• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

«БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ» ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Автор:admin

Ноя 26, 2022
Spread the love

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығының ұйымдастыруымен жұмыссыз жүрген азаматтар және «Теңізшевройл» ЖШС-нің қысқартылған азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге 30 мекеме қатысып, жалпы 162 мекемеден 1400-ден аса бос жұмыс орындары ұсынылды. Мәселен, «Оңтүстік» экономикалық аймағында орналасқан «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасының өкілдері 11 мамандық түрі бойынша азаматтарға тұрақты жұмыс түрін ұсынды.
— «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасы 18-35 жас аралығындағы азаматтарды тоқымашы оператор, дизайнер, программист, станок жөнінен механик мамандарын жұмысқа шақырады. Мекеме тарапынан тасымалдау қызметі және түскі ас қарастырылған. Айлық жалақысы 100-220 мың аралығында», — дейді кадр бөлімінің жетекшісі Фатима Мизанбайқызы.
Жұмыс беруші мекемелер және жұмыс іздеушілер арасында байланыс орнатуды көздейтін іс-шара барысында мемлекеттік қолдау шаралары да түсіндірілді. Атап айтсақ, жастар тәжірибесінен өту, әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарға қатысу, өз кәсібін ашуда мемлекет тарапынан берілетін грант бойынша, аз қамтылған отбасыға берілетін атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңестер берілді.
Еске салар болсақ, қала күніне орай «Арбат» алаңында жұмыссыз азаматтарға арналған «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен еді. Аталған іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысқан болатын.
Жәрмеңкеде Шымкент қаласындағы 100-ге жуық жұмыс беруші мекемелер қатысып, 5000-нан аса жуық медициналық, техникалық және педагогикалық мамандықтары бойынша тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары ұсынылды. Атап айтқанда, «Арт-құрылыс», «Каз Транс Аймақ», «Halyk Bank» АҚ, «Magnum Cash Carry», «Назар Текстиль» және т.б қаладағы арнаулы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар мен мектеп, бала-бақшалар.
– Әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарлама қабылданып жатыр. Қазіргі кез келген мемлекеттің әлеуетін көрсететін, бәсекеге қабілеттілігін танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі – сол елдегі әлеуметтік жағынан, сонымен бірге жұмыспен қамтылған халықтың үлесі. Бүгінгі қала тұрғындарына арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жұмыс іздеп жүрген азаматтардың санын азайтып, жұмыссыздарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін бірден-бір мүмкіндік.-деді қала әкімі.
Шара барысында қала тұрғындарына, халықтың осал топтарына да 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберіндегі «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Күміс жас» және т.б. уақытша жұмыс орындары ұсынылды.Сондай-ақ, жұмыс іздеушілерге қызмет көрсету бұрыштары орнатылып, онда жас мамандарға түйіндеме толтыру, психологиялық көмек, және өзге мәселелер бойынша кеңес берілді. Сонымен қатар, Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша әр өңірдің өкілдері қала азаматтарын ақпараттандырды.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика