Еліміздің үшінші мегаполисінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкелері кәсіподағы Шымкент қалалық ұйымының құрамындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Денсаулық» спорт кешенінің жүзу бассейні қайта жөндеуден өтіп, балалар мерекесіне орай халық игілігіне пайдалануға берілді. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатына шаһар басшысы Мұрат Әйтенов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, М.Әуезов атындағы «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің» ректоры Дария Қожамжарова, өңірлік Қоғамдық кеңес мүшелері, жергілікті және өзге өңірдің спортшылары қатысты. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ашылған жүзу бассейнінде суға жүзуден жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.
Турнирде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов балғындардың қуанышына ортақтасып, балғындарды мерекемен құттықтап, шаһарда бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалатынын айтты.
Екі күнге жалғасатын жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 400–ге жуық спортшыдан құралған 23 команда қатысуда. Республикалық дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттырады. Бүгінде қалада 1000-нан аса спортшы кәсіби түрде жүзу спортымен шұғылданады. Күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талапқа сай жабдықталған жүзу бассейні мегаполисте бұқаралық спорттың дамуына, сондай-ақ жүзуге қатысатын жас жеткіншектер қатарының артуына ықпал ететін болады.