• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Бүгінгі қыз – ертеңгі ана.

Автор:admin

Сен 19, 2022
Spread the love

Бала­ның тағдыры анаға тікелей байланысты. Соңғы кезде жаңа ғана туған баласын сәбилер үйінің алдында қалдырыпты, күл-қоқыстың арасына тастап кетіпті деген ақпараттарды көп естиміз. Көңіліміз құлазиды. Өзі туған сәбиін керексіз бір зат сияқты лақтырып кету үшін қандай адам болу керек? Баласын тастап кеткен әйелді де, сондай жағдайға душар еткен еркекті де ақтап алу мүмкін емес. Статистикаға сүйенсек, бүгінде балалар үйіндегі 7200-ден астам сәбилердің 696-сының ата-аналары құқығынан бас тартқандар, 436-сы тастанды балалар екен. Ал 3400-інің ата-аналары құқықтарынан айырылғандар. Яғни балалар үйін­дегі бар баланың 63%-ның әке-шеше­сі тірі деген сөз. Бұл адам тау­қы­­меті ғана емес, нағыз қоғам тау­қы­­меті деп айтуға болады.

Отбасылық саясатты қалып­тас­тыруда атқарылатын шаруалар әлі көп. Отбасылық құндылықтарды насихаттау және көп балалы отбасыларды ынталандыру бағытындағы жәрдемақы түрлерін әр кезеңнің талабына сай жетілдіріп отыру маңыз­ды мәселе. Мысалы, бес бала немесе бес баладан көп баланы дүниеге әкелген аналарға айлық еңбекақы тағайындау арқылы олардың ең­бек өтілін сақтап қалу мүмкіндігін қарастыру маңызды шаралардың бірі болар еді. Бұл өз кезегінде қоғам­да көп балалы отбасы болудың беде­лін бекемдеп, абыройын арттырары хақ. Аталмыш жәрдемақы түрінің әлеуметтік маңызын да ешкім жоққа шығара қоймас. Себебі бала тәрбиесімен айналысудан қиын, әрі маңызды, пайдалы әрі құнды еңбек бар ма?

…Бір отырыста төрде отырған абыз ақсақалдың «дінімізден айы­ры­­лып, тілімізді ұмытып, ұлт ретін­де жойылып бара жатқанда бізді аман алып қалған қазақы кең пейі­лі­міз бен ақ дастарқанымыз» деген ұлағатты әңгімесін естіп едім. Түсін­ген адамға астары терең, маз­мұны мәнді сөз. Рас, кейінгі бір-екі ғасырдың төңірегінде қазақ қоға­мы жантүршігерлік зұлматты за­ман­дарды басынан өткерді. Мың өл­дік, мың тірілдік… Елімізді алып бәйтерекке теңеуіміз тегіннен-тегін емес. Замана дауылы сын тезі­не салғанда сол бәйтеректің белі бүгіл­ді, бұтасы үгілді, жапырағы төгіл­ді. Бірақ діңгегі құламай дін аман қалды. Себебі оның тамыры тереңге бойлаған. Тамыр дегені­ңіз – ол біздің өткеніміз, тарих бой­ғы тәжірибе құнарын ұлт бойына дары­тып, сол алып бәйтеректің діңге­гін нықтап, бұтасын көгертіп, жапы­рағын жайқалтатын жалғыз күш.

Бірде, көп балалы аналармен болған кездесуде, жасы 80-ге таяған, өзін 12 перзенттің анасымын деп таныстырған бір әже: «Қарақтарым! Тәуелсіздік бізге тәңірдің берген үлкен бақыты. Біз, шалымыз екеу­міз, осы тәуелсіздікке қалай үлес қос­сақ екен деп көп ойланамыз. Үлкен кәсіпкер емеспіз қаржылай қоса салатын, үлкен қызметкер емес­піз, жай ғана зейнеткерміз. Бірақ тереңінен ойласақ біздің әлі де қосатын еңбегіміз көп екен. Бірін­ші­ден, біз балаларымызға дұрыс тәрбие беруіміз керек екен. Әр үй­дің баласы тәрбиелі болса, қоғам тәр­биелі болады. Екіншіден, өз үйі­мізді таза ұстауымыз керек екен. Әр үйдің іші, есігінің алды таза болса, ауылымыз, еліміз таза болады. Үшіншіден, өз көршімізбен тату тұруымыз керек екен. Әр көрші тату болса, еліміз ынтымақта болады. Әрбір отбасы осы үш қағиданы дұрыс ұстанса біздің тәуелсіздігіміз баянды, мемлекетіміз мықты болары сөзсіз», дегені есімде. Бұл қарапайым ғана, ауылдағы «Батыр ананың» сөзі. Ұлы сөз. Осыдан артық айту да мүмкін емес сияқты.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика