Адамзат өркениетке қол жеткізгенімен, әлі күнге дейін адам саудасы қызып тұр. Адамды мәжбүрлеп ұстау, аяусыз еңбегін пайдалану, шекара асырып, алдап соғу кейбіреулер үшін бизнеске айналған. Ал адам саудасымен айналысатындар бұл әрекеті үшін ауыр жазаға тартылатынын біле тұра осындай қадамға барады. Бүгінде бұл мәселе әлемдік деңгейге көтерілді. Қазақстанда да адам саудасына қатысты жыл сайын қылмыстық істер анықталады. Осы орайда Үкімет Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл ретте жұмыстар қалай атқарылып жатыр? Құрбан болатындар кімдер? Осы сұрақтарға Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сапарбек Нұрпейісов жауап берді.
– Адам саудасымен айналысқандарды қандай жаза күтіп тұр? Бұл туралы ҚР-ның заңы не дейді?
– Адам саудасы аса ауыр қылмыстарға жатады және 4 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Қазақстанның Қылмыстық кодексі адам саудасына байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтардың 8 құрамын белгілейді. Мемлекет басшысы адам саудасына қатысты жазаны қатаңдатуды тапсырған. Нәтижесінде, 2019 жылғы 30 желтоқсанда Парламент Мәжілісі осы бағыттардағы заңнамаларға маңызды түзетулерді қабылдаған.
– Қазақстанда адам саудасына әсер ететін қандай факторлар бар?
– Елімізде құлдықтың қазіргі заманғы белгілерінің болуы түсінікті. Оның объективті себептері бар. Негізінен бұл жағдайға ТМД елдері арасындағы шекаралардың ашықтығы әсер етеді. Қазақстанның жеткізуші ретінде рөлі ауқымды емес. Бірақ тұтынушы және транзиттік дәліз ретінде көп жағдайда ұйымдасқан қылмыстық жағдайлар анықталып жатады.
– Еліміз заманауи құлдықпен күресу мақсатында арнайы жоспар бекіткен. Осы қабылданған шаралардың нәтижесін атап өтсеңіз?
– Әлемдік қоғамдастықпен бірлесе отырып, Қазақстан қазіргі әлемдегі құл саудасының жаңа әдіс-тәсілдеріне қарсы тұру үшін қажетті барлық шараларды қабылдады. Соның нәтижесінде, елімізде соңғы бес жылда мұндай қылмыстардың статистикасы 43%-ға төмендеген. Алайда бұл қатып қалған көрсеткіш емес. Бұл тіркелгені ғана. Себебі ресми ақпарат шынымен де адам саудасына қанша адамның душар болғанын көрсетпейді. Өйткені адам саудасы өте жасырын. Бұлай болуына құлдыққа тап болғандардың басындағы жағдайды айтқысы келмеуі себеп. Құрбандар, әсіресе жыныстық қанаушылықта, психологиялық және физикалық қысымда болғандар ұзақ талқылауларға қатысқысы келмейді және басынан өткенді жария етуден қорқады.
R-ақпарат