Егемендіктің алғашқы жылдары кезінде үрдіс алған демографиялық дағдарыстың ең ауыр нәтижесі – Қазақстан халқы 1989-1999 жылдар аралығында 1,5 млн-нан астам адамға, яғни 8,2% азайды, халық саны азаюы 2002 жылға (қоса есептегенде) созылып, 2003 жылдан бастап аз да болса өсе бастады. 2007 жылдың басында 15 млн 394 мыңнан аз ғана асты. Бұл жағдайдың негізгі себебі тек 1991-1999 жж. арасында сыртқа кеткен көші-қон нәтижесінде Республика халқы 1 млн 854 мыңнан астам адамға кеміді. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы халқының жалпы саны әлі де 1989 ж. деңгейіне (16,5 млн) жете қойған жоқ. Сыртқа кеткендердің басым көпшілігі өз тарихи отандарына қайта оралғандар еді, олардың ішінде тек 1993-1998 жж. – 1 млн астам шығыс славяндар (орыс, украин, беларус), 400 мыңға жуық немістер болды. Қазақстанның тұрақты әрі жақсы дамуы оның тәуелсіздігің алғышарттарын орындауында. Бұл көші-қон толқындары Қазақстан халқының ұлттық құрамына күшті әсер етіп, олардың үлестік ара салмағын күрделі түрде өзгертіп жіберді. Қазақтар 1939-1989 жылдардан кейін, алғашқы рет 1999 ж. өз Отанында көпшілікке айналып, 53,4 пайызға жетті, бұрын басым болған орыстардың үлесі 30,0%-ға тоқтап, төмендей түсті. 2007 ж. басында Қазақстан халқының ұлттық құрамы төмендегідей болды: қазақтар 9,1 млн-нан асып, үлесі 58,6%-ға жетті (1989 ж. – 6 млн 496,8 мың, яғни 40,1%, ал 1999 ж. – 7 млн 985 мың, яғни 53,4%); орыстар – 3 млн 945,1 мың – 25,6% (1989 ж. – 6 млн 062 мың – 37,4%, 1999 ж. – 4 млн 479,6 мың – 29,9%), украиндар – 440,5 мың – 2,86% (1989 ж. – 875,6 мың – 5,4%, 1999 ж. – 547,0 мың – 3,6%); өзбектер – 439,6 мың – 2,85% (1989 ж. – 2,0%, 1999 ж. 370,6 мың – 2,48%), ұйғырлар – 233,2 мың – 1,5% (1989 ж. – 181,5 мың – 1,1%, 1999 ж. – 210,3 мың – 1,4%); немістер – 222,3 мың – 1,4% (1989 ж. – 946,8 мың – 5,8%, 1999 ж. – 353,4 мың – 2,3%). Осы 1989-2007 жж. арасында Республика халқы құрамында қазақтардың үлесі 18,5%-ға өссе, орыстардың үлесі – 11,8%, украиндардың – 2,6%, немістердің – 4,4%-ға төмендеді. Енді, яғни қазіргі жағдайда және болашақта Республика халқының өсіп-өнуі, яғни табиғи өсімі мен көші-қон сияқты оның негізгі екі қайнар бұлағы еліміздің 60% құрайтын қазақ ұлтының демографиялық қасиеттері мен олардың даму үрдісіне байланысты болып отыр. Дәлірек айтқанда, қазақтардың табиғи өсімі мен көші-қоны Республика халқының демографиялық сипатын анықтайтын жағдайға қолымыз жетті.
R-ақпарат