• Вс. Сен 7th, 2025
Популярные метки

ГАЗДЫҢ ШЫҒУ ҚАУПІН АНЫҚТАЙТЫН ЗАМАНАУИ МОБИЛЬДІ ЗЕРТХАНА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Автор:admin

Авг 8, 2025

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков газ инфрақұрылымындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған жаңа технологиялармен жабдықталған заманауи мобильді зертхананың жұмысымен танысты. Бұл зертхана – табиғи газдың шығу қаупін қашықтықтан анықтауға арналған арнайы лазерлік жүйелермен жабдықталған, жоғары технологиялы жылжымалы кешен. Зертхана ДЛС-АВТО («Пергам») маркасымен танымал және халықаралық стандарттарға сай жасақталған.
Шара барысында қала әкімі мобильді зертхананың жұмыс істеу принциптерімен егжей-тегжейлі танысып, оның артықшылықтарын атап өтті. Атап айтқанда, бұл жүйе 60 метрге дейінгі қашықтықта метан газының шығуын нақты анықтай алады, яғни мамандарға жер қазбай, ешқандай физикалық байланыс орнатпай-ақ, газ таралу қаупі бар аймақтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Мобильді зертхана жер асты инженерлік желілерінде болатын ықтимал ақауларды контактсыз, яғни тікелей байланыссыз диагностикалауға қабілетті. Бұл өз кезегінде төтенше жағдайлардың алдын алуға, ықтимал апаттардың зардаптарын азайтуға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Мысалы, жол төсемесінің астында пайда болған газ жиналу ошақтарын ерте кезеңде байқап, дер кезінде тиісті шара қабылдауға жағдай жасайды. Мұндай мүмкіндіктер қалалық коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
Айта кету керек, бұл озық үлгідегі технология республика көлемінде алғаш рет Шымкент қаласында қолданысқа енгізіліп отыр. Бұл — мегаполистің техникалық және инженерлік жүйелерін жаңғырту бағытындағы маңызды бастамалардың бірі. Жаңа мобильді зертхана қаланың газдандырылған аудандарында қауіпсіздік стандарттарын арттырумен қатар, экологиялық жағдайды бақылауға да септігін тигізеді. Себебі газдың ауаға таралу деңгейін нақты анықтау арқылы қоршаған ортаға келетін залалды азайтуға болады.
Шымкент қаласы еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан ірі мегаполистердің бірі болғандықтан, оның инфрақұрылымдық қауіпсіздігі мен инженерлік жүйелерінің заманауи талаптарға сай болуы – басты назарда. Осы тұрғыда енгізіліп отырған жаңа мобильді зертхана – қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты дәлелі.
Қала басшысы бұл жобаның болашақта өз тиімділігін дәлелдеп, өзге аймақтарда да қолдануға ұсынылатын үлгіге айналатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, осындай технологиялардың көмегімен Шымкент қаласында газ желілерін үнемі бақылап, тұрғындарға қауіпсіз әрі үздіксіз қызмет көрсету жолға қойылатынын атап өтті.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *