Түркістан облысында әлеуметтік қамтамасыз ету саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістік бар. Себебі қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өлкесі өздерінің қолқайырлы тірліктерімен ерекшеленеді. Әрине бұл саладағы саясатты жүргізуге атқарушы биліктің ұйымдастырушылық қабілетінің мықты болғаны қажет. Сондай ақ, атымтай жомарттай жандардың аялы алақаны мен елім соққан жүрегі керек. Түркістан облысында мұндай жандар жетерлік. Сондықтан әлеуметтің әлеуетін арттыруға келгенде белсендіміз. Әсіресе осал топқа баспана сыйлау жайы оң жолға қойылған бізде…
Үйсіз күйсіз жандардың бас ауыртар басты мәселесінің бірі – баспана. Бұл мұқтаждық бір жағынан мемлекеттен берілетін түрғын үйлермен жабылып жатыр. Екінші жағынан атымтай жомарттай жандар ауылдықтардың әжетін өз күштерімен өтеуде. Сондай жандардың бірі Түркістандағы «Бекзат» тұрғын алабының тұрғындары. Олар бір отбасының баспаналы болуына себепкер болды. 1984 жылы туған азаматтар мұқтаж жанұяның қуанышын еселей түсті. Бұған дейін 1982 және 1983 жылы туған азаматтар 20 жылдық түлектер кездесу кешінде 2 мұқтаж жанұяға баспана кілтін сыйлаған. Түркістандықтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша елге тағзым жасауда жастарға осылайша үлгі көрсетіп келеді.
«Бекзат Саттархановтың есімі берілген мөлтек аудан тұрғындары көпке үлгі. Жастардың да ұлтжандылығы көңілімізге медеу болып жүр. Осымен Ер Бекзаттың інілері аз қамтылған отбасыларға қажетті тұрмыстық-техникалармен жабдықталған 7-баспананы табыстады. Ұйымшылдық танытып, қайырымдылық іске үлес қосқан замандастарыма алғыс білдіремін.
Эстафета 1985 жылы туған інілерімізге, келесі 20 жылдық түлектеріне жолданады»,- деді Бексұлтан Тілеубеков.
Игі іске қолдау білдірген 1988, 89, 90, 91 жылғы азаматтар да бұған дейін 4 мұқтаж отбасыға өз қолдарымен баспана тұрғызып берген. Әз-Наурыз қарсаңындағы дәстүрлі шараны келер жылы 1992 жылы туған азаматтар жалғастырмақшы.
Мұндай игі шара Жетісай ауданында да жалғасып жатыр. Мақталы өңірдің ауыл жастары жалғыз басты анаға үй сыйлады. Атамекен ауылдық округінде орналасқан Қоғалы елді мекенінің жастары мен ауыл жұртшылығы бірккен шара көпке ұлгі болса игі. Көңіл қуантарлық іс-шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Прімбеков пен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әділхан Асауов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен ауылдық округтің әкімі Шынболат Қындыбайұлы қатысып, үйлі болған ауыл тұрғыны Қойсынай Төлебаеваны құттықтады.
– Қазақ халқы қашан да ынтымақ, бірлік мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Ақсақалдарымыздың тәлім-тәрбиесін көріп өскен ауыл жастары мен ел бірлігінің арқасында Қойсынай анамыз баспаналы болды. Ауылдың ауызбіршілігі бір отбасыға үлкен қуаныш сыйлап отыр. Игі бастаманың бастаушысы болған жастарға, жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға үлкен алғысымды білдерімін. Мұндай игілікті шараның алдағы уақытта да жалғасын табатындығына сенімдімін, – деді аудан әкімінің орынбасары Серік Қонысбекұлы.
Ауыл жастары анаға үй алып беру үшін қасиетті Рамазан айында қаржы жинай бастаған. Керекті көлемдегі қаржыға үй сатып алынған. Баспананың есік, терезесін, шатырын ауыстыруға және үйді кеңейту мақсатында алдына тағы бір бөлме қосу үшін тиісті жұмыстар жүргізуге қосымша қаржыны да қарастырып қойған. Сондай-ақ «Елге көмек» қайырымдылық қоры баспанаға қажетті жиһаздар алу үшін 300 мың теңгенің сертификатын табыстаса, ағайын-туыстары мен ауыл жұртшылығының атынан да қаржылай көмек берілді.
Айта кетейік, жалғызбасты ана 10 жылдан астам уақыттан бері үй жалдап тұрып келген.
Шара соңында ізгілік істің шапағатын көріп, 4 бөлмелі өз баспанасының табалдырығын аттаған тұрғын қуаныштан көзіне жас алып, көмек қолын созған барша азаматтарға өз алғысын білдірді.
Мұндай қайырымдылық шарасы Жетісай Ауданы, Ынтымақ ауылдық округінде де өтті. «Еуразия» ЖШС басшысы, меценат кәсіпкер Мадәлі Тәжібаев қос бірдей отбасыға баспана сыйлап, елдің алғысына бөленді. Салтанатты шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары А.Тасов, Ынтымақ және Ш.Ділдабеков ауылдық округтерінің әкімдері мен ауыл ақсақалдары, тұрғындары қатысты.
Баспаналы болып, қуанышқа кенеліп отырғандардың бірі – Ынтымақ ауылдық округінің тұрғыны Нұржан Сопбеков. Өзі үшінші топ мүгедегі, жары Мадинаның да денсаулығы жиі сыр береді. Бұған дейін мүгедектікке берілетін зейнетақы мен түрлі жұмыстармен күнелтіп келген отбасы 10 жылға жуық пәтер жалдап тұрып келген.
– Біздің жағдайымызды ескеріп, кеудемізден итермей осылай көмек беріп жатқан азаматтарға, аудан басшысы мен баспана сыйлап отырған кәсіпкер ағамызға айтар алғысымыз шексіз. Енді біздің де өз үйіміз, перзенттеріміздің өз бөлмелері болады, – дейді қуанышымен бөліскен Мадина Жаныбаева.
Баспаналы болу бақытына ие болған екінші жан, жалғызбасты ана Ұлбосын Құсанованың 4 перзенті бар. Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде күндік жұмыстарға жалданып, нәпақа табады. Табысының біраз бөлігі пәтерақысына кетсе, біразы азық-түліктен артылмай келген.
Аталмыш сауабы мол игі шараның басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша, баспанаға шын мұқтаж отбасыларды анықтауда аудан әкімінің орынбасарлары төрағалық жасайтын комиссия мүшелері жан-жақты талдау жасаған. Ортақ шешіммен осы екі отбасыны лайық деп тапқан.
Меценат кәсіпкер мұндай қайырымдылық шарасының алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін айтады.
– 2010 жылы ауданға келіп, аудан басшыларының қолдауымен осында мақта зауытын салып, кәсібімізді аштық. Содан бері жыл сайын қайырымдылық шараларынан қалыс қалмауға әрекет жасаймыз. Мұқтаж жандарға баспана салып беруді ұйғардық. Баспаналы болған бүлдіршіндердің жүздеріндегі қуаныш біздің ісіміздің дұрыс және ары қарай да тоқтаусыз жалғастыру керек екенін ұғындырды, – дейді «Еуразия» ЖШС басшысы Мадәлі Тәжібаев.
Теріскейдегі дәл осы саладағы тірлік те тындырымды Созақтық түлектер мұқтаж отбасыға баспана тарту етті. Бұған Созақ ауылының мектеп бітірген түлектері мұрындық болып отыр. Білім ұясының әр жылғы бітіруші тұлектері жыл сайын мұқтаж отбасыға баспана сыйлайды. Бұл дәстүрдің бастау алғанына бірнеше жыл болды. Ұрпақтар сабақтастығын жоғалтпаған Созақ ауылының «Созақ» мектеп-гимназиясының 20 жыл бұрынғы түлектері биыл да жалғызбасты, екі ұл, бір қыз тәрбилеп отырған мүмкіндігі шектеулі анаға баспана берді. Құрылыс жұмыстарын өздері жүргізіп, зәулім, заманауи үй салды. Жаңа үйдің қабырғасын жиһазбен толтырып, Салтанат Ахметоваға салтанатты түрде табыс етті. Тұрғын үйді тапсыру рәсімінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков түлектерге алғысын жеткізді.
– Созақ – тұрғындарының пейлі кең, берекелі ауыл. Мұнда түлектердің үй сыйлауы дәстүрге айналып келеді. Бүгін осындай үлкен жүректі азаматтардың арқасында бір отбасы баспаналы болды. Барлығына ризашылығымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Аудандық мәслихат хатшысы Бегімбет Байғараев та жылы лебізін жеткізді.
Игі істің басында жүрген «Созақ» мектеп- гимназиясын бітіргеніне 20 жыл болған түлек Әскербек Талғатұлы «Бойымызда мақтаныш сезімі ұялап тұр. Үй салып, мұқтаж жанға беру – сауапты іс. Осы жолда ұйымшылдық танытқан барша сыныптастарымызға ризашылығымды білдіремін» дейді.
Жаңа, кең 5 бөлмелі үйде жылу жүйесі қосылған. Қосалқы шаруашылыққа арналған 20 сотық жері бар. Үй иесі қуанышын жасыра алмай, игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын айтты.
Теріскейдегі оңды тірлік мұндағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте де жалғасты. Биыл аталған мектептің 2002 жылғы, яғни 20 жыл бұрынғы түлектері игі істі қолға алды. Олар мұқтаж отбасыға үй сыйлады. Оқу ордасын бітірген соң әр тарапта жүрген түлектер бірлесіп, көпбалалы отбасыға үйдің кілтін табыс етті. Үйдің ішін қажетті жиһазбен қамтып, мұқтаж жанның алғысын арқалады. Игі шараға қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков түлектерге алғысын жеткізді.
– Үлкен сауапты іс атқарған мектеп түлектеріне рахметімді жеткізгім келеді. Ауданымызда жақсы дәстүр жалғасып келеді. Бірнеше жылдан бері түлектердің мұқтаж отбасыға үй сыйлау үрдісі қалыптасты. Алдағы жылы да жалғасады деп сенемін,– деді аудан басшысы.
Созақ ауданының Құрметті азаматы, ауыл ақсақалы Төлеген Кәрібеков жылы лебізін жеткізді. Игі істің ұйытқысы болған Досымбек Әуелбеков сөз сөйлеп, сыныптас түлектермен ақылдаса келе баспанаға зәру отбасыға тапсырғанын атап өтті.
Гүлжанат Қыдырбаеваға берілген 4 бөлмелі үйдің жылу жүйесі, бау-бақша өсіруге арналған 20 сотық жері бар. Жолдасы екеуі 5 баланы өсіріп, отыр. Көпбалалы отбасы қайырымды түлектерге алғыстарын білдірді.
Теріскейдегі тағы бір тірлік… «Central Asia Mining Со» ЖШС Қарақұр ауыл округі, Раң ата елді мекенінің тұрғыны Шайнеков Қарабекке үй сыйлады. ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» акциясы аясында 561-баспана табысталды. Елді мекені тұрғынына үй беру мәселесіне ауыл имамы Сұлтанбек Шайменов ұйытқы болды.
Үй табыстау рәсіміне аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып құттықтау сөз сөйледі.
– Қазіргі таңда жомарт жандар мұқтаж отбасыларға үй сыйлап, жақсы үрдісті қалыптастырды. Бүгін осындай қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. «Central Asia Mining Со» компаниясы тұрғындар бастамасын қолдап, игі істі жалғастырды. Өзге де компанияларға үлгі болатынына сенеміз. Үйдің іші қуанышқа толы болсын, – деген тілегін жеткізген аудан басшысы қоныс тойына арнап, сый-сияпатын берді.
Сондай-ақ ауданның бас имамы Мейрамбек Әбдіқұлов, ауыл имамы Сұлтанбек Шайменов жылы лебізін білдіріп, алғыстарын жеткізді. Ауыл ақсақалы Тілеубек Ибрайымов батасын берді. «Central Asia Mining Со» ЖШС атқарушы директоры Рахымжан Сейтжанов тұрғынға үйдің кілтін салтанатты түрде табыс етті.
«Central Asia Mining Со» ЖШС Қарақұр ауыл округіне бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында тұрақты түрде демеушілік жасап келеді.
Бұл тізбекті Түлкібастық тұлектер де жалғап жатыр. Олар өмірден өткен сыныптасының отбасына ұй сыйлады. Жалпы бұл игі дәстүр таулы аймақта 15 жылдан бері жалғасын тауып келеді. Аудандағы Абай мектеп-лицейінің және Б.Садықов жалпы орта мектебінің 2002 жылы түлеп ұшқан түлектері бірге оқыған сыныптас достың соңында қалған жарына аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылынан 4 бөлмелі үй алып беріп, қуанышқа бөледі.
Осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуі өмірден өткен Айкерім Сыздықова осы уақытқа дейін үш перзентімен жалдамалы пәтерде тұрып келген-ді. Бұны естіген күйеуінің сыныптастары 20 жылдықта той тойлап, думандатқанша, өмірден өткен достың әруағына құран бағыштап, қиындыққа душар болған әйеліне үй сыйлауды өзара шешкен.
Игі шараға аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен, округ әкімі, ауыл ақсақалдары, мәслихат депутаттары мен ауданның бас имамы М.Серік, ардагер ұстаздар мен түлектердің ата-аналары арнайы қатысып, Бесбаевтар отбасын жаңа қонысымен құттықтады.
Ақын Әбдібек Аралбайұлы елге үлгі боларлық бастамаға ұйытқы болған түлектерге өлең шумақтарын арнаса, өмірден өткен Мейіржан Бесбаевтің ата-анасы мен жары қайырымды сыныптастарға алғыстарын білдірді.
Іс-шара соңында 2002 жылғы түлектер қайырымдылық эстафетасын дәстүрге сай 2003 жылғы түлектерге өткізді.
Көңіл қуантарлық тағы бір жағдай… Түлкібаста 64 отбасы қоныс тойын тойлады. Састөбе ауылы тұрғындары үшін бұл үлкен қуаныш. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Түлкібас ауданына қарасты Састөбе кентінде 64 пәтерлік бір тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді. іс-шараны аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен ашып, жиналған қауымды баспаналы болуларымен құттықтап, жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыс етті. Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 2700-ден астам азамат болса, соның 64-і баспаналы болды. Оның ішінде 24 көпбалалы отбасыға, 2 толық емес отбасыға, 13 ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, 1 бюджет саласының қызметкеріне және кент орталығындағы үйлері аппаты деп танылған 23 тұрғынға баспана берілді.
Қазыығұрттық түлектер де бұл істе белсенді. Ауданның 1985 жылғы азаматтары аз қамтылған бір отбасыға тұрғын үй салып берді. Баспана Сарапхана ауылы, Талдыбұлақ елді мекенінде бой көтерді. Үй жиһаздарымен қамтылған. Ауыл азаматтары мектепті бітіргендеріне 20 жыл толуына орай ауыл осы игі істі қолға алуды жөн көріпті. Өздерінің сыныптасы Нұрлан Бакировтың үй баспана тауқыметін тартып жүргенін білген сыныптастар оған үй салып беруді жөн көріпті. Енді бұл отбасы үшін ауыр тұрмыс, қиын күндер артта қалды. Ауылдастарының қолдауымен жаңа қонысқа жайғасқан отбасыға демеушілер азық-түлік пен қажетті үй жиһаздарын жеткізіп беруде. Жаңа үйге кірген азамат жомарт жүректі достарына, ауылдастарына алғысын айтты. Қазақ топырағында қалыптасқан «Асар» игі дәстүрі Қазығұрт топырағында сәтті түрде жалғасын тауып келеді.
Жалпы биыл Түркістан облысында 855 мың шаршы метр үй пайдалануға беріледі. Түркістан облысында құрылыс саласы едәуір дамып, нәтижесінде құрылыс жұмыстарының көлемі 2021 жылы 2,3 есеге артып, 322,9 млрд. теңгеге жетіп отыр. 2018 жылы бұл көрсеткіш 139,1 млрд. теңге болатын. Түркістан облысының әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде құрылыс және өңірдің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы көрсекіштер мен жұмыстарға тоқталды.
– Жаңа облыс құрылған 4 жыл ішінде өңірде құрылыс қарқыны арта түсті. Былтыр 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал 2022 жылдың басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 191,5 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 17,7%-ға артты. Биыл құрылыс жұмыстары 329,3 млрд. теңге мөлшерінде болады деп жоспарланған. Облыста тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 855 мың шаршы метр болып белгіленді, – деген Өмірзақ Шөкеев өңірді газдандыру, ауыз сумен, электрмен қамту мәселелеріне де тоқталды.
2021 жылы 8 елді мекенде су құбыры қайта жаңартылып, 20 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылған. Нәтижесінде 717 елді мекен немесе 1 млн. 932 мың адам (94,5%) ауыз сумен қамтылған. Биыл 14 елді мекеннің су құбыры қайта жаңартылып, 13 елді мекенге жаңа ауыз су құбырын тарту жоспарланған. Сол арқылы 730 елді мекенді немесе сумен қосымша қамту көзделуде.
Облыста газ саласы бойынша 252 нысан пайдаланушы ұйымның теңгеріміне өткізілді. Газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 457-ге жетті (1 млн. 374 мың адам немесе 67,2%). Биыл 50 нысанның құрылысы жүргізілуде, 33400 тұрғыны бар 15 елді мекен мен 4 мөлтек аудан газға қосылмақ. Осы жұмыстар нәтижесінде 472 елді мекен немесе 1 млн. 407 мың адам «көгілдір отынды» пайдалануға мүмкіндік алады. 14 автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды.
2021 жылы 32 мың тұрғыны бар 40 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылса, 2022 жылы қосымша 39 мыңға жуық тұрғыны бар 10 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылады.
Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған мұндай игі үрдістер алдағы жылдарда да жалғасын таба бермекші. Тек қана басымыз аман бауырымыз бүтін болса болғаны…
Алия Ортаева