Қазақстанда шетелдік инвестицияларды тарту үшін жағдайды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Осы бағыттағы кезекті қадам – инвесторлық виза, яғни «алтын визаның» енгізілуі болды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен жергілікті компаниялардың капиталына немесе құнды қағаздарына кемінде 300 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары 10 жылға дейін тұруға рұқсат алуға мүмкіндік беретін визаны электронды түрде рәсімдеуге өтініш бере алады.
Бұл құрал – жай ғана әкімшілік шара емес, Қазақстанның елге капитал мен идеямен келгендерге ашық, ұзақмерзімді әрі заңдық кепілдіктері бар жағдай ұсынуға дайын екен көрсететін инвесторларға деген сенімнің жаңа деңгейі. Мұндай құралдардың тиімділігі Еуропа, АҚШ және Азия елдерінде бұрыннан дәлелденген. Енді Қазақстан өз ұлттық басымдықтары мен өсім мақсаттарына бейімделген инвестициялық резиденттік моделін енгізіп отыр.
Визалық реформамен қатар елде ауқымды инвестициялық бастамалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Азиядағы ең ірі агроөнеркәсіптік компаниялардың бірі ретінде саналатын Қытайдың «Fufeng Group» компаниясының Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысын бастауы. Бұл жоба 1 000-нан астам жұмыс орнын ашып, жергілікті фермерлерге тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз етеді және Еуропаға экспортқа өнім шығаратын болады.
Қазақстанға деген инвестициялық қауымдастықтың қызығушылығы артуының маңызды нәтижесі инвестор мен мемлекет арасындағы өзара міндеттемелерді бекітетін заңды құжаттар – инвестициялық келісімшарттар мен инвестициялар туралы келісімдер санының күрт өсуі болды.
2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда инвестициялық жобаларға жеңілдіктер беру бойынша 67 инвестициялық келісімшарт жасалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп (32 келісімшарт).
Сонымен қатар 2022 жылы инвестициялар туралы бір келісімге ғана қол қойылса, 2025 жылдың алғашқы төрт айында жалпы инвестиция көлемі 14 миллиард АҚШ долларынан асатын жеті келісімге қол қойылды. Бұл тек сандар ғана емес, бұл – жаңа өндірістер, жұмыс орындары, экспорттық әлеует пен Қазақстан картасындағы жаңа өсім бағыттары.
Жасалған келісімдер – тек инвестиция ғана емес, сонымен қатар технологиялар трансферті, инфрақұрылымды дамыту, өңдеу өнеркәсібін күшейту және әлеуметтік тұрақтылыққа қосылған үлес. Бұл келісімдер жобаларды қысқа мерзімде жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, экономикаға ағымдағы жылда ғана емес, болашақта да оң әсерін тигізеді. Мұндай жұмыс – қайта өңдеу үлесін арттыру және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсаттарына қол жеткізудегі маңызды элементі.
ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРЛІК ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ХАБ РЕТІНДЕ ПОЗИЦИЯСЫН НЫҒАЙТУДА: «АЛТЫН ВИЗА», СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖӘНЕ БИЗНЕС СЕНІМІНІҢ АРТУЫ
