Бүгін «YNTYMAQ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы құрамындағы «Түркістан көлік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоғамдық көлік жүргізушілері арасында 2023 жылға арналған Жол картасы негізінде кезектен тыс аттестациялау өткізілді. Аттестациялаудың негізгі мақсаты — Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктердегі тасымалдау сапасын арттыру, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қызметкерлердің жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау деңгейі мен техника қауіпсіздігі біліктілігіне жол қауіпсіздік инженері Өмірсерік Әбілпаттаев пен техника қауіпсіздігі, еңбек қауіпсіздігіне жауапты маман Нармат Оразов тексеріс жүргізді. Транспорт компаниясының қызметкерлерін жаппай аттестациялау жоспарға сай ағымдағы жылдың 11-12 сәуір аралығында өтпек. 2023 жылға арналған Жол картасы негізінде өңірде барлық көлік компаниялар арасында жол жүрісі, жолаушылар тасымалдау қағидаларының талаптары мен жүргізушінің міндеттері, қалалық қоғамдық көліктердің жұмысына рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2023 жылдың 8 сәуір күнгі Шымкент қаласында автобус қарсы жолаққа шығып кетіп, 5 адамның басын жалмаған қайғылы жол апатынан соң өңірде «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Мұхтар Қоқанбаевпен бірлесе 10 тасымалдаушы компания директорларымен, Жолаушылар көлік Ассоциациясы, Жол полициясы, БАҚ өкілдерінің қатысуымен шұғыл кеңес өткізілген болатын. Кеңесте кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев еңбек адамының қатысуымен орын алатын қайғылы жағдайларға жол бермес үшін жергілікті Әкімшілік полиция — жол қозғалысының ережелерiн, көлiк құралдарын пайдалануға жiберу жөнiндегi негiзгi ережелері бойынша, Кәсіподақтар орталығы тарапынан – еңбек қауіпсіздігі, техникалық қауіпсіздік, жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша, Еңбек инспекциясы – еңбек заңнамасы бойынша жаппай оқытулар жоспарлы түрде өткізіліп тұру керектігі және ол үшін Жол картасын құру туралы ұсыныс айтқан еді. Бүгінде кәсіподақ тарапынан берілген ұсыныс қабылданып, Жол картасы түзіліп, жоспарға сай іс-шаралар жүргізілуде.