Қазақстанда әр саладағы әйелдердің үлесін арттыру үшін мемлекет тарапынан үлкен жұмыстар атқарылуда. Оған дәлел – мемлекет тарапынан қабылданған “2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат” Онда, еліміздің нәзік жандыларына көмек көрсетіп, қолдау шаралары жан-жақты қарастырылған.
Алайда бұл мәселеде біз ойлауға тиіс бір маңызды ұғым бар. Ол біздің ұлттық салт-дәстүріміз. Демек, отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жайлы сөз болғанда біздің ұлттық менталитетіміз де назардан тыс қалмау керек.
Жалпы, біздің халқымызда қыз баланың үй тазалығын сақтауға, әулет бірлігі мен ошақ бүтіндігін сақтауға үйреткен.
Ал, тарихтағы ерлігі үлгі болған аналардың ісі бүгінгі қоғамдағы нәзік жандыларға да үлгі болуы тиіс. Демек, Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жайлы айтқанда осындай бай тарихымыздан да бей-жай қалмауға назар аудару керек.
Ал, біздің ұғымымыздағы қазақ әйелінің мінезі мен тұлғасы қандай? Ол ең әуелі ер-азаматының абыройлы болуына жәрдемдесіп, бала тәрбиесі мен олардың жарқын болашақтары үшін дұрыс тәрбие бере білген. Ең әуелі ер-азаматының абыройын ойлайтын себебі – егер жолдасы отбасында үлгілі, абыройлы болса, оны көрген балалары да сол секілді болмақ. Демек, қай ортада болса да ер-азаматтың сыйлы болуы, ол отбасының ұлы мен қызының тәрбиелі, дұрыс, толық отбасы болуына тікелей ықпал етпек. Ал, отбасындағы осы қарапайым құндылық пен дәстүрлер ұлттық идеологияның бастауы деуге болады.
Біз бүгінгі қоғамда отбасы туралы әйелдер теңдігі туралы айтқанда халқымыздың осы бір аяулы қасиеттері туралы айтпай кете алмаймыз. Сондықтан да халқымызда әйел адамның орны мен маңызы туралы көптеген нақыл сөздер қалған. Өйткені ұрпақ және ұлттың болашағы нәзік жандылардың іс-әрекетіне байланысты екеніне талай мысалдар келтіруге болады. Қашанда ара ағайынның татулығын ойлап, балаларын ел намысын қорғайтын намысты азамат етіп тәрбиелеу-кешегі аналардан жалғасқан із.
Осындай еш маңызын жоймайтын ұлттық құндылықтарымыз бүгінгі кезең тұрғысынан да үлкен мәнге ие болуы қажет-ақ. Сонау бабаларымыздан бері желісін үзбей жалғасып келе жатқан осы бір құндылық қашан да өз маңызын жоймайды. Демек, бұл сол кезеңнен қалыптасқан ұлттық ұстаным. Оны бүгінгі қоғам талабына сай, жаңарта білсек нұр үстіне нұр болмақ.
R-ақпарат