Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің іскерлік белсендігі тұрақты артып келеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдаудың бірнеше түрі бар.
Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарлама аясында 7,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, 3 592 жобаға қолдау көрсетілді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 81 жоба жүзеге асты.
Бұдан бөлек, қабылданған өңірлік «Іскер қала» бағдарламасы да оң нәтиже беруде. Биылғы 556,1 млн. теңгеге 62 жоба қаржыландырылды. Кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent–Atameken» микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 1,3 млрд. теңгеге дейін 6 пайыздық несие берілуде. Жыл басынан бері 129 жобаға қолдау көрсетілді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, қалада белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандар саны 104 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 40,7 пайызға артты.
Бұл туралы шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қалалық мәслихат сессиясының ХХІІ кезекті отырысында баяндады.
Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша келесідей көрсеткіштерге қол жеткізілген:
Жалпы өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 666,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 6,7 пайызға артқан. Қала экономикасына 327,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артқан. Ал, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 101 мың бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 39 пайызға артса, бөлшек сауда көлемі 417,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға артып отыр.
«Жалпы 2022-2025 жылдар аралығында 622 млрд. теңгеге 8,3 мың жұмыс орнын құрумен 66 жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде, 2022 жылы 51,4 млрд. теңгеге 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңға жалпы құны 29,2 млрд. теңгені құрайтын 520 жаңа жұмыс орны бар 6 инвестициялық жоба іске асырылды.
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында аталған басқармаға белгіленген 6 нысаналы индикатордың есепті мерзімдегі қорытындысы бойынша: Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 590,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 8,1 пайызды құрап отыр. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындар есепті кезеңде 43,5 мың тоннаны шығарды, бұл жылдық жоспардың 87 пайызын құрайды. Негізгі капиталға инвестицияларының 2019 жылдың сәйкес деңгейіне қарағанда өсім 226,8 пайызды құрайды. Ал «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шағару бойынша жаңа өндірістер саны» көрсеткішін орындау мақсатында жыл соңына дейін 2 жобаны іске қосу жоспарланған. Экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесі ағымдағы жылдың 6 айында 8,0 % құраған. Бұл индикатор бойынша статистикалық деректер тоқсан сайын жарияланады, бір тоқсан кешігіп жүреді. 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткіш – 7,2% құрады. Ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысында бұл көрсеткіш 8,0% құрайды деп күтілуде.