2025 жылғы 19 қарашада Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, «Мұхаметқұл Исламқұлов атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-де «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында қыз балалардың тәрбиесіне арналған іс-шара өткізілді. Іс-шара Ордабасы ауданы білім бөлімінің 04.11.2025 жылғы шығыс N 41-09/2135 санды хатына сәйкес, «Даналық мектебі» іс-шаралар жоспары негізінде ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – қыз балалардың бойына ұлттық салт-дәстүр мен тәрбиелік құндылықтарды сіңіру, өмірлік дағдыларын қалыптастыру, жеке және қоғамдық өмірдегі жауапкершіліктерін түсіндіру, қауіпті әрекеттерден сақтандыру және моральдық-рухани тәрбие беру.
Кездесуге мектеп директоры Жанар Ақылбекова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ұлтусын Құлбекқызы, аудандық отбасыны қолдау орталығының маманы Баймаханова Гүлсім Өмірханқызы, АПБ полиция аға лейтенанты Айбек Абишев, «MEDICAL CENTER SHUBARSU» емханасының акушері Роза Тураева, ата-аналар комитетінің төрайымы Сәуле Абдраймова, Ордабасы ауданының құрметті азаматы, аудандық әжелер кеңесінің белді мүшесі Құндыз Абдикадырова, «Қазақ аналары дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әбілдаева Ұлбосын Сартайқызы және мектеп оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында арнайы қонақтар қыз балаларға құқық бұзушылық пен буллингтен аулақ болудың, тиым салынған әрекеттерге бармаудың маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ, ерте жүктіліктің қауіптілігі, оның алдын алу жолдары, өз-өзіне және айналасына деген жауапкершілік мәселелері қарастырылды. Қонақтар ар ұят пен ұлттық құндылыққа негізделген ақыл-кеңестерін айтып, моральдық және рухани тәрбие элементтерін жеткізді.
«Әжелер мектебі» мен «Жеңгелер мектебі» өкілдері ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып құндылықтарын дәріптеп, қыз балаларға өмірлік тәжірибе мен даналық сабақтарын ұсынды. Бұл әрекеттер оқушылардың бойында қоғамдық жауапкершілік, адамгершілік қасиеттер мен ұлттық сана қалыптастыруға ықпал етті.
Кездесуге қатысқан өнерпаз оқушылар ұлттық би мен ән орындап, ана туралы поэзиялық шығармалар оқып, көрермендерді рухани байытты. Мұндай көріністер балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өзін-өзі танытуға және топ алдында сенімділік танытуға мүмкіндік берді.
Педагогтер мен әдіскерлер қыз балалардың бойында жеке жауапкершілік, дұрыс таңдау жасау, ұлттық құндылықтарды сақтау және өзіне және өзгелерге құрмет көрсету дағдыларын қалыптастыруға ерекше назар аударды. Сонымен қатар, отбасы мен мектеп арасындағы байланыс нығайып, ата-аналар мен қоғам өкілдері өз тәжірибесін бөлісті.
Ордабасы ауданында өткізілген бұл іс-шара қыз балалардың рухани дамуына, өз құқықтары мен жауапкершілігін түсінуіне, қоғамдағы дұрыс әрекеттерді қалыптастыруға ерекше ықпал етті. Болашақта мектеп ұжымы ұлттық құндылықтар мен моральдық тәрбиені қалыптастыру бағытындағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруға ниетті.
«Білім ұясында қыз тәрбиесіне жауапты» тақырыбындағы тәрбие іс-шарасы оқушылардың бойына ұлттық мәдениет пен әдеп-ғұрыпқа деген құрмет, моральдық және әлеуметтік жауапкершілік, өзіне және өзгелерге қамқорлық қасиеттерін сіңірудің маңызды үлгісі болып табылады. Бұл іс-шара жас ұрпақтың болашақ қоғамға жауапты азамат болып қалыптасуына тың серпін береді.
