Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар органдарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті «30 игі іс» акциясы аясында бірқатар маңызды әрі мағыналы шараларды жүзеге асыруда. Солардың бірі – азаматтық қорғау саласының ардагерлеріне арналған спартакиада, бұл тек спорттық дода ғана емес, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығы мен құрметтің көрінісі ретінде де ерекше маңызға ие болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – елге адал қызмет еткен ардагерлерді марапаттап, оларды қоғамдық өмірге белсене тарту, жастарға үлгі ету, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ ұжым ішіндегі достық қарым-қатынасты нығайту. Осы орайда ұйымдастырылған мерекелік шара азаматтық қорғау саласының ардагерлерін бір арнаға тоғыстырып, ортақ рух пен мақтаныш сезімін оятты.
Спартакиада қарсаңында Ашық есік күні ұйымдастырылып, қатысушыларға заманауи өрт сөндіру және құтқару техникасы мен арнайы құрал-жабдықтар таныстырылды. Жеке құрамның кәсіби дайындығы мен техникалық жабдықталу деңгейі көрсетілді. Қонақтар қатарында арнайы техникаларға қызығушылық танытқан колледж студенттері де болды. Бұл жас ұрпаққа ел қорғаны болудың жауапкершілігі мен маңыздылығын терең түсінуге жол ашты.
Ардагерлер өз кезегінде бұрынғы жылдарды еске алып, қызметтік жолдағы қиындықтар мен жетістіктер туралы әсерлі әңгімелер айтты. Олар қазіргі бөлімшелердің заманауи техникамен жабдықталуын, кадрлық құрамның кәсіби дайындығын жоғары бағалап, жас қызметкерлердің табанды әрі ынталы екенін мақтанышпен атап өтті. Мұндай кездесулер ардагерлер мен жас мамандар арасында рухани көпір орнатып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Спартакиаданың спорттық бағдарламасына шахмат және үстел теннисінен турнирлер енді. Әрбір жарыс сәті достық рухында, көтеріңкі көңіл-күймен өтті. Қатысушылар тек спорттық шеберліктерін ғана емес, өзара қолдау мен ынтымақтастықты да көрсете білді. Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды.
Жалпы, бұл шара азаматтық қорғау саласына өмірін арнаған ардагерлерге деген зор құрметтің нақты көрінісі болды. Олар – өз ісінің нағыз майталмандары, мемлекет қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығы жолында аянбай еңбек еткен тұлғалар. Осындай игі шаралар арқылы қоғам олардың ерлігін естен шығармай, болашақ ұрпаққа өнеге етіп отырады.
Шымкент қаласы ТЖД-нің бастамасымен өткізілген бұл іс-шара ардагерлердің ғана емес, бүкіл қоғамның көңілінен шықты. Бұл – тек мерекелік жиын ғана емес, рух пен бірліктің, құрмет пен ізгіліктің символына айналған күн болды.