• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Қадірлі әулет

Автор:admin

Апр 21, 2023
Spread the love

Тақырыбымызға арқау болған Елбасының қолынан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Түркістан облысы ІІО мен ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы, ішкі істер саласының ардагері Оспанғазы Балақожаұлы Жанқожаев ағамыздың әулеті.
Ардагер аға зейнетке шықса да, әлі күнге дейін ішкі істер саласынан бір қадам алыстамай қызметке араласып, өзінен кейінгілерге үлгі болып жүр.
Оспанғазы Балақожаұлы жастарды ерлікке, қызметіне адал болуға шақырып, үнемі ақыл кеңесін айтып, полицияның барлық іс-шараларына белсене қатысады. Әріптестері ағамызды мінезі жұмсақ, кішіге бауырмал, үлкенге ізет көрсете білетін және жауапкершілігі өте жоғары екенін айтып, құрмет тұтады.
Аса қауіпті қылмыскерді қолға түсіру кезінде оққа қарсы тұрған батыр ағамыздың ерлігі қызметкерлер арасында әлі күнге дейін айтылып, жастардың бойына қайсарлықтың көрінісін ұялатқан.
Ардагер ағаның өмірлік жары — Мария Оңғарбекқызы. Ол Жанқожаевтар әулетінде өзіндік орны бар, жанұяда ынтымақ пен берекенің бастауына ұйытқы болып отырған ардақты ана.
Екі қыз бен бір ұлды тәрбиелеп, бүгінде 4 немеренің әзіз әжесі атанып отыр. Мария ана қазақы салт-дәстүрді берік ұстанған, дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдардың түр-түрін әзірлеп, қашанда қонақ күтуді әдет санайды.
Ал «Әкеге қарап ұл өсер» демекші Оспанғазы ағаның ұлы Абылайхан болса, әке жолын жалғаған тәртіп сақшысы. Ол кішкентайынан әкесіндей болуды армандап өсті. Бүгінде әкенің дара жолын жалғап, ішкі істер органында абыройлы қызмет етуде.
Абылайханның жары Гүлназ әрбір қонаққа кішілігі мен ізгілігін танытып, ынтымағын арттырып отырған жайы бар. Қадірлі әулеттен қонақ үзілмей, әрдайым шаттықтың ортасында болатыны да әке мен баланың, ене мен келіннің ара қатынасының беріктігінен. Ал бұл қасиет қанмен берілетін тектіліктің көрінісінен.
Немере десе тәтті қылықтарын айтып, қызығына тоймай жүрген ардақты ата Оспанғазы аға олардың тәрбиесінің түзу болуына қариялардың берері мол дейді. Ұрпақ тәрбиесінде үлгілі ата мен әженің рөлі ұлағаты кемел болашаққа бастайды деп сенеді. Сондықтан асыл немерелері: Ералы, Бегімай, Асылым, Әлихандарға әрқашан өнегелі өсиет сөздерін, ақыл-кеңестері мен өмірден түйгенін айтып отырады.
Міне, ұл-қызы әрқашан әке жолын жалғап, ананың ақылын алатын өрісті де қадірлі Жанқожаевтар әулеті осындай. Тәрбиелі де саналы ұрпақтардың көбеюіне өз үлесін қосып жүрген ішкі істер органының ардагері, ұлағатты ұстаз — Оспанғазы Жанқожаев ағамыздың әулетінен осылай азғантай болса да сыр шерте отырып, қадірлі жанұяға ынтымақ пен бақ-береке тілейміз. Мемлекеттің ең маңызды бөлшегі саналатын айрандай ұйыған отбасының ұрпаққа берері таусылмасын!

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика