• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Қайырымдылық қағидаты – көмек көрсету!

Автор:admin

Июл 4, 2022
Spread the love

Қазақстан тұрғысындағы мысалдар: кеше, бүгін және ертең Қайырымдылық жасау, көмек көрсету – бұл барлық әлем халықтарының байырғы заманнан келе жатқан дәстүрі. Қазір осы құбылыстың нақты қашан пайда болғанын дөп басып айту тіпті, мүмкін емес. Сондықтан, көмек көрсетудің қажеттілігі көптеген мыңжылдықтар бойы қалыптасқан деп тұжырым жасауға толық негіз бар. Ал бүгінде өтеусіз жасалатын мұндай көмектер кез келген қоғамда, кез келген әлеуметтік-мәдени қауымда молынан кездеседі. Біздің бабаларымыздың санасында жақындарына ізгілік көрсету қажеттілігі туралы ұғым сонау ерте заманда-ақ қалып­тасты әрі бұл әрбір қазақтың бауырмалдық, туыстық міндетіне айналды. ХХ ғасырдың басында Қазақ­станда капиталистік қарым-қаты­настар дамып, кәсіпкерлік өркен жая бастады. Жергілікті көп­ес­термен тиімді сауда қаты­нас­тарын орнатқан америкалық, неміс және ағылшын фирмалары жұмыс істеуге кірісті. Қазақ­стан­ның барлық аумағын өздері­нің экономикалық ықпалына бейім­дей отырып, олар түрлі өңір­лер­дегі өнеркәсіп иелерімен де ынтымақтастықта болды. Жалпы, XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін дәстүрлі патриарх­алды құрылыстан индустриялы құ­рылысқа өтудің бастауы болып табылды. Сөйтіп, кәсіпкерліктің, сауданың, «классикалық» капи­та­листік қарым-қатынастың дамуы­мен қатар қайырымдылық та дами бастады. Ендігі жерде қа­йы­рымдылық түрлері бір жол­ғы­дан жүйелі түрге ауысты. Әрі оның көлемі де молайып, білім­нің, мәдениеттің, өнердің қамын ойла­ған көптеген меценаттар шықты. Қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың арасында төменде аттары аталған азаматтар алдыңғы қатардан көріне білді. Мәселен, Шығыс өңірінде  Мұсатай Молдабайұлы, Әбді­рах­ман Жүсіп­ұлы, Ике Әділұлы, Александр Ерыкалов, Жұмеке Оразалыұлы, Медеу Оразбайұлы, Хасен Ақайұлы, Ыбырай Ақбай­ұлы, Әлихан Бөкейхан болды. Ал Батыста Әлнияз Тобанияз­ұлы, Салық Омар­ұлы, Сәлімгерей Жантө­рин, Иса Көпжасарұлы ерекшеленді. Оңтүстікте Ахмет және Мұстафа Оразай ұлдары, Маман байдың ұлдары – Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл, Садық Өтегенұлы бар еді. Олардың аты-жөндері отандық тарихта ХХ ғасыр басындағы Алаш ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің есімдерімен қатар жазылуы тиіс. Қазақтың мал өсіретін байлары мен көпестері де, Алаштың бетке ұстарлары сияқты 30-жылдары қатал репрессияға ұшырап, «қанаушылар тобы», «ұлттық буржуазия» ретінде қуғындалған. Бүгінде сол бір қайырымды жандарды, олардың ізгі істерін көпшілік біле де бермейді. Тіпті, ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы ұлттық тарихымызды зерттеп жүрген ғалымдардың өзде­рі алғашқы меценаттардың есім­дерін жете білмейді. Өйткені, Қазақ­станның қайырымдылық жасау тұрғысындағы тарихын зерттеумен ешкім нақтылы айналыспайды. Сондықтан да, қайырымдылықтың философиялық һәм идеялық негізінде не жатыр деген