Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазгидромет» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан облысы бойынша филиалы 2025 жылғы 18 шілдеде №16 ҚҚ хатына сәйкес Шымкент қаласы бойынша дауылды ескерту жариялады.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты 2025 жылғы 19 шілде күні Шымкент қаласы аумағында оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысатын желдің соғуы күтіледі. Желдің жылдамдығы тәуліктің бірінші жартысында 15-20 м/с дейін күшейіп, ашық аумақтарда шаңды дауыл туындауы мүмкін. Сонымен қатар, күндізгі уақытта ауа температурасы +41°С дейін көтеріліп, қатты ыстық күтіледі. Бұл – адам денсаулығына және табиғи ортаға қауіп төндіретін деңгейдегі аптап ыстық.
Қазіргі жағдайларда төменгі ылғалдылықпен қатар жоғары температура мен күшті желдің үйлесуі — төтенше өрт қаупін тудыруы мүмкін. Сол себепті Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аумағында өрт қауіпсіздігінің ең жоғары – V класы белгіленіп отыр.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті төмендегі сақтық шараларын қатаң ұстануды ескертеді:
Жеке қауіпсіздік шаралары:
— Ауа райының аптап кезінде ашық күн астында ұзақ болмауға тырысыңыз.
— Қажет болмаса күндізгі уақытта сыртқа шықпаңыз, әсіресе егде жастағы адамдар мен балаларға қатысты сақ болыңыз.
— Мүмкіндігінше салқын жерлерде болуға тырысыңыз, жеңіл киім киіп, жеткілікті мөлшерде су ішіңіз.
— Ағзаның қызып кету белгілерін (бас айналу, жүрек айну, әлсіздік) байқаған жағдайда көлеңкеге немесе салқын жерге өтуді және дәрігерге жүгінуді ұмытпаңыз.
Өрт қауіпсіздігі ережелері:
— Ашық алаңдарда, орман алқаптарында, саябақтарда от жағуға және отты абайсыз пайдалануға қатаң тыйым салынады.
— Автокөліктерден темекі тұқылын немесе жанғыш материалдарды тастауға болмайды.
— Құрғақ шөп пен қоқысты жағу — өте қауіпті, әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
— Жеке үй маңындағы аумақтарда, әсіресе қоқыс тастайтын және шөп шөптелетін орындарда өртке қарсы арақашықтық сақталғанына көз жеткізіңіз.
Желге байланысты қауіпсіздік шаралары:
— Жылдамдығы жоғары жел кезінде ағаштардың астында тұрмауға, жарнамалық қалқандар мен электр сымдары маңынан өтпеуге кеңес беріледі.
— Барлық терезе, есіктерді жауып, мүмкіндігінше ғимарат ішінде болу қажет.
— Құрылыс нысандарындағы жеңіл заттарды бекітіп қою керек.
Кез келген төтенше жағдай орын алған жағдайда бірден 112 нөміріне хабарласыңыз.
Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарын ауа райы болжамдарын мұқият бақылап, төтенше жағдайлар қызметінің ресми хабарламаларын ескеруге шақырамыз. Ауа райының күрт өзгеруіне бей-жай қарамаңыз – сақтық шараларын сақтау сіздің және жақындарыңыздың өмірін сақтап қалуы мүмкін.
