Түркістан облысы, Ордабасы аудандық білім бөліміне қарасты Бейсенбай Кенжебаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында аудандық тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. Семинардың басты мақсаты – жас жеткіншектердің санасына ішімдік, темекі және есірткі заттарының адам өміріне тигізетін зиянын түсіндіру, салауатты өмір салтын насихаттау және жеке жауапкершілікті сезіндіру болды. «Бір қателік – бүкіл өмірге дақ» тақырыбымен өткізілген шара оқушылардың өмірде жіберілетін қателіктердің салдарын түсінуіне, маңызды шешім қабылдауда байыптылыққа және өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үйретуді көздеді.
Семинарды мектеп директоры П.Сапарова ашып, ұстаздарға сәттілік тіледі. Оған қоса, аудандық білім бөлімінің әдіскері Г.Досқара, Бөген ауыл округінің әкімі Д.Сәдуақас, «Әкелер мектебінің» төрағасы Ғ.Төбелбай және «Қамқоршылық кеңесінің» төрағасы Ж.Қашқын қатысты. Психологтар, сынып жетекшілер және мектеп мейірбикелері оқушылардың тәрбие және білім сапасын арттыруға өз үлестерін қосты.
Іс-шара барысында қолөнер көрмесі, шахмат ойыны, сурет көрмесі ұйымдастырылып, өнерлі оқушылардың концерттік бағдарламасы қойылды. Бұл көрсетілімдер жас жеткіншектердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және сабаққа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Педагог-психологтар Р.Сансызбаева мен Н.Сейітбекова «Таза сана – жарқын болашақ» тақырыбында тренинг өткізіп, оқушылардың өзін-өзі басқару және дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамытуға арналған жаттығулар жүргізді. Мектеп медбикелері П.Сабырхан мен У.Мейірманова «Улы өмірдің тұзағы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырып, зиянды әдеттердің адам ағзасына тигізетін теріс әсерін нақты мысалдармен түсіндірді.
Химия пәнінің мұғалімдері М.Куанышбекова мен Э.Сайлаубекова «Есірткіге жол жоқ» тақырыбында ақпараттық дөңгелек үстел өткізіп, ғылыми деректер мен статистикалық мәліметтер арқылы оқушылардың ой-өрісін кеңейтті. Ұлдар ұйымының жетекшілері Т.Садық, Н.Бахардан және О.Жүсіп «Салауатты өмір – жарқын болашақ» тақырыбында спорттық сайыс ұйымдастырып, оқушыларды физикалық белсенділікке баулыды.
Дебат клубының жетекшісі С.Елемес «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында пікірсайыс өткізді, оқушыларды сыни ойлауға және дәлелді пікір білдіруге үйретті. Мектеп кітапханашылары Г.Рай, Р.Есбатыр және Ж.Спандияр «Жоқ дей біл! Бақытты өмір сенен басталады» тақырыбында танымдық кеш өткізіп, оқушылардың білімін кеңейтті.
Семинарға қатысқан педагогтер мен мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, сабақ өткен ұстаздарға кәсіби бағаларын берді. Қорытындысында қатысушылар жас жеткіншектердің бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, зиянды әдеттерден аулақ болуға, салауатты өмір салтын ұстануға ықпал ететін іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, «Бір қателік – бүкіл өмірге дақ» тақырыбындағы аудандық семинар жас жеткіншектерді салауатты өмірге тәрбиелеуге, дұрыс шешім қабылдауға үйретуге бағытталған маңызды іс-шара болып, педагогикалық ұжым мен оқушылардың арасындағы тәжірибе алмасу алаңына айналды.
