• Вт. Дек 9th, 2025
Популярные метки

АУДАНДА БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП, САПАЛЫ БІЛІМ АЛУҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА

Автор:admin

Дек 8, 2025

Созақ ауданында білім саласын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғасуда. «KATKO» БК ЖШС және Orano Mining компаниясы басшылығының жұмыс сапары Таукент кентінде жүзеге асты. Orano Mining аға вице-президенті Ксавье Сен-Мартен Тийе, KATKO Бас директоры Закария Эль Марзуки, аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов және KATKO коммуникациялар және КӘЖ басқармасының басшысы Айнаш Шеңгелбаева І.Кеңесбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте болды. Делегация жаңа интерактивті оқу жабдықтарымен танысып, білім беру саласындағы инвестициялық жобаларды тексерді.

Orano Mining стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан білім беру жобасы Тасты, Шу және Таукент мектептеріндегі 10 оқу кабинетін жаңғыртуды қамтиды. Жобаның жалпы құны 104 млн теңгеден асады, оның ішінде Таукент кентіне бағытталған инвестиция көлемі 39,5 млн теңгені құрайды. Жобаның мақсаты – мектептерде заманауи оқыту технологияларын енгізу, оқушыларға сапалы білім алу үшін жағдай жасау және педагогтарға заманауи құралдармен жұмыс істеуге мүмкіндік беру.

Делегация толық жаңғыртылған кабинеттерді аралап, олардың жұмыс сапасымен танысты. Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі және физика кабинеттері жаңа интерактивті 4K панельдермен, компьютерлермен, мультимедиялық жүйелермен, жаңа парталар мен орындықтармен жабдықталған. Тарих кабинеті жаңартылған карталар мен әдістемелік материалдар жинағымен толықтырылды, ал физика кабинеті 100-ден астам зертханалық құралдармен, датчиктермен және модельдеу бағдарламалық жасақтамасымен қамтамасыз етілді. Қазақ және орыс тілі кабинеттерінде заманауи цифрлық оқыту технологиялары енгізілген, бұл оқушылардың білім алу тиімділігін арттыруға бағытталған.

Білім беру саласынан бөлек, KATKO компаниясы Созақ ауданында әлеуметтік қолдау шараларын жүйелі түрде жүзеге асыруда. Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар тарату, ардагерлерге газет-журнал жазылымын қамтамасыз ету, студенттерге стипендиялық қолдау көрсету сияқты шаралар тұрақты түрде атқарылады. Сонымен қатар, қыс мезгілінде жүздеген отбасына көмір жеткізу, көгалдандыру және жарықтандыру жобаларын жүзеге асыру, ауылдық жерлердегі өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалар қатарында.

2025 жылғы әлеуметтік бағдарламалар бюджеті 300 млн теңгеге жуық. Жалпы, KATKO компаниясы өңірде 6,3 млрд теңгеге жуық 450-ден астам жобаны іске асырған. Бұл көрсеткіштер компанияның әлеуметтік жауапкершілігі мен жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық ынтымақтастығын айқын көрсетеді.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов компания тарапынан көрсетілген қолдаулар үшін алғысын білдірді. KATKO Бас директоры Закария Эль Марзуки білім беру саласы компанияның басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, алдағы уақытта да қолдауды жалғастыратынын жеткізді. Бұл мектептер мен білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуда тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың 22 қазанында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков KATKO компаниясының бас директоры Закария Эль Марзукимен кездесіп, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша алдағы үш жылға арналған ортақ даму жоспарын бекіткен болатын. KATKO компаниясы Созақ ауданымен ынтымақтастықты стратегиялық бағыт ретінде қарастырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мен әлеуметтік осал топтарды қолдауды басты басымдыққа алады.

Жалпы, білім беру саласындағы жобалар мен әлеуметтік қолдау шаралары ауданның дамуына, оқушылар мен педагогтарға сапалы білім беру мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар болып отыр. Осы жобалар арқасында Созақ ауданында білім саласының әлеуеті артып, сапалы білім алуға жағдай жасалуда, ал әлеуметтік қолдау шаралары қоғамдағы әділдік пен жауапкершілік қағидаларын нығайтуға үлес қосады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *