Бүгін Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен батыр Бауыржан Момышұлының келіні, «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Күретамыр» кітаптарының авторы, жазушы Зейнеп Ахметовамен кездесу өтті.
Еркін форматта өткен кездесуге қоғам белсенділері, ардагерлер, жазушылар және қала жастары қатысты.
Кездесуде Зейнеп Ахметова ұлттық тәрбие, рухани құндылық, салт-дәстүр, ене мен келін арасындағы сыйластық, бала тәрбиесі туралы өзінің өмірден түйген тәжірибесінен кеңінен әңгімеледі.
Сондай-ақ, қалам мен қаруды қатар ұстаған батыр баба Бауыржан Момышұлының өмірі, оның өсиеттері мен есте қаларлық қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Айта кететін, қазақ халқының қаһарман перзенті, әйгілі батыр, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 11 желтоқсанда қазіргі Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында дүниеге келген. Жас кезінде тентек, қиқар, бірақ батыл, әділдікке құмар, болып өсіпті. Бауыржан Момышұлының әскери адам, жазушы болғандығын бәрі біледі. Бірақ оның Шымкенттегі жеті жылдық мектеп-интернатты бітірісімен бірнеше жыл мұғалім болып істегенін, өзінің іскерлігімен, сауаттылығымен ерекшеленген жас жігіттің аудандық атқару комитетінің хатшысы, аудандық милиция бөлімінің бастығы сияқты жауапты қызметтер де атқарғанын жұрттың бәрі біле бермейді.
Бауыржан Момышұлы атақ-даңқтан кенде адам емес. Ол Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі» сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Кеңес одағының батыры» атағы берілді. Осылайша қазақ халқы батыр ұлының асқақ рухын тағы бір рет ұлықтады.
