10 тамыз, яғни бүгін Абай Құнанбаевтың туғанына 178 жыл толды. Абай күнінде Шымкентте ұлы ақын, ойшыл, саяси қайраткер және еліміздің тарихында үлкен із қалдырған Абай атамыздың өлеңдерін бүгінгі ұрпақ жарыса айтып, әндерін жырға қосты.
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті. Алдымен қоғам белсенділері, қала тұрғындары алдымен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Жиналған қауым ақынның шығармаларынан үзінділер оқыды, сондай ақ, «Абай – адамзаттың мәңгілік рухы» атты Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмемен қалың оқырманды таныстырды.
Бұл күні Абай күні мерекесіне орай, жас оқырмандар арасындағы «Абай әлемі» атты байқау қорытындыланды. Ал, қалалық жасөспірімдер кітапханасы кішкентай оқырмандарға арнайы Абай танымын терең толғау мақсатында сырлы саяхат ұйымдастырды.
Атап өтейік, Ұлы Абай күні мерекесі кешке дейін жалғасады. Бүгін кешкі сағат 19.00 – 19.30 Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында «Желсіз түнде жарық ай» әдеби-музыкалық толғауын тамашалауға шақырамыз. Келіңіздер, көріңіздер!