• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

АНА МЕН БАЛАНЫ ҚОРҒАУ – МЕМЛЕКЕТ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ(4)

Автор:admin

Дек 6, 2022
Spread the love

Жалпы алғанда әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде, Орталық Азия аумағында және Қазақстанда да ана мен баланы қорғау саласында реформалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауында ҚР Президенті Қ.Тоқаев отбасылық-демографиялық ахуал алаңдаушылық тудырып отырғанын айтты. Отбасылардың бала сүйе алмауы, ажырасу санының артып кетуі, толық емес отбасы, некесіз бала туу, балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесі әлі де өзекті. Президент бала­ларға қатысты жыныстық әре­кеті үшін қылмыстық жазаны қатаң қылуды тапсырды. Сонымен қоса әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керек екенін алға қойды. 2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша елімізде 37,5 мың адам 14,7 млрд теңге сомасында жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төлем алды. Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 2020 жылы 43 657 теңгені құрады. 2020 жылы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақы төлеуге 47,5 млрд теңге бөлінді. 2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республикалық бюджеттен декрет демалысындағы жұмыс істейтін әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауға 434,4 млн теңге аударылған. Елімізде гендерлік стратегия, жүктілік пен босану, еңбек демалысына әлеуметтік қолдау, медициналық-әлеуметтік, құқықтық және әлеуметтік-психологиялық қызмет, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, отбасын қолдау және дағдарыс орталықтары, «Мерейлі отбасы» сияқты бағдарламалар іске асырылуда.
Ана мен баланы қорғаудың заңнамалық негіздері көптеген мемлекеттердің Конституцияларында, арнайы қабылданған Еңбек кодексі, Отбасы кодекстерінде, сондай-ақ бірқатар заңдарда, атап айтқанда, «Денсаулық сақтау туралы», «Бала құқықтарының кепілдіктері туралы» Заңдарда және өзге де заңнамалық актілерде көрсетілген. Ана мен баланың құқығын қорғау, әлеуметтік және денсаулық жағдайын жасау туралы түрлі қорлар, кеңестер мен қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді. Соңғы уақытта қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде көптеген елдерде өмір сүрудің орташа жасы өсіп, аналар мен балалар арасындағы өлім-жітім көрсеткіштері төмендеп, Covid-19 есептемегенде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы, аурулардың алдын алу және тиімді емдеу шараларымен қамтамасыз етіліп келді. Денсаулық сақтау жүйесін реформалау шеңберінде аналар мен балалардың денсаулығын қорғаудың ұлттық моделдері қалыптасты, оның жоғары тиімділігін түрлі елдердің сарапшылары атап өтуде. Осылайша, Ана мен бала құқықтарын қорғау жөніндегі кешенді іс-шаралар ел тұрақтылығының негізін қалайды, отбасылық дәстүрді сақтауға бағытталған шаралар жалпы қоғамның дамуына оң әсер етеді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика