«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.
Жиында партиялық бақылау комиссиясының құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Комиссияның төрайымы болып келген Қожамжарова Дария Пернешқызы қазіргі таңда қалалық маслихатының депутаты, партияның Әл-Фараби ауданы филиалының төрайымы және қалалық маслихатының әлеуметтік мәселелер бойынша комиссия төрайымы. Ол кісінің қоғамдық жұмыстарының көбеюіне орай,қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болып, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты, қалалық маслихатының хатшысы болған Ташқараев Ғани Абдуғаниұлы атанды. Осы күні республикалық Партиялық бақылау комитетінің де жиыны өтті.
Онда Ақтөбе облысындағы ауыз су мәселесінің мән-жайы талқыланды.
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Жаныс би және Шеңбертал ауылдарында 1500-ге жуық адам тұрады. Бүгінде олардың барлығы құдықтың суын ішіп отыр. Ал судың сапасы мен санитарлық жағдайы көңіл көншітпейді. Оның үстіне, құдықтың суы ауық-ауық тартылып кетеді.
Партиялықтар анықтағандай, аталған ауылдарда «Көлсай Строй» ЖШС-ы ұзындығы 42,3 км болатын су құбырын салуы керек еді.
Экология министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров «Көлсай Стройға» қатысты сотқа талап арыз жолданғанын хабарлады.
Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов тапсырыс берушінің атқаратын қызметі Су ресурстары комитетіне тән емес екенін алға тартты. Өйткені олар Астанада отырып құрылыс сапасын бақылай алмайды. Сондықтан ол қолданыстағы жұмыс тәртібін қайта қарауды ұсынды.
Жиынға қатысушылар қоғамдық резонансқа қарамастан мәселені шешуге асықпаған «AMANAT»-тың Ырғыз аудандық филиалының сылбыр әрекетін де сынға алды.
Еске саларлық, Партияның сайлауалды бағдарламасына еніп, бой көтеріп жатқан нысанның бірі-Шымкент сити шағынауданында орналасқан Конгресс-холл. 5 блоктан тұратын 3 қабатты ғимаратта 2066 орындық көрермен залы, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық баспасөз орталығы, 148 орындық асхана қарастырылған екен.
Мердігерлердің айтуынша, заманауи талапқа сай салынып жатқан Конгресс-холл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аймақ қоршалып, қауіпсіздік жұмыстары сақталған. Партиялық бақылау бекеті орнатылған.