басты сұрақтың жауабы жоқ. Революцияға дейінгі Қазақ­станда қайырымдылық жасауға ерекше көңіл бөлінгендігін елдегі қайырымдылық пен қоғамдық қамқорлық мәселелеріне арналған «Қайырымдылық жаршысы» деген арнайы журналдың үлкен сұраныспен таралғанынан-ақ байқауға болады. Кейін революциядан соң, кеңес билігінің алғашқы жылдары қайырымды­лық саласындағы міндеттерді мемлекеттік органдар атқара бас­тады. Бұл жұмысшылар мен шаруалардың мемлекеті ретінде құрылған кеңестік мемлекеттің барлық «қорланғандар мен жә­бірленгендерді», «қайғылылар мен қиналғандарды» қорғаушы және олардың қамқоршысы функция­сын өз мойнына алуымен негіздел­ген еді. Ал 1917 жылы қоғамдық ­жа­н­ашырлық жасау саласында­ғы барлық өкілеттіктер берілген Мемлекеттік жанашырлық жасау халкомы мен Әлеуметтік қамсыздандыру халкомы құ­рыл­ды. Осылардың дек­рет­терімен және қаулыларымен Ресей патшалығы тұсындағы қайырымдылық ұйымдардың барлығы дерлік таратылды, олардың орындарына жаңа кеңес ор­гандары – Ана мен нәрес­тені қорғау алқасы (1918 ж.), Қызыл әскер­лердің балаларын қамта­масыз ету қоры (1918 ж.), Кәмелет­тік жасқа толмағандарға арналған комиссия (1918 ж.) және басқалары құрылды. Алайда, 1923 жылы В.И.Ленин бұларды «буржуазиялық көрі­ністер» деп атап, елдегі зайырлы қайырымдылыққа толық ты­йым салды. 1928 жылға қарай осы жағдай тіпті, шіркеу жана­шыр­лығын да қамтыды. Бірақ, осыған қарамастан, революцияға дейін 1859 жылы жазушылар мен ғалымдарға мұқтаж жәрдемақы қоғамы ретінде пайда болған Әде­биеттік қор және кейбір шығар­машылық одақтар сақталып қалды. Кеңес өкіметі құрылған кезде қайырымдылық функциялары­ның көбісі мемлекеттік орган­дардың – комиссариаттар (кейін­нен министрліктер) мен әртүр­лі комитеттердің қол астына шо­ғырланды. Тек кейбір қайы­рымдылық ұйымдар ғана қоғам­дық негізде өмір сүруді жалғас­тырды. Осы ұйымдардың қызметі 1970 жылға дейін ЖОАК және РКФР НКО-ның 1932 жылғы 10 шілдедегі «Ерікті қоғамдар және олардың одақтары туралы ережелермен» регламенттелді. Бұл құжат 60 жыл бойы жал­пы­одақтық маңызы бар жал­ғыз нормативтік акт болып танылды. Онда Кеңес Одағындағы қайырымдылық қоғамдардың ұйымдастырушылық құры­лым­дары, функциялары, өкілеттіктері және қызметтің басқа да маңызды мәселелері айқындалды. КСРО тарағаннан кейін қайы­рымдылық бірлестіктері­нің функцияларын атқарып тұрған мекемелер кешені өз қызметін тоқтатты. Бірақ бүгінде қайырымдылық практикасы қалпына келтірілді және бұл істе Қазақстан жеріне өзінің тәжірибесін алып келген шетел компанияларының рөлі аз емес. Уақыт өте келе ең алғашқы аса күрделі қайырымдылық жобалары пайда болды. Қазіргі таңда Қазақстанда қайы­рымдылық қызметпен кез келген адам айналыса алады. Негізінен қайырымдылықтың даму деңгейі елдің жалпы әлеу­меттік-экономикалық өркендеу дәрежесіне тікелей байланыс­ты. Халықтың әл-ауқат деңгейі жоғары, бизнес сектор мықты және тұрақты болған сайын, қайы­рымдылық қызметінің қалып­тасуына және дамуына қажетті шарттар көп болады. «Асар» дәстүрі тек қазақ елінде ғана емес, сондай-ақ, Қа­зақстанның барлық этностары арасында кең танымалдыққа және әлеуметтік практикаға айналды. Жылу, сыбаға сияқты әдет-ғұрыптар жаңа мәнге ие болды. Мемлекет басшысы Үкіметпен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, барлық өңірлердің әкімдерімен бірлесе отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында елдегі барлық қайырымдылық акция­ларын үйлестіру мәселелерін пысықтауды тапсырған болатын. Ел Президенті 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялағаннан кейін, тап сол жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы әрбір адамға бағытталған бірқатар жалпыұлт­тық қайырымдылық акцияла­рын өткізді. «20 игі іс» әлеумет­тік акциясының шеңберінде 90198 адам 5 млрд. 623 млн. 911 мың теңгеге көмек алды. Ал осы акцияға қатысушылардың саны 2586469 адамды құрады. Дегенмен де, Қазақстандағы қайырымдылық институты әлі де қалыптасу үстінде. Бұған қазіргі осы мақсатқа жұмсалған шығынның көлемі мен қоғамның көзқарасы куә. Айта берсек, тіпті, Қазақстанда жұмыс істейтін қайырымдылық қорларының саны да белгісіз. Өйткені, қайы­рымдылық қорларына байланысты нақты статистика жоқ. Сондай-ақ, ақпарат алмасу істері де жүйеленбеген. Осының салдарынан қайырымдылық қорла­рының көбін жұрт біле бер­мейді. Оған бөлін­ген қаржылардың қайда жұмса­лып жатқанынан да бейхабар. Оның үстіне, қорлар көп жағдай­да көпшілікке ешқандай есеп бер­мейді. Соның кесірінен қоғам мен бизнес өкілдерінің қайырымдылық ұйымдары мен қорларға деген сенбеушілігі туындап жатады. Және бір келеңсіз жайт, соңғы уақыттарда «ерікті-мәжбүрлі» қайырымдылық түрлері күннен-күнге әйгіленіп келеді. Яғни, бақуатты компанияларға жолданатын өтініштер көбіне мемлекет­тік органдардың атынан (әртүрлі мемлекеттік ведомстволар, әкімдіктер және т.б.) келіп түсуде. Сондықтан, бизнес өкілдерінің қайырымдылық шараларына қатысуы тең емес. Ал бұл бір­қа­тар мән-жайларға негізделген. Біріншіден, бизнестік ортада осы қызметтің бірыңғай бағдар­ламасы жоқ. Әрбір компания өз мүддесін көздей отырып, өзінің қайырымдылық пара­метр­лерін айқындайды. Екін­шіден, қайырымдылық қызметті өзінің нысаны және мазмұны бойынша қалай және кім қа­лыптастыратынына байланыс­ты. Бұл бизнестің үкіметтің жария немесе латентті талаптарына берген жауабы болып табылады. Міне, осының барлығы қайырымды­лық бизнесін түсінуге арналған конвенциалды тәсіл әлі де ­пайда болған жоқ деп айтуға толық негіз бар. Жалпы, ашығын айтсақ, көп­теген қайырымдылық қорлары өте тиімсіз жұмыс істейді. Бұған бірден-бір себеп, олардың қол­да­рында теориялық және әдіс­те­мелік база жоқ. Содан барып көбіне қа­йырымдылық құралдарын тиімсіз жұмсау проблемалары туындайды. Қайырымдылықты дамыту жолындағы елеулі проблема­ның бірі, жоғарыда айтып өткеніміз­дей, қайырымдылық қызметті ақпараттық және насихаттық қол­даудың тым жұтаңдығы. Өйткені, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мұндай көмек көрсетуге асық­пайды, тіпті, көп жағдайда, бұл мәселе оларды мүлдем қызық­тырмайды да. Себебі, олар бірінші кезекте әрдайым өз мүдде­лерін, яғни коммерциялық тиім­ді­лігін ойлайды емес пе?! Ал қайы­рымдылықтан қалтасына түсер қандай пайда?! Тек «құрғақ қасық – ауыз жыртадының» кері ғой! Алайда, бұл үшін оларды кінәлай да алмайсың. Өйткені, қазір есептің заманы. Ақпарат құралдары да әлдеқашан бизнес-есепке көшкен. Сондықтан бұл жерде қайырымдылық істеріне байланысты ақпараттарға мемлекет тарапынан арнайы гранттар бөлініп, қолдау көрсетілгені жөн. Қазіргі уақытта қайы­рым­ды­лық туралы заң әлемдегі көп­теген елдерде бар. Тіпті, мұндай құжат Түрік­менстан, Тәжікстан, Өзбекстанда да қолданылып келеді. Біле-біл­сек, дәл қазір ол аса қажетті заң­дардың бірі. Атал­мыш құжат қайы­рым­ды­лық сала­сындағы құқық­тық қа­тынас­тардың сипа­тын ай­қын­дайды, сондай-ақ, қайы­рым­дылық қыз­метпен айналысатын ұйымдар үшін мемлекеттік қолдау нысандарын белгілейді. Алайда, қайырымдылыққа қатысты осынау маңызды құжат Қазақстанда бұдан 15 жыл бұ­рын әзірленіп қойылғанына қара­мастан, күні кешеге дейін қабыл­данбай келді. Тек 2015 жыл­дың 16 қарашасында ғана Мемлекет басшысы Бес инс­титуттық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асы­руға және қайырымдылыққа, оны ынталандыруға арналған құ­қықтық негіздер құруға бағыт­талған «Қайырымдылық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заң қайырымдылық саласында туындаған қоғамдық қатынастарды реттейді. Оның мақсаты қоғамдағы қайырым­ды­лықтың рухани-адамгершілік құн­ды­лық­тарын қалыптастыру, қолдау және нығайту жолымен қоғам­ның өзіндік ұйымдас­тыру­ын дамытуға ықпал ету болып ­табылады. Алайда, жақсы заңды қабыл­дау – бұл істің жартысы ғана. Енді осы құжат еліміздегі қайы­рымдылықты жандандыруға, қазақстандық қайы­рымдылық дәстүрлерін жаң­ғыртуға және сол арқылы азамат­тық қоғамның шоғырлануын қамта­масыз етуге көмектесуі тиіс. Заңда ерекше рөл Қазақстан хал­қы Ассамблеясына бе­рі­л­ген. «Қайырымдылық туралы» ҚР Заңының 7-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілікті, достық пен қоғамдық келісімді, халық бірлігін нығайту мақсатын­да елде қайырымдылықты дамыту­­ға жәрдемдесіп, қайырымдылық ­саласында үйлестірушілік және өзге де қолдау істерін жүзеге ­асыруы тиіс. Қорытындылай келе, қайы­рымдылық тек қоғамда әлеуметтік ынтымақтастық атмосферасын құру үшін ғана маңызды емес екенін атап өту қажет. Қайы­рымдылық Қазақстанның бола­шағы үшін өте маңызды болып табылатын экономикаға әлеуметтік сипат беретін әкімшілік тәсілмен либералдық-нарықтық балама болуы әбден мүмкін. Олай болса, жақсылықты жар салып, неге паш ептеске деген ой келері анық. Дегенмен адам жаратылысында, рияшылдық, мақтаншақтық сынды жағымсыз қасиеттер де бар. Жасаған титімдей ғана жақсылығын алты ай жыр қылып, суретке түсіріп, бейне роликтер шығарып әуреге түсіп жүретіндер де бар. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, арасында ауыз толтырып айтарлықтай қайырлы іс қылса да өзі мен Жаратушы иеміз ғана білгенін құп көретіндер баршылық.

Асыл дініміздің де бес тірегенің бірі – зекет беру. Ал зекет – негізгі қажеттіліктерден артылған дүние-мүлкіңіз шариғат бекіткен шамадан асқанда жыл сайын белгіленген үлесін өзіңізді жаратқан, ризық берген, ақыл мен қуат берген Хақтың разылығын ниет етіп лайықты адамдарға беріп отыру. Жылына бір мәрте рамазан айын­да  жан басына пітір садақасы мен мұсылмандардың ең ұлық мерекесі – Құрбан айтта мал шалып, оның етін үшке бөліп бір бөлігін өз отбасыңызға, бір бөлігін жақын-жуығыңызға, қалған бір бөлігін жетім-жесірлер мен міскіндерге беруге міндеттеген. Ал бұл міндетті садақа түрлерінен тыс көңіліңіз қалаған кезде қайырымдылық жасап отырудың мол сауапқа кенелтетіндігін көптеген аяттар мен хадистерде сүйіншілеген. Алланың азанымен таң атырып, дәс­түрін дінімізбен өрнектеген дана халқымыз «бастан пітір, малдан зекет, егіннен үшір» деп, бұл міндетті садақа түрлерін Алла алдындағы құлдық һәм адам алдындағы адамгершілік міндеті ретінде қарастырып, санасына сіңіріп жіберген. Сонымен бірге «көршісі аш бола тұра өзі тоқ ұйықтаған адам бізден емес» деген пайғамбарымыздың хадисін жете ұғынған мұсылман жан көрші-көлемдерімен жақын араласып, хал жағдайларынан хабар алып, қолына түскенін бөліп жеп, «аң-құстан сыралғы, соғымнан сыбаға» секілді салттарды қалыптастырып, пайғамбар үмметінен бөлініп қалудан сақтанған. Бір ауылда немесе бір руда біреу қайыр сұраса ол бүтіндей ауылға таңба деп білген  ауқаттылар аумағындағы адамдардың ол деңгейге түспеуіне көңіл бөлген. Айта берсе мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жалпы айтпағым Алланың шариғатына сай өзіндік дәстүрлі жолын қалыптастырған ата-бабаларымыздың тұсында, қайырымдылық жасауды әр адам өзінің жеке басының міндеті деп түсінді. Және ол санаға сіңісті әдеттегі іс болғандықтан оған жарнама жасаудың қажеттілігі болған жоқ.

Ал қазір ше? Кешегі кеңестік құдай­сыз жүйе мен онан кейінгі нарық­тық жүйеге өту кезеңіндегі тоқы­рау заманында көптеген асыл құн­ды­лығымыз санамыздан жылыстап, қолымыздан сусып бара жатты. Біреуге көмек қолын созу былай тұрсын, өзгенің дүниесін олжаласам деген жымысқы ойлар санаға еніп, «мен не үшін өзімнің маңдай теріммен тапқанымнан оған беруім керек» деген пікірге көбірек ыңғай танытыла бастады.

Бірақ Аллаға шүкір ел еңсесі кө­теріліп, тұрмыс түзеле бас­та­ған­да қазақы қанымызда бар – қайы­рымдылық дәстүріміздің жанданып келе жатқаны көңіл қуантады. Ендігі міндет – дінімізбен бірге оралып жан ене бастаған осындай бір асыл құндылықтарымызды насихаттап паш етіп, санаға сіңіру, кейінгі ұрпаққа салт етіп қалдыру.

Жарнама демекші, қазір не көп жарнама көп. Ал қазіргідей нарықтық жүйеде жарнаманың көп болуы да заңдылық. Біреуі өзі ұсынған тауарына жеңілдігін жарнамаласа, екіншісі желілік маркетингті, үшіншісі аз па­йызды несиені, т.с.с. мұның мысалын айтып тауысу қиын. Ал интернет қарасаңыз басында компьютердің алдына не үшін отырғаныңызды ұмы­тып қаласыз. Теледидар көрінген нәрсені жарнамалайтыны соншалық, дастарқан басында  отырсаңыз неше түрлі гигиеналық заттардың жарнамасынан асқа тәбетіңіздің жоғалары сөзсіз. Ал олардың орнына адам бір сүйсінетін ізгілікке шақыратын, бір-біріңізге деген бауырмалдығыңызды арттыратын істерге жарнама жасаса нұр үстіне нұр болмай ма?! Сондықтан жеке бір адамның немесе жеке бір компанияның өнімін жарнамалауға қарағанда қоғамға, кейінгі өскелең ұрпаққа берері мол қайырымдылық сынды асыл қасиеттерімізді жарнамалау лайықтырақ. Мұндағы мақсат, бір-бірімізді қайырымдылыққа үндеу, сараңдық, көрсеқызарлық, дү­ние­қоңыз­дық, көреалмаушылық секіл­ді жеректің дерттерінен айығу, жақсы­лыққа жарысу әрі өзгеге ой салу.

Еліміздің мұсылмандарының қара­шаңыра­ғы – Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының басымдық беріп отырған 4 бағытының бірі – қайы­рымдылық. Осы бағытта ҚМДБ жа­нынан «ЗЕКЕТ» корпоративтік қайы­рым­дылық қоры құрылып, еліміздің барлық облыс, аудандарында белсенді қызмет атқаруда.

Жалпы, қайырымдылық істерді мейлінше паш етіп, жарнамалау – жақ­сылыққа шақыруды тек сөзбен емес нақты іспен өнеге бола білудің бір көрінісі. Өйткені бүгінгідей ақпарат дәуірінде уақыт көшіне ілесіп, әрбір жақсы істерді насихаттап, олардан ғибрат, үлгі алуына мүмкіндік бере­тіндей жарнамалап отыру күн тәртібіндегі қажеттілік. Осы арқылы тек қайырымдылықтың ақша мен мал-мүліктен ғана тұрмайтынын, біреуге қол көмек беру, ең болмағанда жақсы сөз айтудың да сауабы мол садақа екенін ұқтыру – қайырымдылықты өмір салтына айналдыруға жасалған оңды қадам.

«Бояушы бояушы дегенге сақалын да бояпты» демекші, қайырымдылықты жарнамалағанның жөні осы екен деп оңды-солды суретке түсіру де кейде сауабыңызды жойып, халықтың да теріс пиғылына жетелеуі ықтимал. Себебі, қайырымдылық көмекті алып жатқан адамды жалпақ жұртқа мүсәпір етіп көрсету, кейде балаларды да суретке түсіріп, ол баланың болашақта еңсесін тіктеп жүруіне кедергі келтіріп, тіпті кей жағдайда қатарларының әжуасына қалдырып, соңы ауыр жағдайларға ұрындырған жәйттары да кездесіп қа­лады.

Қорыта келгенде, адамдардың абыройына нұқсан және де болашағына зиян келтірмейтіндей (фото-бейнеге артқы жағынан, бейнесін танымайтындай етіп түсіріп) етіп, сонымен қатар жарнама жасағанда рия мен мақтаншақтықтан ада болып, тек ғибрат және ой салу тұрғысынан ғана қарап қайырымдылықты жарнамалау – уақыт талабы.

Өмір – бумеранг деп жүрміз. Өңі өзгергенмен өзегі сол бұрынғы. Сөз төркіні жалған дүниеде жасаған әр іс-әрекетің өзіңе қайтып ораладыға саяды. Оны Абай атамыз:

«Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен.

