Бәйдібек ауданында кеңейтілген аппарат мәжілісі өтіп, онда әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты маңызды мәселелер қаралды. Жиынды аудан әкімінің міндетін атқарушысы Бақыт Қырғызалиев жүргізді.
Күн тәртібінен бөлек, аудандық статистика басқармасы ұлттық ауыл шаруашылығы санағының жүргізілу барысын баяндады. Ал негізгі мәселелердің бірі – атаулы әлеуметтік көмек пен халықты жұмыспен қамту жайы болды. Бұл бағытта аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы аудандағы кедейлік деңгейін төмендету, әлеуметтік топтамаларды үлестіру, еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту іс-шаралары туралы хабардар етті. Сондай-ақ «FSM Social» мобильді қосымшасы арқылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың тұрмыстық жағдайын зерделеу және «Тең қоғам және белсенді сауықтыру» орталығының жұмысы да талқыланды.
Ауданның даму келешегі ең алдымен еңбек саясатының жүйелі іске асуына байланысты. Соңғы жылдары елімізде еңбек адамының мәртебесін көтеру, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған ауқымды қадамдар жасалуда. Бұл бастамалар Бәйдібек ауданында да нәтижесін беруде.
Мемлекеттік бағдарламалардың ықпалымен аудандағы жұмыссыздық деңгейі біртіндеп азайып келеді. «Жұмыспен қамту жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» жобалары арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жастардың кәсіптік дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік жасалды. Мәселен, бірқатар жас тігіншілік, дәнекерлеу, аспаздық сияқты мамандықтарға оқытылып, кейін тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл олардың өз отбасын қамтамасыз етуіне ғана емес, аудан экономикасының жандануына да сеп болып отыр.
Еңбек қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Құрылыс нысандары мен өндіріс орындарында қауіпсіздік талаптарының орындалуын арнайы комиссиялар қадағалайды. Бұл – қарапайым жұмысшының денсаулығы мен өмірін қорғаудың маңызды кепілі.
Әлеуметтік қолдау бағытында атаулы әлеуметтік көмек көрсету, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау шаралары жалғасуда. Бұл тұрғындарды еңбекке ынталандырып қана қоймай, қоғамдағы сенім мен әділдікті нығайтады.
Білім беру мекемелерінде жасөспірімдерді еңбексүйгіштікке тәрбиелеу ісі қолға алынған. Мектеп жанындағы шағын тәжірибелік учаскелерде оқушылар ауыл шаруашылығы жұмыстарына қатысып, еңбекке деген құрметті ерте жастан бойына сіңіруде.
Бәйдібек ауданында еңбек саясатының дамуы – бұл тек ресми бағдарламалардың орындалуы емес. Ол ең алдымен қарапайым еңбек адамының қоғамдағы беделін көтеру, жұмысшы мамандықтарының қадірін арттыру және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.