Түркістан облысының прокуратурасы тексеру шеңберінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарының бұзылғанын, олардың негізсіз есепке қойылғанын анықтады, деп хабарлайды R-factor.kz ақпарат агенттігі.
Тіркелген 97 мың мүгедектің 26 мыңы қайтыс болғандар мен басқа өңірлерге қоныс аударғандар екені анықталды, осылайша мүгедектігі бар адамдардың нақты саны 71 мың құрайды.
Бұл бұрмаланған статистика әртүрлі іс-шараларды қалыптастыру мен бюджет қаражатын жоспарлау кезінде қолданылған.
Бүгінгі таңда прокурорлар статистиканы сәйкестендірді.
Сонымен қатар прокуратура мүгедектік анықтамасын және мүгедектігі бар адамдарға жүргізуші куәлігін заңсыз беру, салықтарды заңсыз есептеу мен 112 әлеуметтік нысанда қолжетімділік жасалмағанын, сол секілді оларды формальді жұмысқа орналастырғанын (маусымдық жұмыстарға орналастырған, жұмысқа орналасқан мүгедектерді жұмысқа орналастырылғаны туралы жалған есептер ұсынған) анықтады.
Мұндай бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу мақсатында 46 прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, 113 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, 10 мыңға жуық мүгедек адамның құқықтары қорғалды, мемлекетке 5,4 млн теңге өндірілді.