• Сб. Ноя 15th, 2025
Популярные метки

АРҒЫМАҚ ШАҒЫН АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ШЕШІМІН ТАБУДА

Автор:admin

Сен 25, 2025
Тұран ауданына қарасты Арғымақ шағын ауданында әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Қазіргі таңда ауданда мектеп салынбағанымен, 2,5 шақырым жердегі Құлагер шағын ауданында 2024 жылы 1200 орындық №147 мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектеп Арғымақ және Құлагер шағын аудандарының оқушыларына қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, 3 шақырым қашықтықта орналасқан Ақжар шағын ауданындағы №122 мектепте де білім беру қызметі қолжетімді. Арғымақта мектеп жасындағы балалар саны 500-ге жетпейтіндіктен, жаңа мектеп салу жоспарда жоқ.
2022 жылдан бері 50 балаға арналған «Арғымақ» жекеменшік балабақшасы жұмыс істейді. Құлагер мен Ақжар шағын аудандарында орналасқан балабақшалар да мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етеді. Қосымша балабақша салу қажеттілігі туындамаған.
Емхана Арғымақ шағын ауданында салынбағанымен, тұрғындарға №11 қалалық емханаға қарасты Ақжар шағын ауданындағы амбулатория қызмет көрсетуде. Халық санының аз болуына байланысты жеке медициналық нысан салу қарастырылмаған.
Аудандағы 12 көшенің 8-і қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. 256 тұрғын үйдің шамамен 160-ында халық тұрып жатыр, қалған учаскелерде құрылыс жұмыстары жалғасуда.Арғымақ шағын ауданы бойынша туындаған мәселелер алдағы уақытта да кезең-кезеңімен шешіле бермек
.Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Қазіргі таңда Арғымақ шағын ауданын абаттандыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Аудан көшелеріне жарықтандыру жүйесін орнату, жолдарды асфальттау және көлік қозғалысын жеңілдету бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Биылғы жылы 4 көшеде тас төсеу, шұңқырларды жамау және жаңбыр суын ағызу жүйесін орнату жұмыстары жоспарға енгізілген.
Қоғамдық көлік қатынасына келер болсақ, Арғымақ тұрғындарына жақын орналасқан аялдамалар арқылы №75 және №85 бағыттарындағы автобустар қолжетімді. Сонымен қатар, тұрғындардың сұранысына сәйкес, жаңа автобус бағытын іске қосу мәселесі қарастырылуда. Бұл өз кезегінде тұрғындардың емхана, мектеп, базар және әкімшілік орталықтарға қолжетімділігін едәуір жеңілдетпек.
Тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің бірі – интернет және байланыс желілерінің сапасы. Осыған орай, қала әкімдігі тарапынан байланыс операторларымен келіссөздер жүргізіліп, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында аудан аумағында қосымша базалық станция орнату жоспарланып отыр. Бұл қадам аудан халқын сапалы интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында шағын ауданға бейнебақылау камераларын орнату да күн тәртібінде тұр. Бұл жоба ішкі істер органдарымен бірлесіп жүзеге асырылып, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.
Қаланың даму стратегиясы шеңберінде Арғымақ шағын ауданының әлеуметтік және экономикалық әлеуеті біртіндеп артып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы инфрақұрылым мәселелерін шешу ғана емес, тұрғындардың әлеуметтік сұраныстарына жауап беру, өмір сапасын арттыру – әкімдік жұмысындағы басым бағыттардың бірі.
Шағын аудан тұрғындарының белсенділігі мен қоғамдық ұсыныстарының ескерілуі – нақты шешімдердің қабылдануына ықпал етуде. Ашық диалог алаңдарында тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалып, оларды іске асыру жолдары қарастырылуда.
Арғымақ шағын ауданында шешімін күтіп тұрған мәселелер бар болғанымен, олар жүйелі түрде кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Әлеуметтік нысандарға қолжетімділік, инфрақұрылымның жақсаруы мен тұрғындардың күнделікті өміріне қатысты мәселелер бойынша жұмыстар тұрақты түрде жалғасын таппақ. Бұл – жергілікті билік пен халық арасындағы өзара сенім мен тиімді әрекеттің айғағы.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *