Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп атау туралы бастама көтерген болатын. Ондағы басты мақсат – ерікті қызметке жастарды тарта отырып, қоғамда белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыру болатын. Жолдауда аталып өткендей азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін мойындауымыз керек. Бүгінде күн санап оған көзіміз жетіп келеді.
Ерікті дегеніміз кім? Ол – әрбір жастың, әрбір азаматтың өзінің жеке жан қалауымен осы қоғамға кішкене болса да қосатын үлесі. Бұл – жастардың бойында азаматтық позицияны, потриоттық сезімді оятатын бағыттардың бірі. Ерікті болу арқылы біз жастарды осы қоғамға бейімдеп, келешекте өзінің отанына, қоғамдағы әлеуметтік жағдайларға бей-жай қарамай оған өзіндік үлесін қосуға шақыратын бірден-бір платформа деп айтсақ болады. Жалпы дүние жүзінде еріктілердің әрекеті кең тараған. Дерек бойынша олар әлемдік қозғалысқа, белсенді топқа айналған. Мәліметтерге сәйкес, бүгінде әлем бойынша 1 млрд-қа жуық адам ерікті болып табылады екен. Ал Қазақстанда 16 мың адам төңірегінде көрінеді. Алдағы уақытта еріктілердің санын одан да көбейту басты мақсат болып отыр. Өйткені олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. Мәселен әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5 проценті – еріктілер еңбегінің нәтижесі екен. Бірқатар елдерде ерікті болу қалыптасқан жағдай және олар қоғам тарапынан үлкен құрметке ие. Себебі жұрт оларды ерекше сыйлайды, құрметтейді.
Осы орайда атап өтер жайт, мемлекет басшысы «Еріктілер жылы» қазақстандықтар адамдарға шын ниетімен көмектесіп, оны науқанға айналдырмау қажеттігін айтқан болатын. Бүгінде әлемдік пандемияға айналған коронавирус індеті кезінде де еріктілердің игілігін айтарлықтай көріп жатырмыз. Оған дәлел Байсын ауылындағы Абай Дүкенбай мен Нұрбол Жүнісов бастаған ерікті жастардың ел ішіндегі үлгілі істері. Қос азаматтың бірі мектепте мұғалім болса, енді бірі РУ-6 мекемесінде оператор болып жұмыс істейді. Қолы қалт етсе егде тартқан кісілердің үйін әктеп, сырлау, мешітті тазалау сынды жұмыстарға да белсене араласады. Тарқатып айтар болсақ, әлемдік пандемия кезінде ауыл тұрғындарына азық-түлік тасып, түскен қаржыны жалғызбасты қарт, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға тарқатып берді. Ауыл халқының алғысына бөленген ерікті жастар жайлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ергешбай Бекпенбетов «Байсын ауылында жаңалықтар жетерлік. Ел іші көркейіп, газ кіріп, жол жөнделіп, көптеген жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімі Қ.Мүбараковтың қолдауымен одан әрі ауызбіршілік танытып, игілікті істі жалғастырып жүрген жас та болса іскер ауыл әкімі мен ауыл жастарына дән ризамыз. Қайырымды іс жасау ең әуелі адамгершілік деген асыл қасиеттен бастау алатыны рас. Жастардың «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бірлесе жұмыс жасауы ауылдың одан әрі гүлденуіне септігін тигізеді деп ойлаймын» – деп түйіндеді.
Расында, қозғаушы күш жастарда. Олар біріксе ауылдың ахуалы алға жылжып, ісі де оңынан домаламақ. Олай болса еріктілер жылындағы ерікті жастардың ісі ескерусіз қалмасын деген оймен біршама істі газет бетінде көрсетуге біз де тырысып бақтық.
R-ақпарат