Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы — жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі — жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады. Қазіргі кезде жастарымыздың арасында Отанды қорғауға деген саналы көзқарастың болмауы салдарынан әскер қатарында қилы келеңсіздіктер жиі кездесіп қалады. Сондықтан да балабақшадан бастап, мектепте, ЖОО-да және өзге де мекемелерде патриоттық тәрбие беруді қолға алудың қажеттігі айқын байқалуда. Тәрбиенің бұл түрі жас ұрпақты елін қорғауға, ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға, азаматтық қасиеттерге баулиды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму барысында саяси-идеологиялық, мәдени тұрғыдан жаңаруына сай жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру үкіметіміздің жаңа стратегиялық бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып саналады. Еліміздің географиялық орналасуы мен ұлттық-этникалық ерекшелігіне орай оқушыларға халықтық дәстүрге негізделген бабалар рухына сай тәрбие жүйесін құру қажеттілігі қазақстандық білім саласының маңызды проблемаларының бірінен саналады. Біздің назарымыздан осы мәселе де тыс қалған жоқ. Елімізде жастар тәрбиесіне қатысты қандай шаралар қолға алынып, қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы да айтып өтейік. Іс-шаралардың басым бөлігі оқу орындарының іргесінде өтіп жатқаны белгілі. Сондай шаралардың бірі ретінде Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Әлемдік және қазақстандық білім-ғылым кеңістігіндегі этнопедагогика мен этнопсихология» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен болатын. «Жаhандану заманында лайықты тәрбиесіз ұлтты, ұрпақты сақтап қалу қиын. Қазақ халқы ежелден-ақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Тәрбие құралдарын таба білген. Батырлық та, даналық та осы тәрбиеден бастау алады. Өйткені, тәрбиенің өзі нағыз ұлттық құндылық! Қазақтың тарихы мен мәдениетінде, салт-дәстүрлерінде, ауыз әдебиетінде әлі де болса беті ашылмай жатқан тәрбие құралдары көп. Соларды ашып, зерделеп, қазіргі этнопедагогика, этнопсихология ғылымдарымен ұштастырып, бүгінгі ұрпақтың игілігіне жаратуымыз қажет. Мысалы, қазақтың нақыл сөздері мен мақал-мәтелдері — тұнып тұрған тәрбие құралдары. Халқымыз «Көп сөз көмір, аз сөз алтын» деп бекерге айтпаған. Азда болса, мәнді, мағыналы сөзбен ұрпағын тәрбиелеп, психологиялық ерекшелігін сақтап, бірлігін қорғап, нығайтып, дамытып отырған. Сондықтан, ең дамыған 30 елдің қатарына ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып енсек, болашағымыз баянды бола түседі», — деді шараға қатысқан педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сайра Жиенбаева. Біз ұлттық құндылықтарымызды жеткілікті бағаламайынша толыққанды тәуелсіз ел бола алмаймыз. Ал ұлттық құндылықтар — нағыз тәрбие көздері. Оларды дамытып, көркейтуде және тәрбиеге арқау етуде этнопедагогика, этнопсихология ғылымдарының алар орны ерекше. Сондықтан осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, өзара пікір, тәжірибе алмасып, жаңа бағыттарды айқындауымыз қажет. Соңғы кездері патриотизмді және азамат тәрбиелеу идеясының қоғамдық маңызы артып, мемлекеттік маңыздағы тапсырмаға айналуда. Сол себепті, мұндай игі бастаманың Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінде үлкен мән жатыр. Бүгінгі жастар Қазақстанның жарқын болашағы
R-ақпарат