Медициналық ұйымда «Әмбебап прогрессивті патронаж» моделін оқыту бойынша оқу – симуляциялық орталығы ашылды, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
№5 емхана базасында ашылған орталықта қаланың патронаж медбикелері біліктіліктілік арттыра алады. Оқу барысында теориялық білімдерін ЮНИСЕФ бағдарламасы ұсынған 22 модуль бойынша емхана деңгейінде жүкті әйелдер мен балаларды қамту бойынша үйрету жұмыстары жүргізіледі.
Жаңаша жабдықталған орталықта тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылып, өзекті мәселелерді шешу, тестілеу, өзіндік жұмыс, отбасына кеңес беру, қауіп — қатерді шешу тетіктері қарастырылған. Эко карталар жасау, қосымша тамақ дайындау жолдары, шұғыл көмек көрсету жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, әмбебап прогрессивті модель патранаждағы мейіргердің жұмысын жетілдіруге зор мүмкіндік береді.
Әмбебап прогрессивті модель көптеген жылдар бойы өзінің артықшылықтарын дәлелдеді. Модель- балалар мен сәбилер өлімін, шала туылу мен сырқаттанушылықты азайтуға бағытталған. Үйге бару қызметтері баланың жан-жақты дамуына, балалардың жарақаттануын азайтуға, отбасындағы қарым-қатынасты жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл модель әлеуметтік осал және оқшауланған отбасыларды денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметтеріне тартады.
Қоса кететін, Шымкентте 58 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемесі қызмет көрсетеді. Оның 13-і мемлекеттік медициналық ұйым. Емханаларға тіркелген халық саны 1 226 561 адамды құрайды.
Шымкенттіктердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу қарқыны артуда. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 927 579 азамат, яғни халықтың 82,1 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 725 мыңнан астам адамның жарнасын мемлекет төлеуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны 220 731.