Бүгінгі таңда Орталық Азияның барлық елдерінде адам саудасы мәселесі өзекті болып тұр. Қазақстандағы адам сату, құлдықта ұстау динамикасы да өте шиеленіскен. Әсіресе, еңбек мигранттарын шалғай жерлерде мал бақтыру, егін ектіру сынды қара жұмысқа жегуден бастап, қыздарды сексуалды құлдыққа салуға дейін кездеседі.
Халықаралық еңбек ұйымының статистикасы бойынша, жыл сайын әлемде 2,5 миллион тұрғын адам саудасының құрбанына айналады. Пайыздық жағынан көп зардап шегуші — әйелдер мен балалар.
Адам саудасына қарсы күреспен айналысатын «Қайсар» қоғамдық қорының төрағасы Оксана Тарабукинаның сөзінше, Қазақстанда көп жағдайда құлдықта болған шетелдіктердің ісі сотқа дейін жетпей қалады. Құқық қорғау саласы мамандарының сөзінше, көп жағдайда адам саудасының негізгі құрбандары — құжатынан айрылғандар.
Адам саудасының жағдайына түсу қаупі жоғары топтар – бұл жеке куәлігі жоқ адамдар; жұмыссыздар; үйсіз адамдар; мүмкіндігі шектеулі адамдар; заңсыз мигранттар. Ықтимал құрбандарға қатысты қылмыскерлер әртүрлі ықпал ету және тарту тәсілдерін қолданады – сенімді теріс пайдалану, алдау, психологиялық қысым көрсету, бопсалау, қорқыту, тәуелді жағдайға душар ету, күш көрсету зорлық-зомбылығын қолдану және т. б. Адам саудасының белгілеріне: құжаттардың болмауы не олардың басқа адамдарда болуы; борыштық құлдық; басқа адамдар тарапынан оны бақылау белгілері; адам саудагерлеріне тәуелділік; жазадан қорқу; зорлық-зомбылық белгілері; құқық қорғау органдарынан көмек сұраудан қорқу; туыстары үшін қорқыныш; байланыс құралдарының болмауы не олардың басқа адамдарда (оны бақылайтын) болуы жатады.
АДАМ САУДАСЫНЫҢ ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН ТҮРЛЕРІ
Адам саудасының жиі кездесетін түрлері: жыныстық қанау; еңбектік қанау; үй еңбегіне мәжбүрлеу; адам органдарын сатуға алып қою; қайыр сұрауға немесе қылмыстық әрекетке мәжбүрлеу; заңсыз асырап алу үшін балаларды сату.
Тәжірибе көрсеткендей, әйелдер мен қыздар жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүр болады, ал ер адамдар қара жұмыс, үй шаруашылығында пайдаланылады.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЙ ӨҢІРІНДЕ АДАМ САУДАСЫ ӨРШІП ТҰР?
Адам саудасы — бұл жасырын қылмыс, оны анықтау керек. Адам саудасының түріне байланысты сипаты да әртүрлі. Егер бұл жыныстық қанау болса, онда қыздар жұмысқа қабылданады және ірі қалаларда жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болады, егер бұл еңбек қанауы болса, керісінше, азаматтар ауылдық жерлерде жұмыс істеуге мәжбүр болады. Сондықтан бұл барлық облыстарда анықталған.
Мәселен, ішкі істер органдары соңғы үш жылда адам саудасына байланысты жыл сайын 200-ге дейін қылмыстық іс қозғайды. 90-ға дейін жәбірленуші анықталып, 140-қа дейін кінәлі адам сотталады.
ПАНДЕМИЯ ЖӘНЕ АДАМ САУДАСЫ
Тәжірибе көрсеткендей, адам саудасына байланысты қылмыстар карантин кезеңінде де жасалады. Дегенмен, бұл уақытта анықталған қылмыстардың күрт өсуі немесе төмендеуі байқалмайды.
R-ақпарат