлан Жұбаниязов, Разия Гареева, Светлана Артёмова, София Карпец, Светлана Рашидова өз өнерлерін ортаға салды. Олар орындаған әндер тыңдарманның жүрегіне жол тауып, әр орындау кезінде саябақты жылы естеліктер мен қошеметке толтырды.
Кештің шарықтау шегі ретінде көпшілік назарына еліміздегі танымал әрі жоғары бағаланатын «Фонограф» ретро-тобының өнері ұсынылды. Бұл топ музыканы тек орындап қана қоймай, оның әр нотасына жан бітіріп, сахнада ерекше энергия таратты. Көпшілік назарына ұсынылған композициялар 70-80-жылдардағы әйгілі хиттерді қамтыды. Әндердің барлығы кәсіби деңгейде орындалып, тыңдарман қауымға музыкалық ләззат пен ностальгия сыйлады.
Концертке қатысқан көрермендер – негізінен аға буын мен отбасылар – іс-шарадан ерекше әсермен тарқасты. Көпшілік бұл кешті нағыз рухани демалыс, ескі күндердің жылы естелігі ретінде бағалап, осындай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуын тіледі.
«Ескі пластинка» концерті – бұл тек ән кеші ғана емес, ұрпақтар арасындағы алтын көпір, мәдениет пен тарихқа деген құрмет, қоғамдық келісімді нығайтатын мәні зор шара. Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының мұндай жобалары этностар арасындағы бейбіт қарым-қатынасты нығайтып, мәдени әртүрлілік пен татулықты насихаттауға бағытталған.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *