Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» 2000 жылы ашылған. Мекеме кәмелет жасқа толған белгілі тұрғылықты жері жоқ, жеке басын куәләндыратын құжаттары жоқ және шартты түрде сотталған азаматтарға қызмет көрсетеді.
Бұдан бөлек, мекеме өкілдері қызмет алушыларға құжаттарын рәсімдеу, медициналық тексеруден өткізіп, қажет болған жағдайда медициналық ұйымдарға орналастыру, жұмыспен қамту, тұрғын үй кезегіне тұрғызу секілді әлеуметтік көмектер көрсетеді.
Солардың бірі – Мухортова Лидия Ивановна. Тағдырдың жазуымен осы орталыққа келіп түскендердің бірі. Өз балалары болмаған зейнеткер кеңестік құжатпен қалып қойған екен (қызыл паспорт). Мекеме мамандары қарияға толық көмек көрсеткен.
«Мен, әлгі КСРО (Кеңестік социалистік республикалар одағы) заманындағы қызыл паспортпен қалып қойдымғой, оны қайта рәсімдеп жүретін уақытым болмады. Осындағы қызметкер балалар жан-жаққа сұрау салып жүріп осы жақында Қазақстан азаматының жеке куәлігін әперді. Содан кейін, зейнетақымды рәсімдеуге көмек көрсетті»,- деді Лидия Ивановна.
Жыл басынан орталықта 42 азаматтың жеке басын анықтайтын құжаты рәсімделген. Бес азаматқа жасына байланысты зейнеткерлік тағайындауға ықпал етілген. Сегіз азаматқа мүгедектігіне байланысты жәрдемақы тағайындауға көмек көрсетілген.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, биыл пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының квотасы бойынша 10-нан аса мекемеге *106 жұмыс орны* бекітілген. Қазіргі таңда *58 азамат* жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде, бүгінгі күнге, квотадан бөлек, *33 адам тұрақты және уақытша жұмыс* орындарымен қамтылды. Жұмыссыз және арнаулы орта немесе жоғары білімі жоқ азаматтардың кәсіптік білім меңгеру мен біліктілігін арттыру мақсатында қысқа мерзімді оқуға жолдау ұсынылуда.
Бостандыққа шыққан азаматтар сондай-ақ, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығын» паналай алады. Жыл басынан бері орталыққа Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша Қылмыстық –атқару жүйесі департаментіне қарасты түүзеу мекемелерінен босап шыққан және есепте тұрған 50-ге жуық азаматқа қызмет көрсетілген. Орталық мамандары оның ішінде 13 адамды туған туыстарымен табыстырған.