• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Халық демографиясын арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде.

Автор:admin

Окт 4, 2022
Spread the love

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Кезінде Тәуелсіздік алған тұста,  1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 миллион халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 миллионға дейін түскен. Қазіргі уақытта қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 миллионнан астам қандастарымыз сырттан келді», – деген болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осылайша 14 миллионға дейін кеміген халқымыздың саны қазір қайтадан өсу үстінде. Атап айтсақ халық саны қысқа мерзім ішінде 16 миллион 793 мыңнан 14 миллион 867 мыңға дейін азайған болатын. Ал қазір өсу көрсеткіші байқалады. Үлкен демографиялық дағдарысқа тап болған еліміз 40-тан астам елден 5 миллионға жуық қандастарды елге қайтаруға бағытталған демографиялық саясатын әзірлеп, ол сәтті аяқталды. Халық санын туу көрсеткішімен ғана емес, көші қонмен де көбейтудің арқасында миллиондаған қандастарымыз тарихи отанына қайта оралып, демографиялық ахуалдың ілгерілеуіне айтарлықтай ықпал етті. Он жыл ішінде тарихи отанына, негізінен ТМД елдерінен, Қытай, Моңғолия, Түркия мен Ираннан ресми статистикалық дерек бойынша 650 мыңнан астам адам оралыпты. Мүмкіндік туған соң квотаны күтпей-ақ өз бетінше көшіп келушілердің де қатары артты. 2020 жылы қабылданған жаңа заңға сәйкес, елге көшіп келген этникалық қазақтарға  тұруға ықтиярхатпен бірге елдің азаматтығын алуға да өтініш беру мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ, Қазақстанның тұрғылықты халқы да өсіп-өне бастады. Бүгінде республикадағы өлім-жітімге қарағанда туу көрсеткіші жоғары. Осынау кең байтақ жерімізді игеру үшін халық санының көбеюі аса маңызды. Жалпы еліміз жер өлшеміне қарай әлемнің ең үлкен елдерінің  арасында 9-шы орында. Сондықтан осынша кең байтақ жерді игеру үшін халықты көбейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Әсіресе ана мен балаға көрсетілетін әлеуметтік жағдай жақсарып келеді. Соның дәлелі баланың дүниеге келуіне орай төленетін жәрдемақы көлемі жыл өткен сайын артып келе жатыр. Мәселен 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшеріне келсек, бірінші немесе үшінші баланың туылуына орай берілетін бір реттік мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге теңдей төленіп, бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК яғни 110 846 теңгеге жеткен. Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 183 771 теңгені құрайды. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке-жеке төленеді.  Жұмыс істемейтін әйелдерге бала бiр жасқа толық толғанға дейiн төленетін ай сайынғы төлем бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 16 802 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 19 865 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 22 899 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 25 962 теңге болып өскен. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға табысына қарамастан төленетін ай сайынғы жәрдемақы да өсіп,  атаулы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленуде. Жәрдемақылардың мұндай өсуі халық санағына да оң ықпал етті. Соның дәлелі 2021 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда 100,5 мың сәби дүниеге келген. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен көрсеткіштердің бірі деп бағаланып отыр. Өйткені өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 8,4%-ды құраған. 2019 жылы 91,9 мың сәби дүниеге келсе, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында елімізде 92,7 мың бала дүниеге келген. Жалпы, еліміздегі бэби-бум қуантып тұр. 2020 жылы Қазақстанда барлығы 425 мың бала дүниеге келген екен.  Бұл 2019 жылдағы көрсеткіштен 6 пайызға көп. Биыл да бұдан көп болмаса аз болмасына үміт мол! Сондықтан елдегі бала туу көрсеткіші демографиялық саясатқа да оң ықпал етіп, ұлтымыздың жыл санап көбейіп жатқаны көңіл қуантады.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика