Қазақстан Республикасы Президентінің Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жарлығын орындау мақсатында — Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің төрағалығымен ZOOM платформасы арқылы Мемлекеттік комиссияның жалпыреспубликалық мәжілісі болып өтті.
Мәжілісте министр Мемлекеттік комиссия мен өңірлер алдында тұрған мәселелерді нақтылап, тапсырмалар берді.
Республикалық жобалық кеңсе жетекшісі С.Қасымов әр өңір жасаған зерттеулерге талдаулар жасап өтті.
Мемлекет басшысының тиісті Жарлығы 2020 жылдың қараша айында шыққан. Саяси қуғын-сүргіндерді ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы ел тарихын зерделеудің, зұлмат оқиғалар хроникасын толық қалпына келтірудің және тоталитаризм жағдайында зардап шеккен қазақстандықтар туралы тарихи естелікті сақтаудың жаңа кезеңін бастады.
Отырыс барысында өңірлік комиссия қызметінің алдағы міндеттері және «Ақмола өңірі 1920-1940 жж.мұрағаттық құжаттарда» құжаттар жинағын сақтау және жариялау мәселесі талқыланды.
Кеңес қатысушылары өзара пікір алмасып, күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылап, алдағы жұмысты нақтылады.
Мәжіліске Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Б. Әділханов, Шымкент өңірлік Жұмыс тобының жетекшісі Г.Жанысбекова және зерттеуші ғалымдар Ә.Сейдехан, Г.Серікбаева, Б.Айтай, Б.Найманбаев, Ж.Таштанов, Е.Пазилов қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке, орталық және жергілікті атқару, құқық қорғау органдарының басшыларына 2023 жылға арналған жұмыстың басым бағыттары бойынша, атап айтқанда, жинақталған архив материалын талдамалық және сараптамалық бағалауды ұйымдастыру, аймақтарда зерттеу жұмысын қамтамасыз ету және Мемлекеттік комиссияның баспа қызметін кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.