• Вс. Ноя 16th, 2025
Популярные метки

«АСЫЛ МҰРА» ФЕСТИВАЛІ: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ МЕН ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Автор:admin

Сен 25, 2025
Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады
26–27 қыркүйек күндері Шымкент қаласында дәстүр мен руханиятты ұлықтаған «Асыл мұра» республикалық дәстүрлі өнер фестивалі өтеді. Шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
26 қыркүйекте сағат 15:00-де «Қызғалдақ» сарайында оқушылар арасындағы республикалық өнер фестивалі өтсе, 27 қыркүйекте дәл осы мекемеде кәсіби өнерпаздардың қатысуымен үлкен өнер кеші жалғасын табады.
Фестивальдің басты мақсаты – ата-бабалардан келе жатқан дәстүрлі өнерді кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың рухани тәрбиесін нығайту. Фестиваль аясында ән, күй, жыр, терме және рухани мектептердің тағылымды дәстүрлері көрерменге ұсынылады.
Шараға Қазақстанның Халық әртістері Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиев және елімізге белгілі өнер майталмандары қатысады. Кештің жүргізушісі – фольклортанушы ғалым, «Құрмет» орденінің иегері Берік Жүсіп.
Кіру – тегін. Фестиваль ұлттық өнерімізді бағалайтын барша көрермен үшін ұйымдастырылуда.
«Асыл мұра» фестивалі – бұл тек өнер кеші ғана емес, рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Дәстүрлі өнер – ұлттың төл болмысын, дүниетанымын, өмірлік ұстанымдарын бойына сіңірген баға жетпес қазына. Осындай ауқымды мәдени шаралар арқылы халқымыздың ұлттық коды сақталып, жас буынның бойына отансүйгіштік қасиеттер сіңіріледі.
Фестиваль барысында тек сахналық өнер емес, сонымен қатар шеберлік сағаттары, өнерпаздармен еркін форматтағы кездесулер, ұлттық аспаптарды таныстыру сессиялары да ұйымдастырылады. Бұл жас өнерпаздар үшін шеберліктерін шыңдауға, тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік болмақ. Сондай-ақ көрермен қауым дәстүрлі өнердің терең мазмұнымен танысып, рухани әлемін байыта алады.
Мұндай игі бастамалар әсіресе мектеп оқушылары мен жастардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, оларды ұлттық мәдениетке жақындата түседі. Шара аясында ерекше көзге түскен жас таланттарға арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталады деп жоспарлануда. Бұл – олардың болашақ өнер жолындағы мотивациясын арттыруға бағытталған нақты қолдау.
Шымкент қаласы соңғы жылдары мәдени бағыттағы ірі жобалардың орталығына айналып келеді. Қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан шаралар – бұл өңірдің мәдени әлеуетін арттырумен қатар, ұлттық мұрамызды сақтау мен жаңғыртудың нақты тетігі. «Асыл мұра» фестивалі де осындай игі істердің бір бөлшегі ғана.
«Асыл мұра» фестивалі – халқымыздың тарихи жадын жаңғыртып, төл өнерімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды мәдени оқиға. Мұндай шаралар ұлт руханиятының алтын арқауы ретінде қоғамда тұрақты орын алып, әрбір азаматтың жүрегінен орын табатыны сөзсіз.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *