Бұл әлемде ең ауыры не дейсіз? Айта берсең шегі жоқ тізім. Ал соның бірі, әділетсіз, адам құқығы аяусыз тапталған, қанқұйлы мәселе – адам саудасы. Адамды еркінен тыс мәжбүрлеп құлдыққа сату, құлдықта ұстау, құлдықта жұмысқа жегу, зат секілді сата салу дамыған мемлекеттердің өзінде әлі күшін жойған жоқ. Өкініштісі, бұл жауыздық қазақстанға да қатысты болып отыр.
Шетелдік «Заложница» деген көркем фильмді көріп пе едіңіз? Онда сырт елге қыдырып барған құрбыларды алдап, құлдыққа сатуға ұрлап кетеді. Мұны білген қыздың әкесі баласын аман әкелу жолында талай қиындыққа тап болады. Ақырсоңы соның барлығын жеңіп, қызын еліне аман алып қайтады. Бірақ бұл – кино. Өмірде дәл кино қиялындағыдай саудаланған адам үйіне оралып жатқан жоқ. Із-түссіз жоғалғаны қаншама?
Бірде бір оқиғаға куә болып едік. Ауыл да сәл басында ауытқуы бар, аурушаң жігіт болды. Көршілес болған соң су тасуға барғанда көретінбіз. Ол кезде су баспасы далада, кезекпен суыңды алып, үйге қайтасың. Сол жігіт күнде ертесімен келіп, үлкен шелегімен бірінші болып су толтырып әкететін. Бір күні келмеді. Көршілердің бәрі неге келмедіге салды. Ауырып қалған болар деп те бағамдады. Бірақ бұл 1 айға созылды. Әлгі жігіттің анасы балам жоғалдыға салып, зар жылағанда абдырап қалдық. Басы ауырып, басы ауған жаққа кетті десті барлығы. Алайда араға 6 ай салып, оның оралғанын байқадық. Сөйтсек, мұның аурушаңдығын пайдаланып, әлдекімдер құлдыққа жегіп қойған екен. Өкініштісі, мұндай жағдайлар әлі де жетіп артылады. Қош. Адам саудасы әлем мен Қазақстанда қалай? Бажайлап көрелік.
Әлемдік статистика не дейді?
Әр нәрсенің өзіндік тарихы бар десек, адам саудасының да тарихы әріде жатыр. Құл иелену үрдісі алғашқы қауымдық құрылыс аяқталғаннан кейін басталған. Соғыста қолға түскен тұтқындар құлдықтың қамытын киетін. Құл деген атаудың өзі бағыныштылықты білдіреді емес пе? Сол үшін ондай жанда өз құқығы болмаған. Олар тек берген тапсырманы орындауға ғана тиіс болатын. Құлдық әлемнің барлық жерінде болды. Мәселен, оның классикалық үлгісі ретінде ежелгі Вавилон, Мысыр, Грекия, Римдегіні айтуға болады. Құл иеленушіліктің бертін келе кең қанат жайған кезінің бірі – Американың ашылуы, плантация мен құрылыс басында пайда болған жұмыс күшіне қажеттіліктен кейін өріс алған. Қазірдің өзінде мұндай жағдайлар көптеп кезігеді. Үйінен шыққанның кері оралмауы, мүлдем із-түссіз жоғалу, тіпті 10, 20, 50 жылдан соң үйіне қайта оралу деген секілді оқиғалар шаш-етектен. Бейресми деректерде әлемдегі үшінші ірі заңсыз бизнеске адам саудасы жататыны айтылады. Болжам бойынша, оның жылдық тауар айналымы 10-15 млрд АҚШ долларын құрайды. Әрине, бұл болжам ғана. Себебі, әзірге нақты мәліметке қол жеткізу мүмкін емес. БҰҰ мәліметінше, жаһандық адам саудасының көпшілігі Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада, Шығыс Азияда орын алады екен. Адам саудасы құрбандарының 70 процентін нәзік жандылар құраса, құрбандардың үштен бірі – балалар.
R-ақпарат