Сарыағаш қаласына қарасты Талас, Өзкент көшелерінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге барған аудан әкімі Арман Абдуллаев халықтың жағдайын көтеру басты мақсат екенін айтып өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біздің стратегиялық мақсатымыз белгілі, міндеттеріміз айқын. Басты міндетіміз – халықтың жағдайын көтеріп, олардың келешекке деген сенімдерін арттыру. Қуанышты сәтте қауышып тұрмыз. Қаладағы екі көшенің үйлеріне көгілдір отын қосылды. Бұл халықтың тұрмыс-тіршілігіне, шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізетіні сөзсіз. Сіздерді осы қуаныштарыңызбен құттықтаймын! – деді аудан басшысы.
Тұрғындар аудан әкіміне алғыстарын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Талас, Өзкент көшелерінің табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Құрылыс жұмыстары биыл қаңтар айында басталып, маусым айында аяқталды. Нәтижесінде, 86 тұрғын үй көгілдір отынмен қамтылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі