Шымкентте «Достық үйі» ғимаратында қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Аналар – шаңырақ шуағы» атты басқосу өтті.
Аталған жиынды Аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева ашып, қазіргі қоғамдағы отбасылық тәрбиедегі орын алып отырған біршама мәселелерді қозғады.
— Аналар кеңесі – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, Қазақстан халқы Ассамблеясы мақсаттарын іске асыруға жәрдемдесу мақсатында құрылған. Бүгінде Шымкент қаласында 13 аналар кеңесі жұмыс істейді, оған 113 ана мүше. Қазіргі қоғамда бала тәрбиесін ұстаздарға артып қою жағдайлары орын алып жүр. Дегенмен ұлт болашағының тәрбиесі аналардың қолында. «Бесігіңді түземей, ұлт түзелмейді» деген. Аналар кеңесі жыл басынан бері 50-ге жуық іс-шара өткізді. Білім мекемелерінде кездесулер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр. Осындай игі шараларға өз еңбектерін қосып жүрген аналар кеңесінің мүшелеріне алғысымды білдіремін –деді Балқия Әбдіманапқызы.
Сонымен қатар, жиынға «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Асқар Копеев, «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лаура Ақшегірова қатысып, сөз сөйледі.
Жиын соңында белсенділік танытқан кеңес мүшелері алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар, еске салар болсақ «6-шілде Астана күні» мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 20-маусымдағы №934 Жарлығымен наградталған Еңбекші ауданының 5 анаға «Алтын алқа», 14 анаға «Күміс алқа» алқалары табысталған болатын.
Жалпы Еңбекші ауданында 8364 көпбалалы ана бар. Оның ішінде «Алтын алқа» — 568, «Күміс алқа» — 1697.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау бойынша қызметті проактивті форматта алу тәртібін 21-жылы жеңілдеткен болатын.
«Кем дегенде бір баланы өз елінің лайықты азаматы етіп тәрбиелеу – әрбір ата-ананың алдында тұрған күрделі міндет. Көпбалалы аналардың еңбегін атап өту және лайықты бағалау үшін мемлекет оларды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградтайды және алқа иелері тиісті мемлекеттік жәрдемақы алады. Көпбалалы аналардың уақытын үнемдеу мақсатында Еңбекмині 2019 жылдан бастап осы жәрдемақыны тағайындау бойынша мемлекеттік қызметті проактивті форматта алуға мүмкіндік береді. Бұл әйелдерді кезекте тұру қажеттігінен құтқарды, олар мемлекеттік қызметтерді кез келген ыңғайлы уақытта және кез келген жерде ала алады. Көрсетілетін қызметті алушы бір ғана SMS-хабарламаға жауап бере отырып, жәрдемақыны проактивті ресімдеуге келісім береді және банк шотын растайды. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті басқа да мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен түседі», – деген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.