• Ср. Окт 1st, 2025
Популярные метки

БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА ЕҢБЕК САЯСАТЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

Автор:admin

Сен 12, 2025

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Бәйдібек ауданына келіп, аудан активімен еңбек саласына қатысты маңызды жиын өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – өңірде еңбек саясатын дамытудың жаңа бағыттарын айқындап, «Еңбек адамы» бейнесін дәріптеу, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, жұмыспен қамту және көші-қон, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін жан-жақты талқылау болды.

Жиында облыс басшысы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына кеңінен тоқталып, ауылдық округ әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау, жастарды еңбексүйгіштікке баулу, жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы тұрақты жұмыс орындарын құру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

– Қазіргі таңда еңбек нарығы жылдам өзгеруде. Бізге кәсіби білікті мамандар қажет. Әрбір ауылдық округ еңбек адамының бейнесін насихаттап, жастарды жұмысшы мамандықтарына баулуы тиіс. Бұл – тек ауданның ғана емес, тұтас елдің болашағына қажет, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасының» орындалу барысы да талқыланды. Бұл бағдарлама аясында әр отбасының табысын көбейту, еңбек өнімділігін арттыру, халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелері қарастырылуда. Сонымен қатар, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізудің маңызы түсіндіріліп, аудан тұрғындары арасында қаржылық сауаттылықты арттыру қажеттігі айтылды.

Жиында еңбек қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Жаңа өндіріс орындары ашылған жағдайда жұмысшылардың қауіпсіз еңбек етуіне жағдай жасау, өндірістік жарақаттардың алдын алу, әлеуметтік қорғау шараларын күшейту бағытында нақты міндеттер қойылды. Әкімнің айтуынша, әрбір жұмыс беруші қызметкерлердің құқықтарын сақтауға, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге міндетті.

Сонымен бірге, еңбек миграциясын реттеу, жастарды ауыл ішінде жұмыспен қамту, шалғай елді мекендерде шағын кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі де сөз болды. Бұл бағытта аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп жаңа жобаларды жүзеге асыруы тиіс.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев өз баяндамасында еңбек саласына қатысты нақты мәліметтер келтіріп, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол аудан бойынша жұмыспен қамту көрсеткіштері біртіндеп жақсарып келе жатқанын, алайда кәсіби мамандар тапшылығы сезілетінін атап өтті.

Кездесуге қатысқан басқарма басшылары мен ауылдық округ әкімдері өз ұсыныстарын білдірді. Әсіресе, мектеп бітіруші түлектерді кәсіптік-техникалық білімге тарту, дуалды оқыту жүйесін дамыту, өндірістік тәжірибелерді көбейту мәселелері көтерілді.

Облыс басшысы жиынды қорытындылай келе, еңбек саясаты қағаз жүзінде емес, нақты нәтижелермен өлшенуі тиіс екенін баса айтты. Ол әрбір ауылдық округ әкімдеріне халықпен тікелей жұмыс жасап, еңбекке баулу, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік қолдауды күшейту бойынша жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.

– Бәйдібек ауданында еңбекке құрметпен қарауды қалыптастыру – басты міндет. «Еңбек адамының» бейнесін дәріптеу арқылы жастарға үлгі көрсету қажет. Біздің болашағымыз – еңбекқор, білікті мамандардың қолында. Сондықтан әр ауыл еңбекке баулу орталығына айналуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.

Осылайша, Бәйдібек ауданында еңбек саясатын дамытудың жаңа кезеңі басталды. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, әлеуметтік сала мен туризм бағыттары еңбек өнімділігін арттыруға, халықты жұмыспен қамтуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет ететін болады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *