• Вт. Дек 23rd, 2025
Популярные метки

«АДАЛ ҰРПАҚ» ИНТЕЛЕКТУАЛДЫ САЙЫСЫ ӨТТІ

Автор:admin

Ноя 12, 2025

Отырар ауданында жас буынды сыбайлас жемқорлыққа ғана емес, сонымен қатар қоғамға қауіпті әрекеттердің алдын алуға, оның ішінде нашақорлық, есірткі бизнесі және заңсыз аңшылықпен күрес тақырыптарына белсенді тарту мақсатында «Адал ұрпақ» атты интеллектуалды сайыс өтті. Аталған іс-шара Отырар аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Оған аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің «Адал ұрпақ» еріктілер клубтарының белсенді оқушылары қатысып, қоғам қауіпсіздігі мен адамгершілік қағидаттарын терең түсінуге бағытталған білім додасына түсті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында адалдық, әділдік, парасаттылық, жауапкершілік, құқықтық мәдениет және қауіпсіз өмір салты құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ оларды қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілікті сезінуге шақыру. Сонымен бірге, нашақорлықтың алдын алу, есірткі бизнесінің қоғамға тигізетін зардабын түсіндіру, заңсыз аң аулаудың табиғат пен ұлттық байлыққа келтіретін зиянын талқылау, жасөспірімдер бойында экологиялық және құқықтық сананы қалыптастыру – сайыстың басты бағыттарының бірі болды.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, қазіргі таңда жастар арасында есірткі заттарын пайдалану, психотроптық дәрілерді заңсыз қолдану, электрондық шылым мен химиялық қоспаларға тәуелділік мәселелері өзектілігін жоғалтпай отыр. Бұл – жеке тұлға денсаулығына ғана емес, қоғамның қауіпсіздігіне, ұлт болашағына, демографиялық жағдайға және ұлттық құндылықтарға қауіпті үрдіс. Осыған орай шара барысында қатысушыларға нашақорлықтың биопсихологиялық және әлеуметтік салдары туралы кеңінен түсіндіріліп, мектеп жасынан бастап профилактикалық жұмыстарды күшейтудің маңызы туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар, интеллектуалды сайыста браконьерлікке қатысты арнайы сұрақтар мен тапсырмалар енгізілді. Талқылау барысында оқушылар Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар, заңсыз аңшылықтың экологиялық зардаптары, мемлекет тарапынан белгіленген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы мәліметтерді талдап, табиғатты қорғау – әр азаматтың борышы екенін ортаға салды. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары жастардың экологиялық мәдениетін арттырып қана қоймай, туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтуды көздейді.

Сайыс 5 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде әр команда өзін таныстырып, топ атауы мен ұранын жариялады. «Білімді мыңды жығады» бөлімінде еліміздің тарихы, мәдениеті, құқық, адалдық құндылықтары және есірткіге қарсы күрес туралы сұрақтарға жауап берілді. «Ситуациялық тапсырма» кезеңінде қатысушылар әртүрлі әлеуметтік жағдайлардан адал жолмен шығудың шешімін ұсынды. «Кім жылдам?» бөлімінде жылдам ойлау қабілеті сыналса, «Капитандар сайысында» көшбасшылық, білімділік және жауапкершілік дағдылары анықталды.

Шараға Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалымжан Сарсеков, «Отырар алқабы» газетінің тілшісі Шолпан Дүтбаева және «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Насипа Нуритдинова қазылық етіп, әділ ұпай тағайындады. Қазылар алқасы жастардың белсенділігіне, жауап беру сапасына, ойлау деңгейіне, азаматтық ұстанымына және тақырыпқа сәйкес ой қорыта білуіне жоғары баға берді.

Жарыс қорытындысында І орын — «Адал жүрек» командасына бұйырды. Ал ІІ орын «Жәнібеков жастары» командасына, ІІІ орын «Дамушы ұрпақ» тобына берілді. Сонымен бірге, «Сенім», «Адалдық ардың ісі», «Әділет», «Адал Алаш» командалары да арнайы дипломдармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Шара соңында оқушыларға нашақорлық пен есірткі бизнесіне қатысты құқықтық ақпарат беріліп, ҚР заңнамасындағы жауапкершілік шаралары түсіндірілді. Сондай-ақ қатысушылар «Есірткісіз өмір – бақытты болашақ!», «Таза табиғат – ортақ аманат!», «Адалдық – адамдықтың айнасы!» атты үгіт-насихат үнпарақтарын жасақтап, әлеуметтік желіде тарату бастамасын көтерді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *