• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Балалы үй – базар Бала күтімі жайында не білеміз?

Автор:admin

Сен 29, 2022
Spread the love

«Балалы үй – базар» дейді халқымыз. Бала – әр отбасының сәні мен қызығы және өмірінің жалғасы. Перзентінің кез келген қылығы мен әрекеті ата-ананың шаршағанын басып, көңіліне жылулық ұялатады. Шаңырақты нұрға бөлейтін әрі ерлі-зайыптылардың арасындағы махаббатың беки түсуіне мұрындық болатын бала тәрбиесі жайында Жамал Байжанованың «Қызым, саған айтам…» атты кітабын негізге ала отырып, әңгімелейтін боламыз.
Адамзаттың бәрі де анадан туып, соның бауырында өсіп ержетеді. «Сүтпен кірген сүйекпен бірге кетеді» дейді халқымыз. Бұл адамға алғашқы тіршілік әрекетінің алуан түрлі тәрбиесінің бәрі анасынан ауысатынын және сол анадан алған тәрбиенің балада өмір бақи сақталып, тұрақты әдетке айналатынын көрсетеді. Жарық дүниеге жаңа келген нәресте алғашқы рет анасының емшегінен ауызданып нәр алады, алғашқы сөзді анасынан үйренеді, алғашқы әуезді әуенді де анасының әлдиінен естиді. Жалпы айналадағы дүниенің бәрімен де нәресте ең алдымен анасы арқылы танысады. Жасында жақсы тәрбие алған бала жақсы азамат болып өседі, ал тәрбиесі нашар балада кемістік көп болады.
Демек, баланы туып, оны тәрбиелеп адам қатарына қосатын әйел-ананың өмірде атқаратын рөлі аса зор. Жас нәресті дұрыстап бағып, оны ауру-сырқауға шалдықтырмай, шымыр да ширақ етіп өсіру, жас жеткіншектерді әдепті де білімді, дәуіріміздің талабына сай азамат етіп шығару ата-ананың қасиетті борышы екенін жас аналар мен жас әкелер естен шығармағаны жөн. Бұл кітаптың негізгі мақсаты – бой күту, әдеп сақтау, үй ұстау, бала тәрбиелеуде, тағы басқа жағдайларда қыз-келіншектерге көмектесу болғандықтан төменде бала тәрбиелеу жөніндегі кейбір мәселелерге тоқталып өтпекшіміз.
Бөбегіңді күте біл. Бірінші баланың бойға бітуінің өзі анаға үлкен куаныш. Құрсағындағы нәресте 5-6 айлық болып, қимылдай бастағаннан кейін анасы соның жарық дүниеге келуін қуана да толғана күтеді. Сонымен қабат, ол жас нәрестесін дұрыс тәрбиелеп, аман-сау өсіруге дайындық жасайды. Жас ана бірінші баласын күтуде өзінің енесінен, шешесінен, тағы басқа үлкен кісілерден кеңес сұрап, солардың тәжірибесінен үйренумен қатар, бала тәрбиесі туралы жазылған әдебиеттерді оқып, дәрігерлермен ақылдасуы қажет.
Жас балаға көптеген жаялық, жөргек, көйлек-көншек, төсек-орын керек екені белгілі. Соларды, мүмкіндігі болса, алдын ала әзірлеп қойған дұрыс. Жас нәрестеге кигізетін көйлек, жылы кеудеше көйлек, жаялық-жөргек дегендерді магазиннен дайын күйінде сатып алуға немесе жұмсақ матадан қолдан тігуге де болады. 5-6 айлық болғаннан кейін бала үнемі құндақтаулы жата бермейді. Оны бір мезгіл қолға ұстап отыруға, орап отырғызып қоюға немесе жұмсақ төсеніштің үстіне құндақсыз жатқызып қоюға да болады. Мұндай кезінде баланың кеудесіне жылы болуы үшін өзіне шақтап көкірекше (қапет) тігіп кигізген жақсы. Ал жаялық пен жөргекті ақ зонттан да, фланельден де жасау керек. Баланы орап жатқызуға арналған фланель жөргегі, далаға шығарып серуендеткенде сыртынан орайтын жұқа және қалың одеялдары, көрпесі болсын.
R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика