Гендер мәселесіне жан-жақты қарау қажет. Гендерлік саясат дегеніміз, әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу болып табылады. Елбасымыздың жарлығы бойынша ерлер мен әйелдерді қоғамның барлық саласында теңестіру қарастырылып отыр. Демек, ерлер мәселесі де назардан тыс қалмайды.
Гендер (ағылш. gender) – қоғамдағы адамның жүріс-тұрысын анықтайтын әлеуметтік жыныс. Гендер биологиялық айырмашылыққа емес, қоғамның әлеуметтік ұйымына бағынышты ерлер мен әйелдер қызметінің теңдігін белгілейді. Гендерлік саясат әйелдерге тең қол жетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі қажет.
Отбасының тізгіні ер адамға жауапкершілік ретінде жүктеледі. Еркектер әйелдерге пана, қамқор, басқарушы. Сол басқарушылықты дөрекілікке, қамқорлықты жалқаулыққа айналдырмаса дейсің. Өйткені, елімізде әйел адамның бәрі бірдей өз құқын біліп, қорғай бермейді. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болатыны да сол себептен. Ең бастысы әйел адамның туа бітісі нәзік жан екенін ұмытпауымыз керек. Қазақстанда демографиялық өсімді қамтамасыз етуде әйелдердің үлесіне баға жетпейді, себебі, балалардың туылуы, олардың тәрбиесі нәзік әйелдердің мойнында.
Гендерлік саясатты дамыту, әйел мен еркектің теңдігі мәселелерін жолға қою ісі айналып келгенде әйелдерді «еркектерден қай жерің кем» деп елірте беру емес. Бұлай түсіну қисынсыз. Кейбір әйел заты қиындыққа шыдамай, еркекше шылым шегіп, шарап ішіп, өмірін өксітіп жатады. Бұл әрине біздін қазаққа жат қылық. Бірақ, гендерлік саясат стратегиясынан отбасындағы тепе-теңдік пен үйлесімділік, яғни гармония жоғалмайды. Ал, үйлесім таппағандар тек өзіне өкпелеуге тиіс.
Олай болса, қазақтың есті әйелінің бейнесі қашан да мынадай. Ол — «бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді». Гендірлік саясат-қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. Әйел құқығы – ол адам құқығы. Гендірлік тендік әйелдердің әлеуметтік, экономикалық, мәдени, азаматтық және саяси мәртебесін белгілейді. Алайда, бұл әйелдің «шауып келе жатқан атты да тоқтатады, жанып жатқан үйге де енеді» дегенді білдірмейді, ең алдымен, ол – бүгінгі күні ескірген түсінікті өзгертетін және ерлермен тең дәрежеде өз мақсаттарына лайықты қол жеткізуші адамзаттың тамаша жартылысы. Гендірлік саясаттың негізгі қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген әйелдер мен ерлердің тең құқығы мен еркіндігін айқындайды.
R-ақпарат