• Пт. Дек 19th, 2025
Популярные метки

БӘЙДІБЕК: АҚБАСТАУ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Автор:admin

Дек 18, 2025

Бәйдібек ауданына қарасты Ақбастау ауылдық округінің Ақбастау елді мекенінде ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан – заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа спорт нысанының ашылуы ауыл өміріне серпін беріп, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі болды.

Салтанатты іс-шараны аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев ашып, жиналған жұртшылықты жаңа спорт кешенінің іске қосылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының халық арасында бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортқа тарту және салауатты өмір салтын орнықтыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Бәйдібек ауданында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Аудан көлемінде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізген ол, жаңа кешеннің ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты.

Бақыт Қырғызалиев жаңа спорт кешені түрлі спорттық жарыстарды өткізуге, ауыл балалары мен жастарының спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасайтынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, мұндай нысандар жастардың бойында тәртіп, табандылық, жеңіске деген ұмтылыс пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, спорт кешені ауылдан шыққан болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге негіз болатынын атап өтті.

Салтанатты жиынға арнайы қатысқан Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Алмас Мұхаддасұлы Нақыпбеков те ауыл тұрғындарын жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады. Ол облыс көлемінде спорт саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың маңыздылығына тоқталып, Ақбастау ауылында ашылған кешен өңірдегі спорттық инфрақұрылымды нығайтуға өз үлесін қосатынын айтты. Мұндай нысандардың салынуы жастарды спортқа баулып қана қоймай, ауылдық жерлерде салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Жаңа спорт кешенінің құрылысын жүзеге асырған мердігер мекеме – «Trendim KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың тамыз айында басталып, белгіленген мерзімде сапалы түрде аяқталған. Кешен заманауи талаптарға сай салынған, спортпен шұғылдануға қажетті барлық жағдайлар қарастырылған. Мұнда түрлі спорт түрлерімен айналысуға, жаттығу өткізуге және аудандық, ауылдық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік бар.

Бүгінде Бәйдібек ауданында спорт саласы қарқынды дамып келеді. Аудан аумағында барлығы 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 ашық спорт алаңы бар. Бұл көрсеткіштер аудан тұрғындарының спортпен жүйелі айналысуына кең мүмкіндік жасап отыр.

Аудан спортшылары да жыл сайын түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Ағымдағы жылы тоғызқұмалақ, волейбол және еркін күрес спорт түрлерінен Бәйдібек ауданының спортшылары жүлделі орындарға ие болып, өңір намысын абыроймен қорғады. Бұл жетістіктер спорт инфрақұрылымын дамыту мен жас спортшыларды қолдаудың нақты нәтижесі екенін көрсетеді.

Ақбастау елді мекенінде ашылған жаңа спорт кешені ауыл жастары үшін тек жаттығу орны ғана емес, бос уақытты тиімді өткізетін, бір-бірімен тәжірибе алмасатын, спорт арқылы достық пен бірлікті нығайтатын ортаға айналмақ. Мұндай нысандар ауылдық жерлердегі әлеуметтік өмірдің жандануына, жастардың теріс әдеттерден аулақ болып, пайдалы іспен айналысуына оң әсер етеді.

Жаңа спорт кешенінің іске қосылуы Бәйдібек ауданында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалардың жалғасы болып табылады. Ауыл тұрғындары да спорт нысанының ашылуына ризашылықтарын білдіріп, ендігі кезекте балалар мен жастардың спортқа деген қызығушылығы артып, ауылдан жаңа таланттар шығатынына сенім білдірді. Бұл бастама Ақбастау елді мекенінің қоғамдық өмірінде маңызды орын алып, ауылдың дамуына өз үлесін қоса бермек.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *