Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кірген 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айта келе, жаңа кірген Барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялады, деп мәлімдеді Ақорда. Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін, бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керек»деп қадап айтты президент. Осы орайда Түркістан облысында жасалып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Алдымен білім саласына тоқталып өтсек…
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп атап көрсетті. Осы орайда киелі шаһарда жас ұрпақтың санасына мейірімділік, сүйіспеншілік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыратын шара өтті. Облыстық Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен қолға алынған гі шара шаһардағы Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды. Қайырымдылық шарасында ҚХА жанындағы Түркістан облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова бастаған аналар қауымы балаларға жүрекжарды тілегін арнады.
– «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген даналық сөз бар. Халықаралық балаларды қорғау күні – бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың құқығын қорғап, қамқор болуға үндейтін күн. Бүлдіршіндердің жүзінен күлкі көру – біз үшін ерекше бақыт. Осы мақсатта игі бастаманы қолдап, бірқатар азаматтар бүгін салтанатты шараға қатысып, өз үлестерін қосты. Әр сәбиге бақытты балалық шақ тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, бейбіт заманда өмір сүре берейік, – деді Г.Тоққұлова.
Мерекелік концертте әуезді ән шырқалып, мектеп оқушылары өз өнерлерін көрсетті. Шара соңында балалар алғыстарын айтып, ерекше көңіл күйде тарқасты. Жалпы бұл өңірінде талантты балғындар жетерлік. Олардың өнері күй талғамайды. Жас екшемейді. Атап айтар болсақ, Түркістан төрінде «Жұлдызай» жұлдыздары жаррқырады. Балаларды қорғау күні мерекесінде алғаш рет Түркістан қаласында шымылдығын түрген инклюзивті балалар шығармашылығы фестивалі алдағы жылдарда да өз жалғасын табатын болады. . Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған еліміздегі жалғыз өнер додасы, әрі қайырымдылық фестивалінің гала-концертіне 200-ге жуық бала қатысты. Ерекше әрі өнерлі балаларға қолдау көрсетуге Түркістан облысының экс-әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, жас жұлдыздарды құттықтады.
– Барлық жақсы бастама киелі Түркістанда басталу керек деп ойлаймын. Осы фестивальді жыл сайын Түркістанда өткізсе, мен қолдар едім. Мұндай іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге толық мүмкіндігіміз бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Алматыда Балаларды қорғау күніне арналған іс-шараға қатысып, мемлекет үшін, қоғам үшін балалардың қуанышынан, бақытынан, балардан артық ештеңе жоқ екенін айтты. Біз барлық игі істі балалар үшін жасаймыз. Жаңа ғана бірінші қойылымын көріп, ерекше әсер алдым. Балалар би өнерін керемет меңгерген. Есту қабілеті шектеулі екенін көп адам білмей де қалды. Өте жақсы өнер көрсетіп жатыр. Үлкен рахмет. Әрбір баланың шығармашылығы бізге қуаныш сыйлайды деп ойлаймын. Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын, – деді Өмірзақ Шөкеев.
«Конгресс холл» кешенінің сахнасында лауреаттар өзара және қазақстандық эстрада жұлдыздарымен жұптасып, шығармашылық нөмірлер ұйымдастырды. Гала-концертке Мәдина Сәдуақасова, Тамара Асар, C.Tay, Азат Әбілдаев, Әлинұр Хамзин, Рухия Байдукенова, Қарақат Башанова, «FM» тобы, «Hassak», Qali, «Бастау» тобы, Beibarys және Rise&Abudi сияқты эстрада жұлдыздары қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерлі балалар мен қонақтар Түркістанның ғажайып сәулетіне тамсанып, тарихи шаһар дами берсін деген тілектерін жеткізді.
Биыл 17-рет ұйымдастырылған «Жұлдызай» фестивалінің гала-концертінде ерекше күтімді қажет ететін балалар би билеп, ән шырқады. Музыкалық аспапта ойнады. Бұл концерт ерекше балалардың шығармашылығы арқылы өнердің шекарасы жоқ екенін дәлелдеді. Жұртшылыққа таланттардың ерекше әлемін көрсету миссиясын орындады. Жобаның бас серіктесі – «BI Group» холдингі, ал ақпараттық серіктесі – «Хабар» телеарнасы. Фестиваль 17 жыл бойы демеушілердің қайырымдылық қаражатына және серіктестердің қолдауымен өткізіліп келеді.
Жалпы түркістандық балғындар басқа жақтағылар сияқты әр қырынан танылған. Ән десең ән, би десең би, күй десең күйде тартып береді. Мәселен, түркістанда бір мезетте 1500 оқушы күй тартты. Киелі қңір аспанын Құрманғазының «Балбы¬ра¬уын» күйі тербетті. Өнерлі балғындар «Dombyra Party» флеш-мобы аясында әр ауданнан жиналды. Халық көп шоғырланған шарада, шалқыған күй арқылы қазақтың төл аспабын насихаттап, ұлттық өнерді паш ету мұраты тұр.
«Балалар жылы» аясында өткізілетін «TURAN-BALAFEST» онкүндігі аясында,ы мерейлі сәт «Керуен сарай» көпсалалы кешенінде байрақ көтерді. Бұл жерде республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқаулары жеңімпаздарының да мерейі үстем болды. Қазақстан эстрада жұлдыздары, «Заман» тобы, әнші Айдар Байжанов, Түркістан облысының талантты оқушылары оларға арнап өз өнерлерін көрсетті. Балаларға тегін балмұздақ пен тәттілер таратылды.
Сондай- ақ мерекеге орай «DRONE CHALLENGE» және «ROBO FEST» көрмесі ұйымдастырылып, жас қылқалам шеберлерінің салған таңдаулы суреттері насихатталды.
Жалпы домбыра өнерінің кең қанат жаюына әр ауданда өткізілетін домбыра сыйлау үрдісі сеп болып жатқандай. Атап айтар болсақ, Түлкібаста түлектер мен депутаттар білім ұяларына 40 домбыра сыйлады. Бұл акция «Мектепке домбыра сыйла» деп аталады. Ұлтымыздың ұлттық аспабын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен іс шара аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Оған аудан әкімі Нұрлан Байғұт, мәслихат хатшысы Сәдуахас Сейсенбаев, мәслихат депутаттары мен осы мектептен түлеп ұшқан түлектер қатысып, акцияға өз үлестерін қосты.
Маңызды шараның мектеп оқушыларының домбыраға деген құмарлығын оятып, ұлттық өнерді меңгеруіне ықпал етері сөзсіз. Осы ретте Тұрар Рысқұлов мектебіне 40 домбыра сыйға тартылды.
Мерекелік жиында мәслихат депутаттары және басқа да қонақтар ыстық лебіздерін білдіріп, Т.Рысқұлов мектебінің директоры Е.Мақашев игі шараны эстафета ретіне Б.Момышұлы мектебіне тапсырды.
Мұндай акция Сауранда да өтті. «Балалар жылы» аясын қамтыған шара былтырдан бері жалғасып жатыр. Түлкібас ауданынан бастау алған болатын.
Ұлттық өнерді ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына дәстүрлі өнерді сіңдіре отырып, ұлттың қамын ойлайтын ұрпақ тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шараға Сауран ауданының әкімі Ғани Құрмашұлы қатысып, өзінің тілегін білдірді.
Ауданда өткен «Мектепке домбыра сыйлау» акциясында Сауран ауданының әкімі Ғани Құрмашұлы бастаған ауданның бөлім басшылары, мектеп директорлары мен пән мұғалімдері, кәсіпкерлер мен ата-аналар демеушілік етіп №13 жалпы орта мектебіне домбыра сыйлады.
Шара барысында ұйымдастырушылар қазақ пен домбыра – егіз ұғым екендігін, күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт бергендігін, домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазына екендігін түсіндірді. Жиын соңында мектеп оқушылары әсем ән орындап, би билеп концерттік бағдарламаға ұласты.
Осы орайда айта кетерлігі облысымызда, Түркістан қаласында балалар үшін тек Балаларды қорғау жылы емес, барлық кезде де тиісті жағдай жасалып, қолдау білдіріліп тұрады. Бұған ең алдымен балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың оң жолға қойылғанын айтуға болады. Мәселен, бір ғана Түлкібастың өзінен 1700 оқушы жазғы лагерлерде тегін демалды. Балаларды қорғау күніне орай Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты барлық ауылдық округ, кенттерде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай Жаскешу ауылына қарасты С.Сейфулин мектебінің алаңында өтіп, мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагері ашылды. Оған Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт, ардагер ұстаздар мен ата-аналар қатысып, оқушыларды төл мерекелерімен құттықтады.
– Бала – адам өмірінің жалғасы, артында із қалдыратын ұрпағы. Тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы. Осы ретте қазақ даласының әр баласына білім мен өнегелі тәрбие беруге бірігіп атсалысуымыз қажет, – деді аудан басшысы.
Мерекелік іс-шара барысында келген қонақтарға балалардың өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдары мен суреттерінің көрмесі қойылып, «Жас құтқарушы», «Жас турист» бұрыштары ұсынылды. Эстафета ойындарына ұласты.
Айта кетейік, биыл Түлкібас ауданында аз қамтамасыз етілген отбасын шыққан және қамқорлықтағы 1700-ден астам оқушы қала сыртындағы лагерлерде 100 пайыз тегін демалатын болады. Бұдан бөлек 9 мыңға жуық оқушы мектеп жанындағы лагерлермен қамтылса, 4 мыңнан астам оқушыны кәсіпорын ұйымдары, мекеме басшылары, демеушілер және ата-аналар есебінен аудан, облыс, республика көлемінде орналасқан сауықтыру орындарына жіберу жоспарланып отыр.
Айта кетерлік жәйт, биылғы жылы ауданымызда 1737 аз қамтамасыз етілген отбасындағы және қамқорлықтағы оқушылар 100 пайыз тегін қала сыртындағы лагерлерде сауықтырылатын болады. Бұдан бөлек 9 мыңға жуық оқушы мектеп жанындағы лагерлермен қамтылса, 4 мыңнан астам оқушыны кәсіпорын ұйымдары, мекеме басшылары, демеушілер және ата-аналар есебінен аудан, облыс, республика көлемінде орналасқан сауықтыру орындарында демалды.
Мұнан бөлек, облыста балалар қауіпсіздігі де басты назарда. Түркістан облысында 943 мектептің 563 камерасы Жедел басқару орталықтарына қосылды. Бұл жалпы мектептердің 60%-ын құрайды. Жоспар бойынша техникалық мүмкіндігі бар жалпы 750-ге жуық мектепті жедел басқару орталықтарына шығару жоспарланып отыр.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасымен барлық білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камераларын полиция органдарының жедел басқару орталығына шығару тапсырмасы түскен болатын.
Қолға алынып қана қоймай жетілдіріліп жатқан тағы бір жақсы жаңалық бар. Биыл жақын елдімекендерде оқушыларды автобуспен тасымалдауға басымдық беру қолға алынбақшы. 2023-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 89 мектеп салынады. Ол білім ұяларында 72 мыңға жуық оқушы білім алады. Бүгінде өңірде білім ұяларының жобалары, жер телімдері, құжаттарын әзірлеу жұмысы басталуда. Бұл туралы әкім аппаратында айтылды.
– Мектеп салу – бюджетке үлкен салмақ. Сондықтан білім ұяларын салудың логикалық мәні болуы тиіс. Былтыр республика бойынша салынған мектептердің төрттен бірі бізде салынды. Ендігі кезекте жақын ауылдарды сараптап, жақын елді мекендерде оқушыларды автобуспен тасымалдауға басымдық беру керек. 10-15 шақырым жерден балаларды тасымалдаған жөн. Жалпы облыс бойынша оқушылар тасымалына 100 автобус бөлінеді. Екіншіден, инвесторлар есебінен жеке меншіктегі мектептерді көбейткен абзал, – деді оған қатысушылар.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Д.Болатханұлының мәлімдеуінше, облыста 2023 жылы – 2, 2024 жылы – 31, 2025 жылы – 56 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ең көп мектеп қажеттілігі бар аудан, қалаларға тоқталсақ, Түркістан қаласында 8 мектеп бой көтереді. Сонымен бірге Келес ауданында – 8, Сауран ауданында – 9, Сайрам ауданында 12 мектеп салынбақ.