Құдай қылды деулерді,

Шығарамын сөзімнен», – деп әсерлі оймен өрнектесе, дана халқымыз: «Жақсының жаны – жәннат», «Жақсының соңынан көп ереді», «Жақсы сөз – жарым ырыс», – деп жақсы сөздің парқын көтереді.

Асыл дінімізде «Ешкімге зияның тимесін, сонда ол, өзің үшін берген садақа болады» немесе «Әрбір тіршілік иесіне жасалған жақсылық сауап ретінде жазылады» деп тарқатса, ойшыл Жан Жак Руссо: «Шынайы жақсылық – адамдарға деген шексіз мейірімділіктен көрінеді» деп бағамдайды. Жақсылықты сатуға болмайды және оны сатып та ала алмайсыз. Ол жүрек қалауымен болатын нәрсе. Біреуге жасаған жақсылықты пұлдап айтатын болса – оның сауабы болмайтынын үлкендер жиі айтады. Көшеде жоқ іздеген, жөн сұраған жанға жол көрсету де жақсылық жасау болып табылады. Сырттың адамына жөн сілтеудің орнына басқа жақты көрсетіп, кері жіберген талай келеке етушілерді де өмірде кездестірдік. Қарақан бас қамы үшін біреуге ор қазып жүріп, оған өзі түскен жайт та жетерлік. Жақсы сөйлеу, жақсымен жолдас, жақсы көңіл-күйде болу, жақсылық жасауға тырысу, жақсы тілек айтуға ықыластану да ниеті ізгі, пейілі тазаның ісінен. Мұндай сәттерде адам жаны жадырап, жылылықты сезінеді. Бойға ерекше қуат пайда болады. Адам өмір сүруге құлшынады, арман-мақсатқа ұмтылады. Одан жақсы ой, жақсы пікір қалыптасады. Қоғамға жақсы көзқараспен қарайды. Ертеңгі күннен үміт күтеді, бүгінгі күніне шүкірлік етеді. Қарап отырсақ, жақсылықтың алмас қамалы, шықпас биігі жоқ. Бір жақсы адамды көрсек – сол адамдай болуға тырысатынымыз, үлгі-өнеге ететініміз де тегін емес. Бұл жақсылық атты құдіреттің тартылыс күшінің басқа күштерден әлдеқайда жойқын, мықты екенін көрсетеді. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Сүрінгеннен сабақ алуға, бойымызды қайта тіктеуге қақымыз бар. Бүгін қиналсақ, ертеңгі күннің қуаныш әкелеріне және сенімді болуға тиістіміз. Бүгін бар болсақ, оған масаттанбай, жаныңдағылармен жарты нанды жарып, бүтін нанды бөліп беруге қарекет етсек қандай ғанибет болар еді? Алланың берген әр күні – жақсылықтың, жаңалықтың бастауы. Күніңіз көңілді, өміріңіз мәнді болсын десеңіз – жақсы іс жасауға, оның игілігі мен жемісін көруге мақсат қойыңыз. Өйткені ол, міндетті түрде өз жемісін береді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық код жайында айтылды. Осыған орай, елімізде саналуан пікірлер білдірілуде. Әркім өз ойын ортаға салуда. Мейілінше, Ұлттық код негізі – рух, ой тазалығы. Ал, оның негізі – көркем мінезділік пен адами адалдықта, адамдардың бір-біріне деген жылы қарым-қатынасында, шүбәсіз сыйластықта, қайырымдылық жасай білуінде деп есептеймін. Себебі, қайсыбір адам қадамында обал, сауап деген биік тұғыр тұр. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ешкімнің обалына қалмай, жақсы іспен сауап іс жиған жан елінің нағыз патриоты, жанашыры, азаматы болмақ. Елім мәңгілік, тәуелсіздігім берік, ұрпағым көктеп-көгерсін, болашағы жарқын, ұйқым тыныш, қоғам бақытты болсын, денсаулығым мықты, көңіл-күйім көтеріңкі болсын десеңіз – айналаңызды, жүрген ортаңызды жақсылықпен қоршаңыз, жақсылық жасай жүріңіз және оны көктен іздемей, өзіңізден бастаңыз. Сонда ғана біз рухани қуаттанған, мәңгілік өркениетті мемлекеттің шаңырағын биік ұстар, керегесін кеңінен керген ұлттың шынайы перзенті бола аламыз. Қазақстан Президенті қайырымдылық, волонтерлік ұйымдардың және бизнес-сектордың өкілдерімен онлайн форматта кездесу өткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде қайырымдылық пен волонтерліктің пандемия кезінде жалпыұлттық сипат алғанын атап өтіп, оның әлеуметтік нормаға айналғанын және халықтың дұрыс қабылдағанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай қиын-қыстау кезде сырт қалмай, отандастарына көмек қолын созған, мейірімділік, ізгілік танытқан әр азаматқа ризашылық білдірді.

– Асар деген ата дәстүрімізді сақтап келе жатқанымыз қуантады. Пандемия кезінде де еріктілер аянбай еңбек етіп, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Олар күндіз-түні дәрігерлермен және тәртіп сақшыларымен бірлесіп, індетпен күресті. Қайырымды жандар ортақ іске жан-жақты қолдау білдірді. Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл игі бастамаға мыңнан астам азамат қаржылай үлес қосты. Біз осындай ұйымшылдықтың және жауапкершіліктің арқасында ахуалды тұрақтандыра алдық. Мұның бәрі – елдіктің және береке-бірліктің жарқын көрінісі, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қызметті дамыту, қайырымдылық пен меценаттыққа қолдау көрсету мемлекетіміздің ұзақ мерзімді басымдығы деп санайды. Волонтерлік іспен айналысу – патриотизмнің жарқын көріністерінің бірі. Мемлекет басшысы жариялаған «Волонтерлер жылы» азаматтарымыздың көпшілігін қайырымды іс қозғалысы төңірегіне топтастырды. Қазақстандықтардың ұсынысы бойынша жасалған көптеген қайырымдылық және волонтерлік жобалар – соның дәлелі. Мемлекет басшысы еріктілердің, қайырымдылық қорларының пандемияға қарсы күрес кезінде үлкен рөл атқарғанын ескере отырып, БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық күнін жариялау туралы ұсынған бастамасы қолдау тауып, жүзеге асатынына сенім білдірді. Оның пікірінше, Қазақстан волонтерлік пен қайырымдылықты дамыту ісінде озық халықаралық үрдістерден қалып қоймайды. Волонтер жылы осы бағытқа тың серпін берді. Қазіргі уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша түсінікті әрі тиімді құқықтық механизмдерді қамтитын Қайырымдылық туралы заң әзірленуде. Бүгінде қайырымдылық жобаларға бағытталған ірі бизнес табысын 3% және шағын және орта бизнес табысын 4% көлемде салықтан босату заңнамалық тұрғыда қарастырылған. Бірақ, шағын және орта бизнес бұл жеңілдіктерді пайдаланбай отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жағдайға талдау жасап, осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуге тапсырма берді. Бизнестің қайырымдылыққа қаржы аударуы ыңғайлы әрі тиімді болуға тиіс. Президент жеке қайырымдылықтың барлық түрі дамуы керек деп санайды. Әр адамның бастама көтеріп, өз қаржысын қайырымдылық мақсатқа бөле алатын жүйе құрылуға тиіс. Мемлекет басшысы Үкімет жанындағы Қайырымдылықты дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтылған барлық мәселені, бастамаларды пысықтауға, сондай-ақ, Қазақстан заңнамасына тиісті өзгерістер енгізуді кешіктірмеуге тапсырма берді. Кездесу соңында бірқатар азамат пандемия кезіндегі қажырлы еңбегі үшін «Халық Алғысы» медалімен марапатталды.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика