Мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй кезегіндегі 251 отбасы арендалық баспанамен қамтылды. Оның ішінде 48 пәтер көпбалалы отбасыларға, 112 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтарға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 91 пәтер табысталып, келісім шарт жасасу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Жаңа тұрғын үйлер 189 орамда және Тұран шағын ауданында орналасқан. Әлеуметтік пәтерлер 3-4 жайлылық класына сәйкес келеді, ең үлкен ауданы 73 шаршы метрге дейін қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын “МК-ТІМЕ” ЖШС мердігер мекемесі жүргізген.
Айта кетейік, биыл 2274 пәтерді несиелік бағытта тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға беру жоспарланған болса, оның ішінде қазіргі таңда 304 азамат баспанамен қамтылды.
Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 46 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті қазірдің өзінде ретке келтіріліп жатыр. Қалған 16 тұрғын үй бойынша мердігер мекемелер анықталып, оларға қажетті келісімшарттарды жасау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Жұмыстардың жоғары сапамен және уақытында аяқталуын қамтамасыз ету жағын қадағалауды жауапты органдар өз мойнына алған.
Маңызды жоба қаладағы үш ауданның тұрғын үйлерін қамтиды. Атап айтқанда, Әл-Фараби ауданында — 32 көпқабатты тұрғын үй, Қаратау ауданында — 18 үй, ал Тұран ауданында — 12 үйдің қасбеті жаңартылады.
Қала инфрақұрылымын жақсартуды көздейтін бұл бастама тұрғындарға қолайлы орта құруға арналған кешенді жоспардың бір бөлігі. Жаңғырту бұрындары немесе кейінгі жылдары салынған ғимараттарды замануи етіп, көркіне көрік қосады. Әрі, мамандардың пікірінше, қала экологиясын жақсартуға септігін тигізеді. Өйткені ғимарат қасбеттерін жаңғыртуда энергия үнемдейтін материалдар пайдаланылады. Сонымен бірге үйлердің қауіпсіздік деңгейін де арттырады. Жаңғырту жұмыстары барысында ғимарат конструкцияларын бекітуге де мән беріледі. Бұдан басқа, эстетика мен дизайн жағы да сырт қалмайды. Жаңартылған қасбеттер Шымқаланың архитектуралық ансамблінің келбетін бұзбауы тиіс деген талап бар.
Айта кеткен жөн, қазіргі кезде бұл жоба қасбеті жаңғыртылатын үйлердің тұрғындарымен тығыз байланыста жүзеге асырылуда. Тұрғындар қажетті материалдар мен түсін таңдауға белсене араласып, өз таңдауын ұсыну мүмкіндігін иеленді.