Қазіргі үрдістер жалғаса беретін болса, болашақта біздің елдің демографиялық бет-бейнесі күрделі өзгереді. Сондай-ақ, жақын болашақта демографияға төнетін қатерлер бар. Мамандардың айтуынша, алдағы жылдары Қазақстандағы туу көрсеткіштері төмендей бастайды. Қазақстан Республикасы статистика агенттігің төрағасы Әлихан Смайылов 2015 жылдан бастап Қазақстандағы бала туу саны төмендей бастайтыны туралы болжам жасады. Оны қазірдің өзінде анық байқауға болады. Алғашқы екі айда туу көрсеткіші не бары 0,8%-ға өсті. Оның айтуынша, оның себебі 90-жылдардағы демографиялық дағдарыс кезіндегі дүниеге келген балалардың репродуктивті жасқа түсуі. Ол кезде бала саны аз туылған болатын. Осы орайда, Қазақстан үкіметі бала тууды ынталандыратын шараларды қолға алғаны жөн болады. Сонымен қатар, шетелдегі қазақтарды көшіріп алып келу қарқынын үдету орынды болатын еді. Соңғы кездері жастар арасында жанұя құндылықтарының төмендеуі де демографияға әсер ететіні анық. Біріккен ұлттар ұйымының классификациясы бойынша елдің қартаю дәрежесін көрсетудің жолдары анықталған. Ол бойынша 65 және одан жоғарғы жастағы адамдардың үлесі 4 пайыз немесе одан аз болса ол халық жас, 4-7 пайыз болса қартаюдың алдындағы халық, 7 пайыз және одан артық болса қартайған халық болып саналады. Қазақстандағы бұл көрсеткіш 6,6% деңгейінде. ҚР статистика агенттігінің болжамына сүйенсек, 7 пайыздық межеге біз 2017 жылы жетуіміз мүмкін. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 7,4 пайыз болады. Басқа елдермен салыстыратын болсақ, бұл көрсеткіш Германияда – 24%, Ұлыбританияда – 20%, Украинада – 18%, АҚШ-та – 16%, Ресейде – 15%. Әрине біздегі көрсеткіш жоғарыда көрсетілген мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Дегенмен экономиканың дамуы халықтың орташа өмір сүру жасының көтерілуіне әсер етіп отыр. Осының арқасында бұл процесс өзінің қарқынын ала бастаған секілді. Жалпы, демография мен мемлекет дамуының арасындағы байланысты байқауға болады. Демографиялық жағдай елге оң немесе кері әсерін тигізе алады. Қазіргі таңда біздің шығыс көршіміз Қытай экономика көлемі бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орынға жайғасты. Көптеген мамандардың пайымдауынша, оның қарқынды дамуына әсер еткен факторлардың бірі – халық саны. Соңғы деректерге сүйенсек, ҚХР халқы 1,3 млрд. болып отыр. Батыстағы және Азиядағы дамыған елдердегі жұмыс күшінің қымбаттауы ондағы ірі компаниялардың арзан және сапалы еңбек ресурстарын іздеуге мәжбүрледі. Осы орайда, халық саны бойынша бірінші орын алатын Қытай мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, инвестициялардың келуіне тиімді жағдайлар жасады. Әлемнің әйгілі компаниялары өзінің зауыттарын аспан асты елінде сала бастады. Осылайша олар «әлемнің фабрикасына» айналды. Бұл ҚХР-дың дамуына үлкен бір серпіліс берді. Қазіргі таңда Қытай экспорт көлемі жөнінен әлем бойынша бірінші орында. Бұрын Қытай әлемдік компаниялар үшін тек тауарды өндіріп, сосын оны басқа мемлекеттерге экспорттайтын ел ретінде пайдаланылса, қазір жағдай өзгеріп жатыр. Халықтың әл-ауқаты жақсарған сайын шетелдік өндіріушілер тікелей Қытайдың ішкі сұранысына бейімделе бастады. Әрине, қытайлардың сатып алу мүмкіндігі дамыған елдердің тұрғындарынан төмен болғанмен, ондағы халықтың көптігі шешуші рөл ойнауда. Жылдан-жылға дамып келе жатқан экономика сатып алу мүмкіндігін күшейтіп, оларды одан әрі ірі тұтынушыға айналдыруда. Мысалы, автокөлік нарығы бойынша Қытай бірінші орынға шығып отыр. Осы кезекте шетелдік автокөлік брендтері өздерінің зауыттарын Қытайда салуға мүдделік танытуда. Соның арқасында Қытай көлік өндіруден де әлемде бірінші орынға шықты. Сондай-ақ, басқа салаларда да тұтыну көлемінің ұлғаюы аспан асты елінің нарығын басқалар үшін бәсекелестік алаңына айналдырды. Қытайға ұқсас мысалды Үндістан, Индонезия, Бразилия, Мексика, Түркия секілді елдерден көруге болады. Олардың бәрі адами ресурстарға бай.
R-ақпарат