Студент-жастар арасындағы саяси сауаттылығы жоғары, қоғамдық жұмыстарға бейім жігіттер пен қыздарды университеттің студенттік өзін-өзі басқару органдары жұмыстарына кеңінен тартуға ерекше назар аударылып отыр. Университет жанындағы студенттердің «Достық» клубы түрлі этностар өкілдерінен тұратын студент-жастар белсенділерін қамтыған. Клуб студент-жастар арасында қазақстандық патриотизм, этносаралық келісім, толеранттылықты нығайтуға бағдарланған іс-шараларды іске асырады. «Достық» клубы көп этносты Қазақстан халқы мəдени салт-дəстүрлерін білім алушылар арасында кеңінен насихаттау, мəдениетаралық диалогты ұйымдастыруға ерекше мəн береді. Мысалы, Қазақстан этностарының ұлттық мейрамдарын жастар арасында атап өту шынайы дəстүрге айналған. Орыс халқының «Масленица» мейрамына арналған концерттер, халық қолөнері көрмелері, ұлттық ойындар, немесе Наурыз мейрамын атап өтуде түрлі этностардың киім дизайны өнерін көрсету, салт-дəстүрлері мен əдет-ғұрыптарын көрермен назарына ұсыну, түрлі тілдердегі өлеңдердің, əндердің үні жастардың «тегі басқа тағдыры бір» болған көп этносты Отанына деген мейірімі, махаббат сезімдерін күшеюіне ықпал етеді.
Студент-жастардың саяси мəдениетін қалыптастыруда олардың ақпараттандыру құралдарына қызығушылықтары осы мүмкіндіктерден олардың саяси санасын, дұрыс бағытталған саяси көзқарастарын қалыптастыруда пайдалану ерекше мəнге ие. Атап айтқанда, ұялы байланыс телефондары, ноутбуктар, планшеттерді пайдаланбайтын, күніне бірнеше рет интернетке «кірмейтін» бірде-бір студент жоқ. Интернет желісінен келетін ақпараттар, əсіресе саяси бағыттағы жаңалықтарды студент дұрыс қабылдауы, бағалауы оның саяси білімі, санасы, мəдениеті қай дəрежеде екендігіне тəуелді. Біздің байқауымызша, студенттер интернет желісіне достарымен қарым- қатынас жасау, өзіндік жұмыс тапсырмаларын орындау, курстық немесе дипломдық жұмыстар жазу, іс-тəжірибеге демалыс мақсаттарында кіреді. Саяси тақырыптар студенттердің басым көпшлігін айтарлықтай қызықтырмайды. Бұл жайт, бір тараптан, студенттерді теріс саяси ақпараттардың əсерінен қорғайды. Дегенмен, саяси сауатсыздық саяси қауіпсіздік дегені еместігін ескеру керек. Ел саясатын, Отан дамуының стратегиялық бағыттары мен тактикалық жоспарларын, əлемдегі, айналадағы мемлекеттердегі саяси ахуалды, мемлекет ішіндегі үрдістерді білмейтін, өзіндік саяси көзқарасы қалыптаспаған болашақ маман туралы не деуге болады? Саяси мəдениет патриотизммен тығыз байланыста. Саяси мəдениет əлемдегі, елдегі саяси үрдістерді дұрыс пайымдауға, ел мүддесін қорғауға, Отан дамуына қолынан келгенше үлес қосуға даяр азамат болуға септігін тигізері анық.
Болашақ маманның дүниетанымы, саяси көзқарастары өз елі — жаңа əлемдегі жаңа Қазақстанның тұрақты дамуына, ел бірлігі мен қоғамдық келісім мақсаттарына, саяси үрдістердің дұрыс бағыт-бағдар алуына өз үлесін қосуға, өзі таңдаған, еңбек ететін салада мемлекеттік саясатты жүргізуіне əсерін тигізеді. Студент-жастар ертеңгі күнде адам қызметінің əр түрлі салаларында жоғары білікті маман ретінде қызмет атқарады. Бүгінгі студенттер арасында ертеңгі күнде басшылық Қазақстанның ұлттық идеологиясын басшылыққа алып, еңбек ұжымдарын, қол астындағы қызметкерлерді ұйым мақсаттарына жұмылдыратын, бағыттайтын жастар да аз емес. Сондықтан жоғары кəсіби білім жалпы мəдени, кəсіби құндылықтарды меңгерумен, студенттердің саяси мəдениетін қалыптастыруды болжайды. Осы тұрғыдан барлық мамандықтардың оқу жұмыс жоспарларына «Қазақстанның даму стратегиясы», «Саясаттану», «Саяси мəдениет негіздері», «Толеранттылық негіздері» сыңарлы элективті курстарды кірістіру орынды деп білеміз.
Алдымен, жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихы» пəнін оқытудың саяси мəдениетті қалыптастырудағы мүмкіндіктерін толығырақ пайдалануға мəн беру қажет деп ойлаймыз. Студенттерге бұл пəнді оқыту жалпы білім беретін мектептерде «Қазақстан тарихы» пəнін оқытудан ғылыми-əдістемелік, дүниетанымдық, саяси бағыттылығы тұрғысынан мүлдем айрықша болуы, болашақ маманның біртұтас саяси көзқарасын қалыптастыру мақсаттарына қызмет етуі зəру деп білеміз.
Саяси тəрбие еңбек тəрбиесімен байланыста жүзеге асырылған жағдайда саяси білімдерді игеру, жастар бойында қалыптастырылатын саяси сана-сезім жəне саяси белсенділік дағдылары қоғам пайдасына еңбек арқылы жаңа мазмұнға ие болады. Өнімді еңбек саяси санаға өзгеше мəн береді. Жастар саясаттың адамдардың бақытты өмір сүруі үшін қызмет етуге тиісті рухани құрал екендігін терең сезінеді. Əсіресе еңбек салаларымен байланысты мемлекет саясатын ұғынуда еңбек тəрбиесінің рөлі өте жоғары. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін жастардың өкіметтің агросаясаты туралы қажетті деңгейде түсініктері болуы керек. Басшылық лауазымындағы жастарға кəсіби қызметте осы саладағы мемлекет саясатын білу ғана емес, оны нақтылы іс-қимылдармен іс жүзінде жүзіге асыру дағдылары өте маңызды.
Саяси сауаттылығы жеткіліксіз тұлғаның азаматтық позициясы, өтансүйгіштік сана-сезімі туралы не деу мүмкін? Саясаттан тыс, адам қызметінің басқа да салаларында оқитыны, жұмыс істейтін жастарда кəсіби қызметте, қоғамдық өмірде азаматтық белсенділік танытулары үшін олар мемлекет саясатын, өз саласындағы мемлекет саясатының оларға сүйенуі керек.
Саяси сауатты жастар қоғамдағы саяси үрдістерге ықпал ете алатын, əсіресе мемлекетті басқаруға, басқару органдары ісіне қоғамдық көмек беруге дайын болады. Немесе өз қызмет саласында (білім, ауыл щаруашылығы, өндіріс т.б.) мемлекеттік саясат ұстанымдарын жүзеге асыруға саналы түрде кіріседі.
Саяси сауаттылық жастардың саяси сезімдерін тəрбиелейді. Қоғамдағы саяси оқиғалар мен процестерді дұрыс қабылдауға, өзі іс-əрекетінде басшылыққа алуға, қоғамға теріс саяси- идеологиялық əсерлерге берілмеуге иммунитетті қалыптастырады. Сонда ғана жастарымыз тəуелсіз Қазақстанның саяси құндылықтарын қорғауға даяр болады.
Бүгінгі таңда оқушы жастардың саяси мəдениетін тəрбиелеуге жаңашыл тəсілдерді енгізу қажет. Əсіресе оқушы-жастардың саяси мəдениетін тəрбиелеуде мына тəсілдерді басшылыққа алған мақсатқа сай деп есептейміз:
- ақпарат ауқымы кең қазіргі жағдайларда жастардың саяси ақпаратқа, негізінен, Қазақстан мемлекеттік саясаты туралы білімдерге деген қызығушылықтарын, оларды меңгеруден жеке мүдделіліктерін арттыру;
- оқушы жастардың қоғамдық үрдістерге, қоғамдық басқару, өзін-өзі басқару процестеріне көбірек тарту;
- жастардың қоғамдағы əлеуметтік үрдістерді саяси ұғынуға деген ұмтылыстарына қолдау көрсету;
- мемлекет органдары мен жастар ұйымдарының серіктестігін күшейту, жастарды мемлекеттік органдар жұмысына көмек көрсету, қоғамдық-саяси процестерге қатыстыру;
- Қазақстан қоғамының саяси құндылықтарын жастар бойына сіңіру, оларды қорғауға баулу, теріс саяси əсерлерге қарсы иммунитетті тəрбиелеу;
- жастарға өз азаматтық сапаларын толық көрсетуге жол ашу;
- жастардың қоғам дамуына, ел мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерде шешуге бағытталған саяси бастамаларына қолдау көрсету;
- жастардың саяси көңіл-күйін ұдайы қадағалау, дұрыс бағыттау. Саяси ақпаратқа қызығушылықты оятудың тəсілдері ретінде:
- студенттердің бұқаралық ақпарат құралдарынан жаңалықтарды көру, қысқаша тезистер құрастыру жəне кішігірім баяндамаларды əзірлеп, кураторлық сағаттарында группаластарына хабарлауы;
- саяси ақпараттарды студенттердің болашақ мамандығымен байланыстыра пайдалану (мысалы, «Мұнай-газ» мамандығы студенттеріне мұнай саласындағы əлемдік саясат туралы нақты деректерді келтіру, оның мұнай өндірудегі мəселелерге əсерін суреттеу);
- мамандық саласындағы саяси тақырыптарда пікірталас;
- мемлекеттік, өңірлік деңгейдегі , кездесулер барысында қалыптасатын саяси мəдениеттілік үлгілеріне еліктеу (қызықты, өміршең саяси ақпарат, шешенділік үлгілері, кең дүниетаным, ой-өрісті таныту);
- университет көлемінде өтетін саяси-тəрбиелік, ағарту іс-шараларында белсенді қатысу (мысалы, Елбасы Жолдауларын жастар арасында насихаттау);
- ақпарат құралдары арқылы қызықты формада ұсынылатын саяси ақпараттарды атап өтуге болады.
Оқушы-жастардың қоғамдық үрдістерге, қоғамдық басқару, өзін-өзі басқару процестеріне көбірек тарту үшін жоғары оқу орындарындағы қоғамдық ұйымдардың студенттер арасындағы беделін арттыру, сондықтан олардың жұмысының студенттер ұжымын, əрбір студенттің дамуы үшін пайдалы нəтижелерін нақтылы нəтижелермен көрсетуге ұмтылу керек. Шынында да, қазіргі таңда университеттердегі жастар ұйымдары баяғы 1950-жж. аты шулы Комсомол ұйымы емес.
Студенттердің басым көпшілігі тіпті университеттегі жастар ұйымдарының атын да білмейді, белсенділерін де танымайды. Жастар ұйымдары студенттердің көпшілігі үшін тартымды деуге болмайды. Жастар ұйымдары жұмысында немқұрайлылық жиі кездеседі.
Жастардың қоғамдағы əлеуметтік үрдістерді саяси ұғынуға деген ұмтылыстарына қолдау көрсету мақсатында жоғары оқу орындарында қоғамдық пəндерді оқытудың сапасын арттыру маңызды. «Қазақстан тарихы» пəнін оқытуда фактологиялық материалдардан аналитикалық материалдар беруге, студенттердің саяси-қоғамдық үрдістерді талдау нəтижесінде өзіндік тарихи, саяси, идеялық көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасау керек. Əрбір оқу пəні маңында студентке мейлінше саяси білімдер беру, ұлттық идеологиямызды оның санасына сіңіру туралы ойлауымыз керек. Мəселе мүлдем жоғары оқу орнында оқытуды саясаттандыру туралы емес. Бірақ саяси тұрғынан сауатсыз маман өз саласын дамытуда патриоттық танытпайды, мемлекет саясатының жүргізушісіне айналмайды, тек тар өндірістік міндеттерді шешуге даярланған болады.
Мемлекет органдары мен жастар ұйымдарының серіктестігін күшейту, жастарды мемлекеттік органдар жұмысына көмек көрсету, қоғамдық қадағалауға, қоғамдық-саяси процестерге қатыстыру студент-жастардың басшылық қызметіне бейім болашақ басшы кадрларды таңдауға, мемлекеттік қызметкерлер резервін дайындауға жағдайлар жасайды. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы əкімі аппараты мемлекеттік қызметкерлерді дайындау орталығы тарапынан жоғары оқу орындарының белсенді студент-жастары үшін мемлекеттік қызмет туралы бастауыш білімдер беретін курстар ұйымдастыруда. Мемлекетік органдар мен жоғары оқу орындары қоғамдық ұйымдарының серіктестігі студенттер белсенділері жұмысының мазмұнды, сапалы болуына, білім беру ұйымы студенттік қауым арасындағы оның беделін артуына да ықпалын тигізеді.
Жастардың қоғам дамуына, ел бірлігіне қызмет ететін, мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерді шешуге бағытталған саяси бастамаларына қолдау көрсетуде жергілікті басқару органдары, қоғамдық қорлардың кеңестік, ұйымдастырушылық, қаржылық қолдауы маңызды роль атқарады. Жастардың əлеуметтік-экономикалық бағыттағы бастамалары жобалар түрінде ұсынылып, сарапшылар талқылауынан, арнайы комиссиялар тексеруінен өткеннен соң, ең үздік жобалар жергілікті қоғамдық қорлар тарапынан қаржыландырылады. Сондай-ақ жастардың қоғам дамуына, ел бірлігіне қызмет ететін, мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерде шешуге бағытталған саяси бастамалары да қажетті деңгейде қолдауын табуы тиіс. Мысалы, патриоттық акциялар өткізу, кең жұртшылыққа жаңа заңнамалық құжаттарды, өзгерістерді түсіндіру, мемлекеттік тілді үйрету бойынша студент-жастардың волонтерлік əрекеттері қажетті қолдау табуы мүмкін.
Жастардың саяси көңіл-күйін ұдайы қадағалау, дұрыс бағыттау — саяси мəдениетті тəрбиелеудің маңызды бағыты. Осы тұрғыдан жоғары оқу орындары жастар ұйымдары саяси білім беретін кафедралар профессор-оқытушыларымен бірлестікте мониторинг жүргізуі жақсы нəтижелер береді. Біздің жастарымыз елдегі, əлемдегі саяси үрдістерді дұрыс пайымдауы жəне бағалауы керек. Мемлекет саясатын дұрыс түсіну, саяси сауаттылық, идеологиялық кемеледілік, сын тұрғысынан ойлау əр түрлі саяси ақпараттарды, көзқарастарды оң бағалай білуге дағдыландырады. Студенттің өз ойы, өз пікірі қалыптасады, ол өз елінің патриоты екендігін ұмытпайды, сыртқы теріс саяси əсерлерге берілмейді, əр қандай саяси ақпараттарға көзқарастарын білдіруде «Мəңгілік Ел» құндылықтарын қашанда жоғары қояды.
Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда оқушы-жастардың саяси мəдениеті олардың азаматтық белсенділігінің маңызды құраушысына айналды. Білім беру жүйесінде білім алушылардың саяси мəдениетін қалыптастыру қазіргі саяси құндылықтарын игерумен шартталады. Ата Заңымыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы, Президент Тоқаевтың Жолдаулары, сөйлеген сөздерінде алға қойылған міндеттерді, барша қазақстандықтарға ортақ саяси құндылықтарды, азаматтық құқық ережелерін, қоғам, табиғат пен өзара əрекеттесудің құқықтық, рухани-адамгершілік аспектілерін тек білім деңгейінде ғана емес, тəжірибелік сипатта, нақтылы өмірлік мəселелерді шешуге даярлық дəрежесінде игеру өте маңызды. Саяси құндылық бағдарлардың қалыптасуы оқушы жастардың дүниетанмын, патриоттық сапаларын қалыптасуына ерекше əсер етеді. Əрбір жас адамның санасында қазіргі күрделі халықаралық жағдайлардағы өмірлік əрекеттерде дұрыс шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Жастар əлемдегі жəне ішкі саяси оқиғаларға дұрыс баға бере алатын болады.
R-ақпарат