Ордабасы ауданында қоғамдағы тұрақтылықты, ұлттық және рухани құндылықтарды сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның аясында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Шұбарсу ауыл округіндегі Зерде жалпы білім беретін мектебінің жоғары сынып оқушыларымен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдерге теріс діни ағымдардың алдын алу, олардың жеке тұлға қалыптасуына тигізетін зиянды ықпалдары туралы жан-жақты түсіндіру, сондай-ақ ұлттық болмыс пен дәстүрлі құндылықтардың қоғамдағы орны туралы дұрыс көзқарас қалыптастыру болып табылады.
Кездесуге ақпараттық-түсіндіру тобының (АТТ) мүшелері – аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә. Ысхах, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ұ. Мұратбек және теолог маманы Р. Жұмадиллаев қатысып, жастармен мазмұнды әрі ашық әңгіме жүргізді. Олар халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері, ұлттық дүниетаным және ислам дінінің ортақ құндылықтары жайында маңызды деректер келтірді. Қазақ қоғамының қалыптасуы, ел бірлігі мен ынтымағын нығайтудағы рухани сабақтастықтың рөлі кеңінен айтылды.
Спикерлер қазіргі жаһандану заманында жастардың рухани иммунитетін күшейту ерекше маңызды екенін атап өтті. Себебі әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде діни ақпараттың сан алуандығы артып, оның ішінде теріс идеологияны, қоғамда жік тудырғысы келетін ағымдарды насихаттайтын топтар көбейіп барады. Мұндай ағымдар жастардың санасын улап, олардың болашағына, тұлғалық дамуына, отбасылық және қоғамдық қарым-қатынасына кері әсерін тигізетіні нақты мысалдармен түсіндірілді.
Теолог маман Р. Жұмадиллаев дәстүрлі исламның негізгі бағыттары, имандылықтың мәні, қазақ халқының діни танымымен біте қайнасқан әдет-ғұрыптардың ерекшеліктері туралы кең көлемде сөз қозғады. Ол діни сауаттың төмен болуы – радикалды ағымдардың басты нысанына айналатынын, ал дұрыс ақпаратты тек ресми дереккөздерден алу қажет екенін қадап айтты. Сонымен қатар, жастарға экстремистік ұйымдардың белгілері, олардың қоғамға қауіпті тұстары және құқықтық жауапкершілік туралы түсіндірілді.
Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты. Жастар діни білімнің дұрыстығына көз жеткізу, дәстүрлі құндылықтарды сақтау, ұлттық болмысты нығайту мәселелеріне қатысты ой бөлісті. Жас мамандар мен ұстаздар да шараға белсенді атсалысып, оқушыларға бағыт-бағдар берудің маңызды екенін атап өтті.
Жиын еркін сұхбат түрінде өтіп, қатысушыларға теріс ағымдардың ықпалынан сақтану жолдары, рухани тұрақтылықты сақтау және қоғамдағы бірлік пен татулықтың маңыздылығы туралы пайдалы ақпарат берілді. Әсіресе ұлттық дәстүр мен діни танымның үйлесімділігі, елдің дамуында рухани тұтастықтың шешуші рөлі бар екені ерекше айтылды.
Осындай мазмұнды іс-шаралар өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың елжандылық сезімін күшейтіп, бірлік пен ынтымақ құндылықтарын терең түсінуге ықпал етеді. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру – қоғамның тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан алдағы уақытта да ақпараттық-түсіндіру тобы мұндай кездесулерді жалғастырып, өңір жастарының діни сауаттылығын арттыруға, ұлттық сананы қалыптастыруға және патриоттық құндылықтарды нығайтуға үлес қоса береді.
Бұл жұмыстар Ордабасы ауданында патриоттық тәрбиені күшейтуге, әділдік, жауапкершілік, бірлік сынды ортақ құндылықтарды орнықтыруға бағытталған мемлекеттік ақпараттық саясаттың маңызды бөлігі болып табылады.