Көңіл қуантарлығы былтыр елімізде 200-дей мектеп берілсе, оның 47-сінің лентасы Түркістан облысындақиылды. Ауыз толтырып айтарлығы 5 жылда 200 мектеп салынады. Мұның барлығы білім ұяларындағы қажетті құрал жабдықтарды түгендеуге жол ашады. Ал барлық заманауи жабдықтары сақадай сай мектептерде техникалық мамандықтарға бастайтын пәндерді терең меңгеруге мүмкіндік бар. Бірақ біліммен қатар спортты да қатар алып жүру керек. Еңбек пен спорт адамды шыңдайды. Осы орайда облыста көптеген спорт нысандары бой көтерді. Түркістанда «Мұз» сарайы, ескек есу базасы, ірі спорт кешендері салынып жатыр. Ауыл-аймақта да осы үрдіс жалғасуы тиіс. Нағыз чемпиондар ауылдан шығады. Мәдениет нысандары да көбеюде. Түркістан облысының билігі бұл бағыттағы жұмысын тоқтатпақ емес. Облыстың барлық аудан, қалаларын дамыту олардың басты назарында тұр. Соның бірі Сарыағашқа қосылған Бағыс ауылындағы іргетасы қаланған жаң мектеп.
Сарыағаш ауданының әкімі М.Отаршиев Бағыс елді мекенінде жаңадан салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінгі таңда елді мекендегі қолданыстағы Ғ.Мұратбаев атындағы №23 мектебінің қосымша ғимараты апаттық жағдайда, ал негізгі ғимаратының сыйымдылығы төмен болуына байланысты жаңа мектеп салу ұйғарылған. Құрылыс жұмыстарын «А.S.InvestStroi» ЖШС-нің құрылысшылары жүргізіп жатыр.
Іргетасы қаланып жатқан білім ошағын аралап көрген аудан басшысы мердігер мекемеге жұмысты кестеге сай жүргізіп, сапаға аса мән беру қажеттігін ескертті. Мердігер мекеме басшысы құрылыс монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын және құрылысты қаржыландыру бойынша кедергілер жоқ екендігін жеткізді.
– Мемлекет қаржысына салынып жатқандықтан құрылыс жабдықтарына барынша сапалы отандық өнімдерді пайдаланған абзал. Құрылыс кестеге сай жүргізіліп жатқаны көз қуантады. Аудан тарапынан қандай көмек қажет біз қолұшын беруге әзірміз, – деді М.Отаршиев.
Аталған мектептің құрылыс қарқыны дәл осылай жалғасса, жыл соңына дейін ел игілігіне берілетін болады. Ғимараттың жалпы ауданы 3121,39 шаршы метрді құрайды. Мұнда асхана, кітапхана және дене шынықтыру залдары орналасқан.
Осылайша әлеуметтік қамсыздандыру саласының білім атты тармағы әдемі үрдіспен жалғасып жатыр. бір жерлерде бұл саладағы блім ошақтарының іргетасы қаланып жатса, бір жерлерде лентасы қиылуда. Республика күнінде Түркістанда 500 орындық мектеп пен 250 орындық балабақша ашылды.
Соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтылған Айтұлы Тілеу батыр атындағы дарын мектебінде оқушылардың сапалы білім алуына бар жағдай жасалған.
Әлеуметтік маңыздағы ғимараттардың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Израильдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Эдвин Натан Ябо Глусман құттықтау сөз сөйлеп, мектеп ұжымына табысты еңбек тіледі.
– Халқымызда «Білімдінің күні жарық» деген қанатты сөз бар. Жаңадан салынған білім ошағының ашылуы ұлттық мерекеміз — Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұнда жас өрендердің білім алуына, спортпен, шығармашылықпен айналысуына бар жағдай жасалған. Бұл білім шаңырағынан тәлім-тәрбие алған балалар еліміздің мақтан тұтар азаматы болатынына сенеміз, — деді облыс әкімінің орынбасары
Сондай-ақ мереке күні Айтұлы Тілеу батыр атындағы 250 орындық балабақша салтанатты түрде ашылды. Тәулік бойы жұмыс істеуді мақсат етіп отырған балабақша 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Ерекшелігі, мұнда балалардың денсаулығын қадағалау үшін бассейн, тұз кеніші қарастырылған. Халық игілігіне ашылған балабақша тегін. 1-5 жас аралығын қамтитын мектеп-балабақша Кентау тас жолындағы №14А мекенжайында орналасқан.
Ордабасы ауданында да жаңа мектептің тұсауы кесілді.
Түркістан облысында тағы бір мектеп ашылды. Ордабасы ауданындағы Шұбарсу елді мекенінде «Өмірхан Қозыбақ» атындағы бастауыш мектебінің ашылу рәсімі өтті. 280 орындық білім ошағы жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен салынған. Келер жылы жаңа мектептте жоғары сынып оқушыларына арналған ғимарат пен қатар жазғы спорттық алаңы мен жоғары сынып оқушыларының зерттеу жұмыстарына арналған жылыжай салу жоспарлануда.
Республика күні қарсыңында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай ордабасылықтардың қуанышымен бөлісіп, жаңа мектептің ашылуына қатысты. Өңірдегі білім саласындағы жаңа бастамалармен бөлісті.
— Бүгін өздеріңізбен Ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында қуанышты сәтті бірге бөлісу үшін кездесіп отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында білім саласына ерекше тоқталды. Мектеп салу — Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттердің бірі, деді. 2025 жылға дейін елімізде Ел Президентінің қолдауымен 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалмақ. «Жайлы мектептер» біздің облыста да салынады. Заманауи талапқа сай 86 мектепте 60 мың бала білім алатын болады. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі шешіледі. Мектеп салуда жергілікті кәсіпкерлеріміз зор үлес қосып келеді. Біз өз тарапымыздан білім саласын дамытуға атсалысқан азаматтарды қолдауға дайынбыз,-деді өз сөзінде облыс әкімі Арман Жетпісбай.
Ордабасы ауданында 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 4-уі (Қараспан, Аққойлы, Дербес, Төрткөл е/м) жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жалпы, Ордабасы ауданында 69 мектеп бар. Онда 4,5 мыңнан астам мұғалім еңбек етсе, 37 мыңнан астам оқушы білім алуда.
Мемлекет күшімен салынған мектептер туралы тағы да ойымызды сабақтастырамыз. Орайы келгенде Сайрамнан ашылған жекеменшік 1200 орындық білім ұясын да тілге тиек етпекшіміз. Ол Ақсукент ауылында орналасқан. Мектеп жеке кәсіпкер Н.Сулаймановтың қолдауымен салынған.
Жаңа мектептің ашылу рәсіміне облыс әкімі Д.Сатыбалды мен аудан әкімі Ұ.Сәдібеков қатысты. Өңір басшысы ұстаздарды жаңа ғимаратпен құттықтап, оқу жылына сәттілік тілеп, жеке кәсіпкердің игі ісіне алғысын жеткізді. Облыс әкімі жаңа ғимаратты аралау барысында облыс аумағындағы жекеменшік ғимарат салудан Сайрам ауданы көш бастап тұрғандығын ерекше атап өтті.
Жеке кәсіпкер Н.Сулаймановтың сөзінше, 2010 жылдан бастап несие алу жолымен жеке меншік негізде мектепке дейінгі және жалпы орта білім беретін мекемелердің құрылысын жүргізген. Инвестор биыл 7 мектептің құрылысын аяқтап, халыққа тапсырған. Бүгінгі таңда 10 балабақша және 10 мектептің құрылысы салынып, жалпы осы мекемелерде 12 мыңнан аса бала тәрбиеленуде. Барлық мектепте балалардың білім алуларына қажетті жағдайлар жасалған.
Жалпы бұл өңірде жыл соңына дейін 16 мектеп пайдалануға беріледі. Түркістан облысында биыл облыстық бюджет есебінен жаңа 22 мектептің құрылысын жүргізіп, пайдалануға беру жоспарланған. Оның 13-і жекеменшік. Қазіргі таңда 6 мектеп толық аяқталған. Ал қалған 16 мектеп жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.
Жалпы алғанда республика күні мерекесі қарсаңында Қазығұрт ауылында 150 оқушыға арналған жекеменшік мектеп, Сарыағаш қаласында 900 балаға, ал Сайрам ауданында 1 200 орынға лайықталған жекеменшік мектеп ашылды.
Сондай-ақ, Сайрамдағы Қарабұлақ ауылында 400 орындық мектеп, Түркістанда 500 орындық дарынды балаларға арналған білім ордасы және 250 бүлдіршінге арналған балабақша ел игілігіне тапсырылған болатын.
Айта кетсек, Түркістан облысында апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында 2025 жылға дейін жаңа 199 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған.
Қолға алынып отырған жайлы мектеп ұлттық жобасының жүзеге асырылуы Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында.
Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасының жүзеге асуы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Ұлттық жобаның негізгі шарттары мақұлданғанын айтқан облыс әкімі салаға жауапты басшыларға құрылысы 2023 жылы басталатын мектептер бойынша мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Сондай-ақ ол мектептерді сапалы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, оқу процесін цифрландыруға қажетті шараларды шұғыл жүзеге асыруға назар аударды.
Жалпыұлттық жоба аясында жаңа форматтағы мектептер салу жоспарланған. Әзірге 62 мектеп салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның жартысы келер жылы салынады. Жер бөлу мәселесі шешілген.
Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою көзделген.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтқаны белгілі. Бұл – ерекше жоба. Бағыт – айқын. Заманауи мектептердің құрылысын барынша тездету үшін жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым мәселесі толық шешілуі тиіс. Бұл жоба білім сапасын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жайлы мектептерде балаларға барынша қолайлы жағдай жасалады. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан өскелең ұрпақты сапалы біліммен қамту аса маңызды, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптарына арналған жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.
Аталған мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Сондай-ақ бұл мектептер халық көп шоғырланған аумақтарда орналасады.
Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептерді салуға дайындықты пысықтауды, осыған қатысты әрбір жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.
Осы орайда облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы Төлеби ауданына барып, тұрғындармен кездескен сапарында «Жайлы мектеп» жобасының таулы аймақта да өркен жаятынын тілге тиек етті.
– Бүгін Төлеби ауданына өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді талқылау үшін арнайы келіп тұрмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы жүктеген жауапкершілікті сезініп, жұмыс істеуге міндеттіміз. Елімізде «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленуде. Салынатын мектептер жана форматта болады. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Төлебиде бірнеше мектеп салынады. Ленгірде – 1500 орындық, Бірінші Мамырда – 1500 орындық, Достықта – 900 орындық, Көксәйекте – 600 орындық, сондай-ақ Қосағашта 600 орындық жаңа мектептердің кұрылысы жоспарланып отыр, – деді Дархан Сатыбалды.
Бұл сапардан аз кем ақпар бере кетсек, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы 6 елді мекенде 6 жоба іске асырылуда. Екпінді елді мекенін электр қуатымен қамтамасыз етуге 110 млн. теңге қаралған. Бірінші Мамыр елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасын салуға, Момынай елді мекенінде жаңадан мәдениет үйін салуға қаржы қаралды. Ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 19 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аудан халқының 99,8%-ы ауыз сумен қамтылған. Табиғи газбен 90,4% немесе 109 мың тұрғын қамтылған. Ленгір қаласында 5 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Әкіммен кездесуде және жеке қабылдауда тұрғындар мектеппен, жолмен қамту, жер кезегі, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығын, қымыз шаруашылығын субсидиялау және өзге де мәселелерді көтерді. Өңір басшысы әрбір тұрғынның өтінішін тыңдап, олар бойынша тиісті жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді. Түркістан облысындағы барлық аудандарда жалғасын тауып жатқан мұндай шаралар ел игілігі негізінде жалғаса бермекші.
Алия Ортаева.