Шымкентте шығыс пен батысты жалғастырып, алысты жақын етіп, берекелі бірлікке ұластырып отырған қоғамдық көлік қызметкерлері «Қала күні» мерекесіне орай «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» РҚБ-нің өңірлік филиалының құрамындағы «ТТК» ЖШС, «Радуга» ЖШС, «T-BUS» ЖШС автопарктерінің көлік жүргізушілері марапатталды. Салтанатты шараға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.
Қоғамдық көлік саласының қызметкерлері мезгілдің ыстығы мен суығына, уақыттың күні мен түніне қарамай, еселі еңбек етіп жүрген жол тарландарының ел экономикасын еселеудегі қосар үлесі зор. Қоғамдық көліктердің қызметі — темірдей тәртіпті, жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі сала. Осындағы жүктелген міндетті мінсіз, тапсырманы тиянақты орындап жүрген сала мамандары қандай мақтауға да лайықты.
Осы орайда, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып, көлік қатынасын өрге сүйреп жүрген көлік қызметкерлерін құттықтаған «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев: «Көлік инфрақұрылымының аса маңызды құрылымдарының бірі халықты жолаушы тасымалмен қамтамасыз етіп отырған — қоғамдық көлік қызметі. Қалада қай бағытқа сапар шексек те қоғамдық көлік қызметі дайын тұрады. Бұл – ел Тәуелсіздігінің жарқын бір көрінісі. Сондай-ақ, осы салада аянбай қызмет етіп жүрген азаматтарымыздың қажырлы еңбегінің жемісі деп білемін. Соңғы жылдары шаһарымызда көлік саласы қарқынды дамуда. Бұның барлығы Сіздердің маңдай терлеріңіз бен еселі еңбектеріңіздің нәтижесі. Кәсіподақ үнемі қандай жағдай болмасын жандарыңыздан табылып, қолдау көрсетуге дайын. Баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық, атқарып жүрген жұмыстарыңызға толағай табыстар тілеймін», – деп, АКБ төрағасы мерекеге мерейлі жеткен мақтаулы сала мамандарына Төс белгі мен Алғыс хаттар табыстады.
Ұзақ жылдар бойы осы салада қызмет атқарып, өз іздерін басып, істерін жалғастыратын лайықты буын тәрбиелеген аға ұрпақ өкілдеріне, яғни, әлеуметтік әріптестерге Төс белгі тағылды.
Барша марапат иелерін құттықтаймыз!